Депутаттық сауал Ауыл шаруашылығы министрі Е.Ш. Қарашөкеевке, Бас прокурор Б.Н. Асыловқа, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы М.Е. Абылқасымаға

Депутаттық сауал

Ауыл шаруашылығы министрі Е.Ш. Қарашөкеевке,

Бас прокурор Б.Н. Асыловқа,

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы М.Е.Абылқасымаға

Біздің партия соңғы төрт жыл бойы ауылдардағы проблемалар бойынша бүкіл елді нанмен қамтамасыз етіп отырған Қазақстанның солтүстік өңіріне үнемі барып отырды. Мұнда мәселе әртүрлі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және басқа да меншік нысандарының қатысушылары болып табылатын ауыл тұрғындарына, шартты жер үлестерін ұстаушыларға (пайшыларға) қатысты.

Барлық жағдайда біз бірінен-бірі аумайтын үлгіні көреміз. Пайшылар өздерінің шартты жер үлестерінсіз қалып отыр. Бұл ретте алаяқтар халықты тонап жатқанда, жергілікті билік үнсіз бақылап отырған.

Пайшы ауыл тұрғындары өз жерлерімен ЖШС құрамына кірген және олардың барлығына серіктестіктен 5%, әрі кетсе 10% үлес берілген. 12-20 гектар жері бар пайшы бір бөлке нанның құнына тең үлеске ие болған. Ал «Шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Заңда 23-баптың 4-тармағына сәйкес қатысушылардың үлесін бағалауды кәсіби бағалаушы жүргізуі белгіленген.

Серіктестік үлесінде жер телімі 100 теңгені құрайды, ал кредит алу үшін қаржы институттарына кепілге қойылған кезде осы жерлер миллиондаған, кейде миллиардтаған теңгеге бағаланды.

Тіпті пайшылардың келісімінсіз жерлер кепілге жиі салынғанын атап өткім келеді. Ал ауыл тұрғындарының серіктестіктер басшылығының заңсыз әрекеттері туралы өтініштеріне прокуратура біз субъектінің шаруашылық істеріне араласуға құқығымыз жоқ деген сырғытпа жауап жазумен айналысқан. Ал ауыл тұрғындары шаруашылық істерге араласуды емес, жерлердің заңсыз кепілінің басын ашып беруді сұраған.

Қайтыс болған адамдар мен әрекетке қабілетсіз адамдардан да шартты жер үлесіне құқықты иеленуге, пайдалануға және иелік етуге сенімхат алынған жағдайлар да болған. Пайшылардың салымдарын бағалау кезінде серіктестіктердегі жағдай түбегейлі өзгеретін еді және ЖШС-дегі пайшылардың үлесі 5-10% емес, 95-99%-ды құрайтын еді. Нәтижесінде осының барлығы серіктестіктер басшылығына ақшаны мақсатына орай емес, қалай болсын солай бақылаусыз жұмсауға мүмкіндік берді.

Бір жағынан, пайшылар заңды түрде серіктестіктердің құрамына кіруі тиіс еді, екінші жағынан, заңда олардың құқықтары шектелмейтіні де көзделген. Атқарушы және қадағалау органы өз функцияларын орындамады, соның салдарынан ауыл тұрғындарының кедейлене түсуі орын алуда.

Ауыл тұрғындары өздерінің жер пайдалану құқығымен ЖШС құрамынан шыққысы келетін кез де жетті, бірақ басшылық ауылдастарының басым көпшілігінің сауатсыз екенін пайдаланып, құрамынан шығармай отыр. Дегенмен, «Шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Заң бойынша және Жер кодексінің нормаларына сәйкес өтініш білдірген ауыл тұрғынының өтініші қанағаттандырылуы керек.

ЖҰСДП фракциясы мынаны ұсынады:

  • Бас прокуратура өңірлік прокурорларға пай жерінің нақты ауданын, пайшылар санын анықтау тұрғысынан жер қорына тексеру жүргізуді тапсырсын. Шартты жер үлестерінің кепілге заңсыз қойылуы мен жоғалуын, кәсіпорындар құрамынан шығуға кедергі келтіруді, пай дивидендтерінің төленбеуін айқындасын. «Шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Заңның 23-бабының 4-тармағына сәйкес қатысушылардың салымдарын кәсіби бағалаушыға бағалатпаған серіктестіктердің басшыларын жауапқа тартсын.

  • Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейдегі банктер берген кредиттерге кепілді ауыл тұрғындарының шартты үлестерін және жер пайдалану құқығын қоюмен қамтамасыз етудің заңдылығы тұрғысынан ревизия жүргізсін.

  • Ауыл шаруашылығы министрлігі банктерге кепілге салынған және үшінші тұлғалар аукциондар арқылы немесе басқа тәсілдермен сатып алған, ауыл тұрғындарына мемлекеттен уақытша пайдалануға 49 жылға берілген шартты жер үлестерін жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін қайтару тетігі бар ма деген сұраққа жауап берсін.

Құрметпен, Жалпыұлттық социал-демокартиялық партиясы фракциясының депутаттары

Смотрите также: