Өткен айда депутат Асхат Рахымжанов Премьер-министр Әлихан Смайыловтан көліктен алынатын утилизациялық алым мен бастапқы тіркеу ставкасын азайтуды сұраған болатын. Алайда Әлихан Смайылов утильалымының қосымша ставкасын одан әрі төмендетуді орынсыз деген жауап қайтарып отыр. Ал бастапқы тіркеу ақысы, оның пайымынша, ескі және экологиялық таза емес көліктерді әкелуді реттеудің тиімді механизмі екен.
Бірнеше жыл бойы біздің партиямызға утильалым жүйесін сынаған азаматтардың шағымдары келіп түскен еді. Сондықтан Асхат Рахымжанов бұл мәселені Парламент қабырғасында тарқатып айтты.
«Утильалым мен алғашқы тіркеу енгізілген сәттен бастап жеңіл көлік паркі 4 млн-нан 3.7 млн-ға дейін азайды, көліктің орташа жасы 12 жастан 21 жасқа дейін өсіп кетті, адамдардың көлікке қолжеткізу деңгейі мың адамға шаққанда 251-ден 197-ге дейін төмендеді, ал 10 жастан асқан автомобильдердің үлесі 59%-дан 65%-ға дейін өсті. Біздің елде күнкөріс деңгейі орташа және орта таптан төмен қоғамның көп бөлігіне қолжетімді бағадағы автокөлік алу мәселеге айналды», - деді депутат.
Оның айтуынша, елімізде қазір жылына 90 мыңға жуық отандық автокөлік өндіріледі, оның 10 мыңы мемлекет беретін субсидиялар мен экспорттық несиелер арқылы экспортқа жіберіледі. Яғни, ішкі нарықта отандық өндірістен шыққан 80 мың автокөлік қалады. Сондай-ақ, нарыққа орта есеппен 15 мыңға жуық жаңа автомобиль кіреді, негізінен Toyota мен премиум брендтер (BMW, Mercedes, Land Rover және т.б.). Оған қоса, сырттан орта есеппен 15 мыңға жуық пайдаланылған автомобиль әкелінеді. Ендеше ішкі нарықта барлығы 110 мың автомобиль сатылады, оның ішінде елімізде құрастырылған көліктің саны басым.
Бұл уақытта Ресейде автокөлік жүргізетін саны мың адамға шаққанда 231-ден 316-ға дейін өскен, ал ондағы автопарктың орташа жасы 14 жасты құрайды.
Біздегі тапшылықты жаңа көлік бағасының айтарлықтай қымбаттауы және ішкі қайталама нарықта бағаның тізбектеліп өсуі туғызып отыр.
Жаңа көлікке қажет жартылай өткізгіштердің жаһандық тапшылығы, сондай-ақ Қытай мен Ресейден әкелінетін көліктердің кешіктірілуі мен жеткізілмей қалуы жағдайды күрделендіре түсуде. Соңғы 6 жылда бір маркалы жаңа автомобильдердің бағасы 3 есеге дейін өсіп кеткен. Қайталама нарықтағы баға мен көлік түрлерінің азайғаны көрші елдерге қарағанда нашарлады. Нәтижесінде, адамдар ЕАЭО шеңберінде шетелдік нөмірі бар ескі көліктерді уақытша әкеле бастады. Бұл үдерісті қолжетімді көліктер әкелуге кедергі боп тұрған тосқауылдарды алып тастау ғана тоқтата алады.
«Утильалым, көлікті бастапқы тіркеу, Қазақстандағы қауіпсіздік сертификаты (техрегламент) дегендер автоөнеркәсіптің мүддесі үшін ойлап табылған. Бағасы да қымбат болып тұр. Егер Еуропадан немесе АҚШ-тан 7 жасар (Еуро-4, Еуро-5) сапалы автокөлікті елге әкелсеңіз, оның бағасы кедендік рәсімдеуден өтіп, барлық алымды төлегеннен кейін, әрі қауіпсіздік сертификатын алған соң 2 еседен көп қымбатқа түседі. Мысалы, Қазақстанға жеткізілетін автомобильдің құны 4 млн теңге болса, Toyota Camry-ды алайық, онда кедендік рәсімдеу мен алымдардан кейін оның бағасы 10 млн-ға шығып кетеді. Сондықтан сырттан көлік әкелу тиімсіз», - деді депутат .
Утилизациялық алым бүкіл әлемде бірдей қолданылмайды. Еуропа елдерінде біздегіден он есе төмен, ал халқының табыс деңгейі бірнеше есе жоғары. Көрші елдер арасында утильалым Ресейде, Беларуссияда және 2021 жылдан бастап Өзбекстанда енгізілген. Грузияда, Молдовада, Украинада, Моңғолияда, Қырғызстанда, Арменияда, Әзірбайжанда мұндай жоқ. Бұл ретте біздің елде утильалымды 100 мыңға дейін төмендету арқылы халықтың барлық тобы үшін автопаркті жаңартуға болады.
«Бастапқы тіркеу ақысы бұл жерде автоөнеркәсіптің мүддесі үшін енгізіліп отыр. Оның мөлшері 2 жасқа дейінгі көлік үшін – 0,25 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), 2 жастан 3 жасқа дейін – 50 АЕК, ал 3 жастан асқан авто үшін – 500 АЕК болды, 2022 жылы бұл 1 518 000 теңгені құрады. ТМД елдерінде және бүкіл әлемде алғашқы тіркеу деген ұғым жоқ.
Егер елімізде тосқауыл болатын алымдарының мөлшерін минимумға дейін төмендетсе, онда азаматтарымыз шет елдерден жақсы көліктер әкеле алар еді, әрі автопарктер жаңа көлікпен толығады және халықтың, шағын және орта бизнестің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсартады, сондай-ақ бюджетке түсетін түсімдерді ұлғаяды», - деп пайымдады Асхат Рахымжанов.
Сондықтан депутат ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығына өзгерістер енгізу арқылы утильалымды – көлік ставкаларын 100 мың теңгеге дейін арзандатуды, бастапқы тіркеуді – Салық кодексіне өзгерістер енгізу арқылы 3 жастан 8 жасқа дейінгі көлік алымының ставкасын 20 мың теңгеге дейін түсіруді, Қауіпсіздік сертификаты (техрегламент) – «ЭВАК» батырмасын орнатқаны және сертификаттағандығы үшін салынатын төлемақылардың мөлшерін бұрынғыдай 50 мың теңгеге дейін төмендетуді сұрады.
Бірақ премьер-министр бізге берген жауабында бұл ұсыныспен келіспей отыр.
«Көліктерге қатысты утильалым 2016 жылы Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік сауда ұйымына (бұдан әрі – ДСҰ) кіргеннен кейін және жаңа автомобильдерге импорттық кедендік баж салығы 30-дан 15%-ға дейін, сондай-ақ, пайдаланылған автомобильдерге 48-ден 15%-ға дейін төмендегеннен кейін енгізілді. Ол көліктердің әр санатындағы осы баждың төмен сомасымен есептелді. Осылайша, нарықтағы тарифтік шарттар өзгерген жоқ. Утильалымнан түскен қаражатты пайдалану шеңберінде жеңілдігі бар автонесиелеуді қаржыландыруға, автобус паркі мен ауыл шаруашылығы техникасын жаңалауға арналған бағдарламалар іске қосылғанын, сондай-ақ, утильалым көлік өндірісі саласына елімізде инвестиция тартуға қолайлы жағдай сақтау мақсатымен Қазақстан ДСҰ-ға кіргеннен кейін арзандатылған кедендік баждарды реттейтін тарифтік шара ретінде пайдаланылатынын ескере отырып, утильалымның қосымша ставкаларын одан әрі төмендету туралы ұсыныс орынсыз», - деп жауап берді.
Сонымен қатар, үш жастан асқан автомобильдерге қатысты бастапқы тіркеу құнын арзандатуды да орынсыз деп санайтынын жеткізді.
ЖСДП Баспасөз қызметі