Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды мәселе

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ай сайын азық-түлік бағасына мониторингтік сараптама жүргізіп тұрады. Онда еліміздегі баға ауытқулығындағы өзгерістерді бақылап отырамыз. Осы баға тұрақсыздығының кесірінен ел тұрғындары табысының жартысына жуығын азық-түлікке жұмсайды. Мұны Picodi.com сарапшылары да растайды. Онда еліміз әлемдегі азық-түлік бағасы қымбат 105 елдің арасында 99-орынға тұрақтаған. Үкімет «Ұлт жобасы» секілді азық-түліктің өндіріс көлемін ұлғайтуға арналған жобаларды қолға алғанымен, нарық бағасының құбылуы әсіресе әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ауырлық салуда. Мәселеге орай ЖСДП Қызылорда облыстық филиалы «Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау» жиынын өткізіп, шешім жолдарын талқыға салды.

Іс-шараға қоғам белсенділері, шаруашылық басшылары, партия сарапшылары, мемлекеттік атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.

Өткен жылы Қызылорда қаласындағы қоқыс полигонында шіріген көкөністің үйіліп жатқанын көрсететін бейнеролик тарады. Кейіннен тонналаған өнімнің «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қоймасынан шыққаны белгілі болды. Жұрт бюджет қаражатына алынған азықтың рәсуә болғанына қапаланды.

Әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда үйлерінде арзан бағамен сатылып, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға үлес қосуға тиіс өнімнің қоқыс полигонында жату себебін сол кездегі басқарма төрағасы Самат Ерниязов басқаша жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, әлеуметтік дүкендерде жарамсыз қалдық қалуы тұрақтандыру қорында да, жеке кәсіпкерде де жиі кездесетін жағдай екен. Төрағаның айтуынша, жою алдында акті жасалып, «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ-дан сынақ хаттамасы алынған. Одан кейін қауіпті тамақ өнімдерін жою жөнінде комиссия құрылып, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, Қызылорда облысы бойынша экология департаменті, қалалық полиция басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен жою жөнінде шешім қабылданыпты. Осыдан кейін ғана қоқыс полигонында жойылған.

Мұны айтып отырған себебіміз, «Байқоңыр ӘКК» АҚ – мемлекет пен жеке кәсіпкерлік арасындағы келісімді жасау арқылы азық-түлік қауіпсіздігіне жауапты ұйым. Оның міндетіне аймақта өндіріс құру және бәсекеге қабілетті өндірісті жаңарту, басымдық берілетін сала кластерін дамыту қадамы жатады. Алайда азық-түлік жыл сайын қымбаттаған шақта жауапты мекеменің жауапсыз жұмысы «Байқоңырдың» тиімділігіне күмәнмен қарауға итермелейді. Себебі мекеме азық-түлік алу үшін бюджеттен қомақты қаржы алғанмен, нәтиже аз. Осыны ескерген Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткен жылы «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасын қызметінен босатты.

«Кие, кепиет дегеннен қорықпайтын мына қылықтарыңызды ақтап алатын ешқандай сөз жоқ. Бұл әрекеттеріңізге наразы жұртқа не айтарымызды білмей отырмыз. Мәселенің бұрыннан бар екенін біле тұра, қоймадағы өнімдерді басқа мақсатқа пайдалану жолдарын іздемеу, 126 тонна өнімді шірігенше ұстап отыру – елдің жағдайына жаны ашитын адамның тірлігі емес. Бұл сіздің басшы ретінде жұмысты тиісті деңгейде үйлестіре алмағаныңызды көрсетеді. Базардағы бағаның күннен-күнге аспандап бара жатқанын біле тұра, жүздеген тонна өнімді жарамсыз қылған тірліктеріңізге көз жұма қарай алмаймыз. Сізге біздің арамызда орын жоқ», – деген-ді әкім Н.Нәлібаев.

Айтып өткеніміздей, аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі жолы – «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жұмысын жүйелеу. Өйткені жергілікті билік тұрақтандыру қорына арналған қаржының денін осы мекемеге береді. Ал миллардтаған теңге алған «Байқоңыр» өзінің әлеуметтік дүкендері мен жеке кәсіпкерлердің сауда нысандарына арзан азық-түлік жеткізуге міндетті еді.

Бұл жүйе қазіргі таңда да жалғасуда. Мысалы, өткен жылы «Байқоңыр» ӘКК» АҚ Қызылорда қаласының және үш ауданның кәсіпкерлеріне 1 млрд 608 млн теңге қарыз берген. Ал биыл қаңтарда «Байқоңыр» корпорациясы мен «РЗА-сүт» ЖШС арасында миллиардтаған теңгеге қарыз шарты жасалды. Қарыз шарты негізінде жергілікті тауар өндіруші «РЗА-СҮТ» ЖШС 171 тонна пастерленген сүт (2,5%), 171 тонна айран (2,5%), 17 тонна сары май, 17 тонна сүзбені 2024 жылдың аяғына дейін қаламыздағы 35 әлеуметтік дүкен мен 10 ірі сауда үйіндегі әлеуметтік бұрыштарға жеткізеді. Тұрғындарға 2,5% сүт – 360 теңгеден, 2,5% айран – 420 теңгеден және 5-9% сүзбе – 1760 теңгеден, ал 82,5% сары май 3550 теңгеден сатылады.

«Корпорацияда 37 әлеуметтік дүкен бар. Оның екеуі жеке кәсіпкерлерге сиыр етін белгіленген бағада сату үшін берілген. Қалған 35 дүкен кәсіпкерлік нысандарына өтеусіз пайдалануға беріліп отыр. Қызылорда қаласынан наубайхана иелеріне тұрақтандыру қорынан бірінші сортты бидай ұны 128 теңгеден беріліп, наубайханадан 1 бөлке нанның бағасы 85 теңгеден сатылуы жөнінде келісім жасалып, хаттама дайындалды. Тұрақтандыру қорының өнімдері тұрғындарға тиімді бағада ұсынылады», – дейді «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басшысы Ғ.Әбілтай.

Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алдымен «Байқоңырдағы» түйткілді шешу маңызды. Бірінші кезекте азық-түлік сақтау нормаларын бақылау кезек күттірмейді. Тауардың жарамдылығын тексеру үшін арнайы комиссия құру, қалдықты тиімді пайдалану жоспарын әзірлеу керек. Шетелдік тәжірибеде көкөніс қалдықтарын кептіру әдісі арқылы қайта пайдалану жолға қойылған. Облыста да арнайы көкөніс қалдықтарын кәдеге жарататын бағдарлама немесе корпорация жанынан шағын өндіріс орнын құру маңызды. Бұл орайда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті өкілдері және эколог мамандармен ғылыми кеңес құру нәтиже бермек. Сол арқылы қоймадағы өнім қалдығын 60-80 пайызға дейін қысқартуға жол ашылмақ.

Екіншіден, «Байқоңыр» арқылы алынатын азық-түлікті әртараптандыру қажет. Оған қоса, маусымдық жеміс-жидек, көкөністердің сатылымы мен өнімі туралы алдын-ала мониторинг құру өзекті. Бұл жаз, қыс айларында кей көкөніс пен жеміс-жидек өнімінің жетіспеушілігін болдырмауға әрі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға септеседі. Сол арқылы қай ауылшаруашылығы кәсіпкерлерімен келісімшартты көбейту қажетін сараптауға болады.

Соңғы нұсқа – жыл соңына дейін әлеуметтік дүкендер санын 50-ге жеткізу. Аталған дүкендер қаланың шеткері аймақтарына әрі аудан орталықтарына салынса, тауар тапшылығын жойып, нарықтағы баға саясатына әсер ететіні сөзсіз.

Қазір ірі қалалар маңында арнайы экономикалық аймақтар құрылған. Ондағы кәсіпкерлер қаладағы сауда нысандарын азық-түлікпен қамтамасыз етіп, азық-түлік сақтайтын қойма жұмысын жүйелейді. Міне, осындай озық тәжірибені негізге ала отырып, мұндай үлгідегі экономикалық аймақты Қызылорда облысында да жасауға болады.

Бұл идеяны жүзеге асыруға облыс әлеуеті жеткілікті. Мәселен, Қызылорда облысында әзірге арнайы экономикалық аймақ жоқ, бірақ индустриялық аймақ бар. Аймаққа бөлінген 521,9 га жердің 204,2 га жері ғана игеріліп, 300 гектардан астам жер бос жатыр. Бос жатқан бөлігіне жылыжай және азық-түлік қоймасы бой көтерсе, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жеткілікті. Ол үшін азық-түлік өнімін өндіретін кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында субсидия, грант көбірек бөлінсе, мәселе шешілмек.

Осы мақсатта Қызылорда қаласы әкімдігі Белкөл кентінде арнайы индустрия аймағын құру мәселесі көтеріліп жатқанын айтты. «Байқоңырдың» басшысы Ғ.Әбілтай да корпорация меншігіндегі үлкен аумаққа да бірнеше қойма салу жоспарда бар деп отыр.

Мұндай тәжірибе өзге облыстарда белсенді жүргізілуде. Мысалы, Жамбыл облысында жалпы сыйымдылығы 247,7 мың тонна болатын 244 қойма жұмыс істейді екен. Оның ішінде сыйымдылығы 56,2 мың тонна 84 қойма мұздатқышпен жабдықталған. Маусымаралық кезеңде, яғни қаңтар-сәуір айларында 51,8 мың тонна көкөніс өнімін жұмыс істеп тұрған қоймаларда сақтауға толық мүмкіндік бар. Ал Қызылорда облысында санаулы ғана сақтау қоймасы бар. Оның өзінің көпшілігі ескі технологиямен салынған, көбінің тозығы жеткен.

Облыстағы ірі шаруашылық құрылымдары да қойма нысанын салуды тиімді жолға қойған. Кәсіпкерлік сектордағы «Шаған Жер», «Таң ЛТД», «Абай-Дәулет», «Жан-Арай» серіктестіктері сапа жүйесіне, тамақ өнімдері қауіпсіздігі менеджментіне сәйкестік сертификаттарды басшылыққа алады. Олардың өнімдері сырт елдерге экспортталатын болғандықтан, азық сақтайтын қоймалары да бар.

Бұлардың ішіндегі ең ірісі – «Жан-Арай» көпсалалы агроиндустриялық кешені. Екі жыл бұрын ашылған. Жаңақорған ауданының Қожамберді ауылдық округінде орналасқан нысанда 1500 тоннаға есептелген көкөніс қоймасы бар. «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашқан меценат Бақдәулет Махашов жергілікті 200-дей азаматты жұмыспен қамтыған.

«Аймақ экономикасына, ауыл шаруашылығындағы өнім қорын ұлғайтуға мүмкіндік беретін ірі кешенді елге табыстап, туған жерге тарту жасадық. Агроиндустриялық кешен өңірдегі азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтауға, өңір тұрғындарын өз өнімімізбен қамтамасыз етуге және көрші облыстардан жоғары бағада келетін көкөніс көлемін азайтуға мүмкіндік береді», – дейді меценат.

Кешен аумағында 50 гектар алма бағы, қызанақ өндіру, өңдеу, сату қоймасы, сондай-ақ, мейрамхана, қонақүй, соңғы үлгідегі көкөніс қоймасы және басқа да қажетті қызмет көрсету нысандары бар. Қызылорда қаласында құрылысы жүріп жатқан Aray Food ЖШС-нің 4 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы жазға салым пайдалануға берілмек.

«Қажетті құралдары жеткізіліп жатыр, жұмысты толықтай көктемде бітіруді жоспарлап отырмыз»,– дейді серіктестік директоры Мұрат Айменов.

Ал Шиелі ауданында көкөніс, бақша дақылдарын сақтайтын қойма жоқ. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жобалық құны 170 млн теңге, сыйымдылығы 700 тонна болатын көкөніс сақтау қоймасын ашу жоспарланып отыр. Жоба іске асқан жағдайда 14 адам жұмыспен қамтылмақ. Бүгінгі таңда көкөніс қоймасында монтаждау және салқындатқыш құрал-жабдықтар орнату жұмысы жүргізіліп жатыр екен.

Екі жыл бұрын Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентіндегі өндірістік аймақта жеміс-жидек сақтайтын қойма ашылған болатын. Солтүстік аудандарда азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 500 тонна көкөніс пен жеміс-жидек сақтайтын қойманы «АгроОптСервис» ЖШС салған. Өкінішке қарай, қойма уақытша жабылып қалыпты. Иесі, жеке кәсіпкер Бекболат Бибалаевтың айтуынша, қоймада сақталған көкөніс пен жеміс-жидек халыққа базар бағасынан 10-15 пайызға төмен бағада сатылып, Түркістан, Шымкент, Ресей, Түркия мен Польшадан тасымалданған бақша өнімдері шалғайдағы ауылдарға да жеткізілген. Бірақ тиімді сауда-логистика инфрақұрылымын жасауға уәде берген жергілікті әкімдік уәдесінен тайқып кетіп, соның салдарынан жаңа қойма жабылып тыныпты. Қайтадан іске қосу үшін инфрақұрылым мәселесін шешу қажет.

Осы орайда, қойма тапшылығы шаруаларға кедергі келтіріп тұр. Олар қойма жетіспегендіктен, азық-түлік өнімінің көлемін арттыра алмай отыр. Соның салдарынан жыл сайын облыста азық-түлік тапшылығы мен қымбатшылық орнап келеді. Ал сауда орнындағы кәсіпкерлер өнімді өзге облыстан әкелуге мәжбүр. Бұл да бағаға ықпал ететіні анық. Сондықтан мемлекет пен кәсіпкерлер арасында меморандум жасалып, инфрақұрылым мәселесін шешу өзекті. Жергілікті әкімдік қай ауданда қойма жетіспейтінін саралап, мемлекеттік бағдарламаларға қосуды назарға алса дейміз. Оған қоса, кәсіпкерлермен келісім аясында қойманы жалдау құнын да түсіру пайда бермек.

Облыс әкімі де 2025 жылға дейін облыс бойынша көкөніс сақтау қуатын 21 мың тоннаға дейін жеткізуіміз керек деген болатын. Бұл салада ауыл шаруашылығындағы инвестициялық субсидиялау тәртібіне сәйкес 1 мың тоннадан басталатын картоп-көкөніс сақтау орындарын салу, кеңейту шығындарының 50 пайызын мемлекеттің өтеуі қарастырылған. Бұл – үлкен мүмкіндік.

Үкіметте өткен азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша кеңесте премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин облыстар арасында көкөністер мен өнімдерді жеткізу бойынша тиімді байланыс жолға қойылғанын айтты. Бұл орайда Қызылорда облысын азық-түлік сақтайтын орталыққа (хабқа) айналдыруға мүмкіндік бар. Бұлай деуімізге себеп – Қызылорда «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күрежолында орналасқан. Оған қоса республиканың оңтүстігі мен батысын жалғастырса, Жезқазған жолы арқылы орталық, солтүстік аймақтарға, тікелей елордаға шаруалар өнімін бұзылмаған күйінде жеткізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Еуропа мен Қытайға дейінгі басып өтетін трансшекаралық дәліз облыс аймағынан өтеді. Бұл да мәселенің оң шешімін табуға ықпал етеді.

Оның үстіне, алдағы уақытта Қызылорда облысы мен Өзбекстанның Науаи облысы арасында төте жол салынуы ықтимал. Бұл туралы былтыр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлаған болатын.

«Екі тарап «Қызылорда – Үшқұдық» автожолы мен теміржол құрылысының жоспарына қол қойды. Жаңа бағыттың ұзындығы 280 шақырым болса, оның 140 шақырымы Өзбекстан аумағы арқылы өтеді. Құрылыс 2025 жылы басталып, екі-үш жылда аяқталады деп жоспарланып отыр», – дейді министрліктегілер.

Болжам бойынша, бұл жол Орталық Азия елдерін Қазақстанның оңтүстік, орталық және солтүстік аймақтары арқылы Ресеймен біріктіреді. Қызылорда – Жезқазған – Павлодар – Ресей шекарасы халықаралық дәлізінің бір бөлігі болады. Өзбекстан жағы да Қызылорда – Үшқұдық жаңа теміржол желісін салуға бастамашы болып отыр. Мұндай хаб транзакциялық шығындарды азайтуға, көлік логистикасының тиімділігін арттыруға және экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қызылорда халқы ауылшаруашылық жәрмеңкесінің тиімділігін біледі. Көктем-күз айларында өтетін жәрмеңкеде азық-түлікті арзан бағада алып, қыстың қамын жасауға дағдыланған. Арзан өнім алудың жалғыз жолы да осы. Сондықтан әкімдік кәсіпкерлерге сауда алаңын ұсыну әрі тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жәрмеңке санын көбейтсе, мәселе сәл де болса жеңілдер еді. Ол үшін ауданнан келетін кәсіпкерлердің өнімінің логистика ақысын өтеп, айына 10 ауылшаруашылығы жәрмеңкесін өткізу шарт. Бұл кәсіпкерлерге өнімін сатуға, сауда орталығын құруға көмектеседі.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің соңғы тетігінің бірі – кәсіпкерлерді қаржыландыру. Бұл ретте шағын және орта бизнеске несие беру кезінде азық-түлік өнімін өндірушілерге басымдық берілсе, халық саны 10 мыңнан асатын ауылдар мен аудан, облыс орталықтары, кенттер маңынан арнайы экономикалық аймақтар құрылса, мәселені оң шешуге көмек.

Кәсіпкер мен мемлекет арасындағы келісімдерді нығайтып, қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несие бағдарламалары аясында жылыжай шаруашылығы, маусымдық бақша дақылдарын егетін шаруаларға қаржылай қолдау көрсетілсе, баға тұрақсыздығын ғана емес, инфляцияны да шешуге болады.

Айта кетейік, еліміздің өзге өңірлерінде жұмыс істеп жатқан экономикалық аймақтардың озық тәжірибесін пайдалануға болады. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында астық қоймасы, Солтүстік Қазақстан облысындағы ет комбинатының құрылыс жобасын назарға алсақ та жеткілікті. Тіпті, көрші Түркістан облысында фермерлер жылыжайларына субсидия беріле бастады. Мұның бәрін Қызылорда облысында да жүзеге асыруға болады.

Облыста да бұл бағытта ілгерілеу бар, бірақ қарқынды жұмыс көрінбейді. Мәселен, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сенсек, өткен жылы жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған 1 526 мемлекеттік грант берілген. Олардың ішінде жануарлар бойынша (ауылшаруашылығы саласы) – 595, құс пен балыққа – 35, көшет пен тұқым алу бойынша 12 грант беріліпті. Бұл орайда мемлекеттік қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несие беруде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына басымдық берген жөн.

Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық, экономикалық, қорғаныс қауіпсіздігінің бір бөлігі. Сондықтан мақалада ұсынылған балама жолдар мәселені кешенді шешуге мүмкіндік беретіні анық. Тек мемлекетпен қатар, түрлі ұйым мен кәсіпкерлер бірлесе жұмыс атқарса болғаны.

Нұрбек Дәуренбеков ЖСДП Қызылорда облыстық филиалы

Смотрите также: