Баланы мектепке дайындауға қанша қаражат қажет?

ЖСДП-ның Қостанай облыстық филиалы жаңа оқу жылы басталмас бұрын, ата-аналарға балаларына қажетті барлық оқу құралдарын, киім-кешек пен аяқ киімді сатып алу үшін қанша ақша қажет болатынын бағалап, зерттеу жүргізді.

1 қыркүйекке дайындық қызу жүріп жатыр. Ата-аналар балаларға мектеп және спорттық киім, аяқ киім және кеңсе керек-жарақтарын сатып алуда. Көптеген отбасылар үшін шығындар айлық бюджеттің үштен бір бөлігін не жартысын құрап отыр.
Көпшілік кеңсе мен мектеп формасын дәстүрлі түрде мектеп базарынан алуды жөн көреді. Бұл жерде өзекті сұрақ көкейде тұрады, баланы мектепке дайындау үшін 40 мың теңге жете ме?

Мысалы, мектеп формасының нарықтағы орташа бағалары мынадай: қыздарға арналған ақ жейде – 5 000 теңге, сарафан – 8 000, белдемше – 5 000, шалбар – 6 000, пиджак – 10 000, күртеше – 8 000, спорттық костюм – 12 000, аяқ киім – 9 000, спорттық аяқ киім – 10 000 теңге. Ал ұлдарға арналған костюм-үштік (күртеше, жейде, шалбар) – 18 000, кардиган – 8 000, аяқ киім – 9 000, дене шынықтыру формасы (ақ футболка мен қысқа шалбар) – 8 000, спорттық киім – 10 000 теңге.

Кеңсе тауарларының құны, әсіресе бастауыш сыныптар үшін қалта қақтырарлық. Егер кеңсе дүкеніне алдын-ала жасалған тізімсіз баратын болсаңыз, қажет емес заттарды сатып алуыңыз ықтимал. Биылғы жылы кеңсе тауарлары бұрынғыдан да қымбатқа түседі. Ұлттық статистика бюросы өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда кеңсе тауарларының бағасы 2023 жылдың шілдесінде 64,4% -ға қымбаттағанын хабарлаған болатын.

Нарықтағы орташа бағалар: рюкзак – 10 мың, ауыстырылатын аяқ-киім сөмкесі – 2000, 12 парақтық дәптердің 1данасы – 35 теңге, 50 дана – 1 750 теңге, күнделік – 550, қалам – 90, қарапайым қарындаш (1 дана) – 40, түрлі-түсті қарындаштар (120 дана) – 700 тг, өшіргіш – 140, ұштағыш – 150, ермексаз-700, ермексаз тақтайшасы -500, қайшы – 400, түсті картон-500, түсті қағаз – 500, акварель бояулары-700, қылқалам (1 дана) – 70 теңге, бояуға арнаған ыдыс -350, альбом-500, есептегіш таяқшалар-600, желім қарындаш – 350, сызғыш (жинақ) – 400, дәптерлерге арналған мұқабалар (25 дана) – 1500, кітап мұқабалары (20 дана) – 1600 теңге.

Жоғарыда келтірілген мәліметтерге сүйенетін болсақ, бір балаға «мектепке кажетті керек-жарақтар» пакеті ата-анаға 90 000-100 000 теңге көлемінде шығын әкеледі. Атап өту керек, 90 000 мың теңге – негізгі шығындарға ғана жұмсалатын қаражат. Мәселен, бұл сомада пәндік дәптерлер, шұлықтар, қыздарға арналған гольф немесе колготки, шашқа арналған бантиктер, күзгі сыртқы киім, маусымдық бас киім мен аяқ киімге жұмсалатын шығындар ескерілмеді.

Айта кету керек, аз қамтылған отбасылардың балаларына мектепке дайындалуға көмек көрсету үшін Қазақстанда «Жалпыға бірдей оқыту» қоры жұмыс істейді. Қостанай облысында 12 280 бала жаңа оқу жылында 40 567 теңге көлемінде материалдық көмек алады. Қордан бөлінетін қаражат кеңсе тауарлары мен мектеп формасын алуға бөлінеді.

ЖСДП Қостанай облыстық филиалы

Смотрите также: