Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова Оралда әлеуметтік қызмет алушылармен, атап айтқанда ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-аналарымен, көп балалы отбасылармен және жалғыз басты аналармен кездесті.
Орал тұрғындары депутатпен кездесуде мемлекеттік органдардың бұл бағыттағы ақпараттандыруының төмендігі мен психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиялар қызметінің ашық болмауына шағымданды.
Ажар Сағандықова Үкіметке тиісті депутаттық сауал жолдағанын атап өтті. Ол мемлекеттік органдарға өз жұмысындағы ұстанымдары мен тәсілдерін өзгертуді ұсынды.
Депутат халықтың әлеуметтік осал топтары үшін электронды қызметтерге қолжетімділікті арттырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ әлеуметтік қызметтерді алу үдерісін жеңілдететін жаңа цифрлық платформаның енгізілуін қадағалайтынын айтты.
Сапар аясында мәжілісмен облыстық мәслихат депутаттарымен және жұртшылықпен де кездесті. Отырыста су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы есептеу жөніндегі комиссияның жұмысы, киіктердің мәселесі және өңірдегі басқа да өзекті түйткілдер талқыланды.
ЖСДП Баспасөз қызметі