Қазақ анимациясында қандай түйткіл бар?

Парламент Мәжілісіндегі ЖСДП фракциясының депутаты Наурыз Сайлаубай бүгін қазақ мультфильмі өндірісін дамытуға қатысты күрмеулі мәселелерді атап, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловқа депутаттық сауал жолдады.

Депутаттық айтуынша, кейбір аниматорлар «Кинематография туралы» заңымызда мультфильм өндірісі туралы тармақтың жоқтығына, сол себепті бюджеттен бөлінетін қаражаттың да дұрыс реттелмей отырғанына қынжылады. Мультфильм киноға бөлінетін қаражаттың тасасында қалып қойып отыр екен. Яғни, мемлекеттен бөлінетін қаражаттың 80 пайызы кино еншісінде кетіп, балалар анимациялық фильміне бөлінетін қаражат халықаралық стандарттарға сай келмей жатыр. Сондықтан кино мен мультфильмге қаражатты екі бөлек қарастыру керектігін жеткізді.

Сонымен қатар, еліміздегі бүлдіршіндердің шетелдік анимациялық өнімдерден қандай құндылықтарды бойына сіңіріп жатқанына алаңдаушылық білдірді.
«Бүгінгі таңда шексіз ғаламтор әлемдік нарыққа жол ашып жатыр. Оның аясының кеңдігі соншалықты, өскелең ұрпақ ондағы ақпараттың бәрін талғамай тұтынуда. Мысалы, ютуб желісінен бүлдіршіндер небір анимациялық бейнелерді өздері тауып қарайды. Есесіне, психологиясы қалыптасып үлгермеген олардың тілі шұбарланып келеді. Әліпті таяқ деп білмейтін, ойы бекімеген балалар, тіпті, қай сөз қай тілге тиесілі екенін ажыратпайды. Ойын жеткізу үшін бірнеше тілді араластырып қатар қолданады. Бұл дұрыс па? Республикамыздың аумағында 25 мультканал көрсетілсе, оның 24-і шетелдік арна. «TiJi» мен «Nickelodeon» шетелдік телеарналары анимацияларды қазақшаланғанына бөркімізді аспанға атып қуанып жүрміз. Әлбетте, оның мемлекеттік тілге дубляждалғаны қолдауға лайық, бірақ соның өзі телерна контентінің 30 пайызын ғана құрайды. Сондай-ақ, әрбір ел өнімінде өзінің діліне, мәдениетіне, түсінік-танымына сай дүние ұсынады. Сәйкесінше, қазір балалардың лексиконында шетелдік мультфильмдерінің кейіпкерлері идеалға айналды. Демек, қазақ анимациясы әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті бола алмай жатыр ма?», - деді Наурыз Сайлаубай.

Мысалы, былтыр Димаш Құдайберген прототипімен мультфильм түсіргісі келген аниматор Ғали Мырзашев мемлекеттен қаржылай қолдау таппай қойыпты. «Сондықтан Ғали Мырзашев осы салаға дем беретін бұрынғы «Союзмультфильм» сияқты «Қазақмультфильм» деген жеке киностудия құру маңыздылығы туып тұр, әрі «Балалар анимациялық фильмін қолдау қоры» болғаны абзал деген ұсынысын айтып отыр. Оған алып қосарым, «Балапан» телеарнасына бәсекелестік тудыратын тағы бір арна қажет-ақ. Аталған телеарнаның контенті 3 жастан 10 жасқа дейінгі балаларға арналған, ал 3 жасқа дейінгілер назардан тыс қалып жатыр. Осы кішкентай көрермендерімізге жеңіл әрі түсінікті болатындай қазақ тілді анимациялық мультфльмдер көбірек түсіріліп, ютуб желісіне қолданысқа берілсе екен дейміз», - деді депутат.

Искакова Нұрсұлу, Астана қаласы

Смотрите также: