Бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астанада әйелдердің еліміздегі саяси өмірге белсенді араласуына арналған диалог-кездесуін өткізді.
Еркін форматтағы отырысқа Парламент Мәжілісінің депутаттары Ажар Сағандықова, Нұргүл Тау, Н. Әуесбаев, сондай-ақ, үкіметтік емес ұймдардың белсенді азаматшалары мен партия белсенділері қатысты. Жиынды ашып сөз алған депутат әрі ЖСДП-ның Әйелдер қанатының жетекшісі Ажар Сағандықова әйелдің бүгінгі уақыттағы рөліне тоқталды. «Біздің қоғамда қандай да бір саяси партияның құрамына енген және ғаламдық саяси мәселелермен айналысатындарды ғана саясатта жүрген әйел деп тануға болады деген ұғым қалыптасып кеткен. Бірақ ЖСДП-ның әйелдер қанатының пікірінше, үкіметтік емес секторда да, бастамашыл топтардың ішінде жүргенін де, еліміздің болашағына алаңдап, түйткілдерді шешіп жатқан барлық азаматшаны саясаттағы әйелдер санатына жатқызуға болады», - деді ол.
Өз кезегінде, депутат Нұргүл Тау да еліміздің дамуына әйелдер сүбелі үлес қоса алатынын атап өтті. «Парламентке келгеніме екі ай болды, сонда жүріп елдегі көптеген мәселелерді қозғап жатырмыз. Осы уақыттың ішінде байқағаным, әйел азаматтар бар жерде тыныштықтың, бейбітшіліктің лебі еседі. Әйел өзін бақытты сезінген жерде тыныштық болмақ. Жалпы, бұл тұрғыда Жаңа Қазақстанда үлкен бетбұрыс бар», - деді халық қалаулысы.
Диалог алаңына қатысып отырғанына ризашылығын білдірген Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығының төрайымы Жәмилә Ерназарова еліміздегі азаматшалардың әлеуетін арттыруға назар аударды. «Біздің қауымдастық еліміздегі әрбір әйелдің кәсіби түрде дамуына тегін көмектеседі. Мұнда олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырамыз. Ол үшін халықаралық тәжірибелерді де қолданып жатырмыз. Есесіне, жас қыздарымызға біздің елде әйелдер де өзін тұлға ретінде жетілдіре алатынын, ол үшін қазір барлық жағдай жасалғанын, өз әлеуеті мен ресурсын пайладалану арқылы дамуына мүмкіндік барын көрсетудеміз», - деп ойымен бөлісті.
Жалпы, әлемде әйелдердің рөлі үлкен екенін айтқан партиямыздың Астаналық филиалының төрағасы Талғат Омаров еліміз тәуелсіздік алып, социализмнен капитализмге өтіп, бүкіл халық болып есеңгіреп қалған жылдары нәзік жандыларымыз асқан қайраткерлік танытқанын еске алды. Жан бағу үшін әрі бала-шағаның қамын күйттеп ала сөмке арқалаған азаматшаларымыз ел экономикасына қан жүгіртуге барынша үлес қосқанын айтты. «Біздің партия үнемі әйелдер мен жастарды ынталандырып отырады. Бұл мақсатта Әйелдер қанаты мен Жастар қанаты жеке-жеке ашылған. Мәселен, бізге баласына психологиялық көмек сұраған аналар келіп тұрады. Әйелдердің көңілі балада ғой, сондықтан олардың уайымға салынуына жол бермес үшін тәулік бойы онлайн режимде психологтан тегін кеңес алуына мүмкіндік беретін платформа болуы тиіс. Сол жерден кез-келген уақытта психолог көмегіне жүгіне алуы керек», - деген ұсыныс айтты.
Депутат Ажар Сағандықова әйелге демеу жасайтын ерлердің де маңызы зор екенін ескере кетті. «Әрбір әйел өзінің нәзіктігін жоғалтқысы келмейді, әрине. Ер азаматтарымыз бізге қамқор болғанын қалаймыз. Алайда ылғи бұлай бола бермейді. Бірақ менің партиямда адал жақтастарымның барына қуанамын, бүгін мен солардың қолдауының арқасында Мәжілістен орын алып отырмын», - деп ағынан жарылды. Ел басқару ісіне әйелдердің де араласқаны дұрыс деген пайымын жеткізген ЖСДП-ның Жастар қанатының жетекшісі Мақсұт Насибулов: «Баласына қамқор болған әйел Отанын да қорғауға мол үлес қоса алады», - деді жиын соңында.
ЖСДП-ның баспасөз қызметі