Қазақстандағы мемлекеттік сатып алу жүйесі бақыланбай жатыр

Себебі барлық негізгі ведомстволар тек Қаржы министрлігінде шоғырланған, демек бұл жерде «мүдделер қақтығысы» болып тұр.

Парламент Мәжілісіндегі партияның депутаттық фракциясының қатысуымен ЖСДП-ның орталық кеңсесінде өткен дөңгелек үстел барысында сарапшылар мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы жақсарту бойынша ұсыныстар айтты.

Мемлекеттік сатып алу саласы бойынша сарапшы, заңгер Александр Круглов мәселе мемлекеттік сатып алу шеңберіндегі барлық өкілеттікті бір ведомствоға шоғырландырып қойғанын атап өтті.

«Яғни, біздің елде мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті орган – Қаржы министрлігі, әдіснамалық нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету жұмысын Қаржы министрлігінің бөлімшесі Заңнама департаменті жүзеге асырады, мемлекеттік сатып алу саласын бақылауды Қаржы министрлігінің ведомствосы Ішкі мемлекеттік аудит комитеті және оның аумақтық бөлімшелері, департаменттері жүзеге асырады», – деп түсіндірді заңгер.

Бұл мәселелер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен жиындарда талқыланған, алайда Қаржы министрлігі сарапшылардың ұсыныстарын қолдамады. Қадағалау саласын Жоғары аудиторлық палатаның қарамағына берейік деген ұсыныс болған еді.

«Нормативтік қамтамасыз ету үшін жеке ведомство құру қажет, біз оны шартты түрде Мемлекеттік сатып алу агенттігі деп атадық, ол сүйемелдеумен және нормативтік-құқықтық қамтамасыз етумен айналысуы тиіс. Ең бастысы, ол үкіметке емес, республика президентіне тікелей бағынатын болуы керек, ешқандай қысым көрсетілмеуі үшін солай жасаған дұрыс, әйтпесе, өкінішке қарай, бізде қоңырау шалу арқылы мәселе шешу белең алып тұр», – деп атап өтті сарапшы.

Сонымен қатар, құқықтық актілердің сапасының төмендігі, мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндердің сәйкес еместігі мәселесі ерекше көзге түседі.

«Мәселен, қаржылық тұрақтылық бөлігінде өте үлкен қайшылық бар. Қолданыстағы ережелердің 40 тармағының қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқалары әртүрлі. Қазақша нұсқада қаржылық тұрақтылық конкурс және аукцион тәсілімен өткізілетін мемлекеттік сатып алуларға қолданылатыны жазылса, орыс тіліндегі нұсқада қаржылық тұрақтылық барлық мемлекеттік сатып алуға қолданылады дейді. Конституциялық кеңестің мәтіндер сәйкес келмеген жағдайда құқық нормаларын іс жүзінде қолдану мүмкін емес деген ұстанымы бар. Бірақ бізде мұның бәрі іс жүзінде қолданылып отыр», - дейді Александр Круглов.

Сарапшы ұсыныстар әзірлеу үшін Қаржы министрлігінің жанынан ғылыми-консультативтік кеңес құру қажет және оған сарапшыларды қосқан жөн деп санайды.

Сарапшылар мемлекеттік сатып алу саласына қатысты техникалық сұрақтарды да талқылады, оған ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Еран Сейітов жауап берді.

ЖСДП баспасөз қызметі

Смотрите также: