Бүгін депутат Наурыз Сайлаубай «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде бөлінген қаражаттың игерілмей қалғанын және 827 радиотелевизиялық станцияның 561-і ғана іске қосылғанын айтып, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліден жоба туралы нақты ақпарат беруін сұрады.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 3,6 млрд теңге сомасына цифрлық, эфирлік телерадио хабарларын тарату желісін салу көзделген болатын. Бұл жұмыстың мерзімі 2020 жылғы желтоқсанда аяқталуға тиіс. 1,5 млрд теңгеден астам қаражат игерілмей қалды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 827 радиотелевизиялық станцияның (бұдан әрі – РТС) 561-і ғана іске қосылды. Жобаны іске асыру 6 облыста – Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында аяқталған жоқ.
Бұл дегеніміз 1174 елді мекенді РТС-пен қамту. Өкінішке қарай, Министрліктің 2022 жылғы есептерінде бұл жобаның одан әрі іске асырылып жатқаны туралы айтылмаған. Былтыр бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды және бүгінгі жағдайы қандай?», - деп министрге қайырылды депутат Наурыз Сайлаубай.
Цифлық-эфирлік хабар тарату бойынша жүйелі жұмыстар жүріп жатқанын алға тартқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің сөзінше, жоғарыда аталған облыстардағы 1300 елді мекен телерадио хабар тарату станциясымен қамтамасыз етілген.
«Жаңа сіз айтып өткен сандарға түзету енгізуге болады. Шығыс Қазақстан облысында тағы да 6 РТС салынды, қазір барлығы – 567 РТС. Жалпы 154 РТС пайда болуы керек, жыл соңына дейін 81 РТС салуға дайынбыз. Айта кету керек, 2018 жылдан бері бұған республикалық бюджеттен ешқандай қаражат қарастырылмаған. Барлығы «Қазтелерадио» мекемесінің ішкі қаражаты есебінен салынып жатыр. Біз 106 РТС-ты алып тастау бойынша ұсыныс бердік, өйткені экономикалық жағынан тиімсіз болды. Бұған қатысты қазір тиісті сметалық құжаттар әзірленуде. Жалпы, жоба келесі жылы аяқталады», - деді Дархан Қыдырәлі.
ЖСДП Баспасөз қызметі