Бейберекетсіз көші-қон

Қыркүйек айында Парламент Мәжілісінің депутаты Наурыз Сайлаубай ішкі көші-қонның бейберекетсіз үдерісін тілге тиек етіп, соның салдарынан мегаполистерде жұмыссыздық, медициналық қызметтің және баспананың қолжетімсіздігі мәселесі туындап, ал шалғай ауылдар қаңырап қалып жатқанына байланысты Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің және Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың атына депутаттық сауал жолдаған болатын. Әлихан Смайыловтың сөзіне сенсек, аталған мәселелерді реттеу жұмыстары атқарылып отыр екен. Жеңіс Қасымбектің де жауабы соған саяды, ал Ерболат Досаевтан бұған қатысты ешқандай хабар жоқ.

Премьер-министрдің жауап хатында: «Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру шеңберінде ерікті өңіраралық қоңыс аударушыларға материалдық көмек, қызметтік тұрғын үйлер немесе жатақханалардағы бөлмелер беру, кәсіптік оқудан өту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Осыдан кейін қоңыс аударушыларға тұрғын үй сатып алу шығындарының (сатып алуға, салуға немесе бастапқы капитал ретінде пайдалануға) 50%-ын өтеуге мүмкіндік беретін экономикалық сертфикат беру көзделген», - деп жазылған.

Ал осы жыл аяқталғанға дейін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 8,6 мыңнан астам адамға (1,9 мың қандас, 6,7 мың қоныс аударушы) жәрдем көрсетілмек екен. Ол үшін 10,1 млрд теңге шамасында қаражат жоспарланған. Қазіргі таңда 6,6 мың адам қоныс аударыпты.

Халық сөзін Парламент қабырғасында айтып жүрген депутат Наурыз Сайлаубай бүгінгі таңда мемлекет ірі мегаполистер мен қалаларға қаптап келіп жатқан жаңа тұрғындарды реттей алмай жатқанын, оған Астана қаласында болған су тапшылығы да дәлел бола алатынын алға тартқан еді.

«Алматылық ересектердің төрттен бір бөлігіне әлеуметтік медициналық сақтандыру қолжетімсіз, 10 қылмыстың 9-ын жұмыссыздар жасайды. Еліміздегі әрбір бесінші жұмыссыз жас азамат Алматыда тұрады. Сол сияқты, Астанаға да көшіп келген көптеген азамат өмір сүруге лайықталмаған саяжай алқаптарында тұруға мәжбүр, ал бұл кейде әлеуметтік қайғылы жағдайларға әкеп соғып жатады.

Еліміздің 8 өңірінде ауыл халқы айтарлықтай азайып бара жатқаны байқалып жатыр. Егер өткен ғасырдың, 60-шы жылдарында еліміздегі урбанизация – өнеркәсіптік индустрияландырумен байланысты болса, қазіргі жағдайда урбанизацияға ешқандай экономикалық негіз жоқ», - деді ол.

Үкімет басшысының жауабына сүйенсек, жұмысқа орналасу көрсеткіштері көрсетілген жұмыспен қамтудың өңірлік картасы бойынша 2023 жылғы 19 қазандағы жағдай бойынша 757,3 мың адам жұмысқа орналастырылған, оның ішінде тұрақты орындарға - 551,1 мың және уақытша орындарға - 206,2 мың адам.

Ал жүргізілген талдау бойынша Алматы қаласында көші-қон өсімі 2021 жылы 27,9 мың адамды, ал 2022 жылы 36,5 мың адамды құрапты. Астана қаласы халқының саны жобалап алғанда 2035 жылға қарай 2,3 млн адамға жетпек.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек жауап хатында Қазақстан Республикасының Үкіметі әкімдікпен бірлесіп, елордадағы көші-қон процестерін шешудің ұтымды әдістерін іздеу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын жазған.

«Қатаң шектеу және тыйым салу шараларын белгілеу көші-қон ағындарын бақылауды шешуге әкелмейді. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, көптеген елдер ішкі мигранттар ағынын реттеудің нарықтық сценарийі бойынша жүріп жатыр, әкімшілік шаралар қажетті нәтижелерге әкелмейді. 2023 жылғы 1 қаңтарда «Агломерацияларды дамыту туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, ол агломерацияны одан әрі дамыту мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының жұмысындағы жүйелік процестерді реттейді. Агломерацияны үйлестірілген дамыту мәселелерін шешу мақсатында Астана қаласы мен Ақмола облысы әкімдіктерінің бірлескен қаулысымен Жергілікті агломерация кеңесі құрылды. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда», - дейді Астана қаласының әкімі.

ЖСДП баспасөз қызметі

Смотрите также: