Қазақ мультфильміне ақша жетпей жатыр

Біз балаларымызға қандай тәрбие беріп жатырмыз? Қазір әлеуметтік желінің дамып тұрған кезеңі. Әрбір баланың қолында смартфон, оған үңілген бала орыс және ағылшын, тіпті өзге тілді мән-мағынасы жоқ мультфильмдерді көз алармастан көруде. Баламның жанына отырып не айтылады, не тәрбие береді екен деп қарасам ашушаңдыққа, төзімсіздікке, салғырттыққа, тіпті өз тілімізде емес өзге тілді тез меңгеруіне жетелеуде.

Баламның ойын басқа арнаға бұрып, қазақ мультфильмдерін, қазақ тілді қойылымдарға жетектейін десем, бізде жоспарды орындай салайық деген ниетпен мультфильмдер қалай болса солай түсірілуде. Бұның арғы жағын зерттеп қарасам, режиссерлердің ертегі оқып, аңыздардың шығуына зер салмауында екен.

Елімізде мықты аниматорлар мен сценарист жастар өте көп. Солардың бірінен сұқбат алып, қазақ мультфильмдері мен балаларға арналған бағдарламалардың көптеп түсірілуіне не кедергі екенін сұрасам, ауызбіршілік жоқтығын және бөлінген қаражат тиісті жерге жете алмай, орта жолдан опырып қалатынын айтты. Нағыз еңбек – осы аниматорлардың жұмысы. Алайда жырым-жырым болған қаражат қазақ ертегілерінен, аңыздарынан қысқа метражды мультфильмнің шығуына тұсау болып отыр.

Раушан Дәулетқызы, мақала авторы.

Біздің елдің болашағын ойлайтын осы балаларымыз, алайда соларға арналып тәрбиелік мәні бар, салт-дәстүрге негізделген, құндылықты әдемі нақышпен келтіре алатын қазақ мультфильмдері шықпағаны өзекті өртейді. Бұл саланың мамандарының айтуынша, идея жетеді, мультфильмнің заманауи форматын жасауға команда да бар, бірақ режиссерлар балаларға жаны ашып, әдемі, құнды дүние жасауға құлықсыз.

Қазақ мультфильмдерін қазір қолға алмасақ, ертең нағыз зомби, робот балалар өсіріп, сан соғып қалмаймыз ба деген ой мазалайды. Осы салада мектеп ашып, ары қарай белсенді жұмыс істеуге өз басым дайынмын, тек мемлекеттен қолдау көрсетілсе болғаны.

Раушан Дәулетқызы,

көп балалы ана, "Балалардың тілім дамыту және

смартфоннан алшақтату" бойынша орталықтың директоры

Смотрите также: