Үкімет ұсынып отырған есеп шындыққа жанаса ма?

ЖСДП партиясы Фракциясы Үкіметтің 2022 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебін қабылдауға қарсы болды.

Мәжілістің жалпы отырысында ЖСДП фракциясы осы мәселе бойынша осыған дейін де өз ұстанымын білдірген болатын.

Мемлекеттік бюджетті пайдалану тиімділігін арттыру үшін жұртшылықты көбірек жұмылдыру керек екенін айтқан.

ЖСДП фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жақында Жоғары аудиторлық палата (бұдан әрі – ЖАП) болып өзгертілгенін, бұл кезекте атауы ғана өзгеріп қоймай, жалпы халықаралық аудит стандарттарына көшу маңызды екенін атап өткен еді. Егер бұрын Есеп комитеті бақылау және жазалау функциясына ие болып, тек тексеру қызметімен айналысқан болса, қазір жаңа мәртебесі заң бұзушылықтарды анықтаумен қатар, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардағы бизнес-процестерді жақсартуға қолдау көрсетуге негізделген.

«Қазіргі заманғы жүйеге көшу жайында айтар болсақ, процестерді ашық жүргізу және соған халық пен тәуелсіз сарапшыларды барынша жұмылдыру бойынша халықаралық тәжірибеге сүйенуіміз қажет. Мәселен, ЖАП сайтында қазақстандықтар таныса алатындай толық есеп жоқ. Бес жыл бұрын бұл құжаттарда мәлімет жоқтың қасы еді, бұл еліміздің транспарентті мемлекеттік аппарат құрудағы күш-жігеріне қайшы келеді. Ал бүгінгі таңда ЖАП сайтында жарияланған ақпарат одан да аз», - деді депутат Асхат Рахымжанов. Себебі қазақстандықтар қай министрліктерде, қай әкімдіктерде ең көп заң бұзушылық анықталатынын білуі тиіс – тек облыс деңгейінде ғана емес, тіпті ең кішкентай елді мекендегі заң бұзушылықтардан хабардар болуы қажет.

Мысалы, Үкімет қанша шақырым жол салынғаны туралы орталық деңгейде баяндаған кезде, әрбір қазақстандық құрал-саймандарымен оны өлшеп, келтірілген фактілермен келісетіндей немесе жоққа шығара алатындай болуы керек.

Жоғары аудиторлық палата есебінде шенеуніктер өзіне Ұлттық жобаларда орындауға қолайлы индикаторларды анықтап алғаны айтылған. Мәселен, өңірлерде индикаторлардың жалпы санының 19% қолайлы аймақта, орталық мемлекеттік органдарда – 11%. Егер бұл индикаторлар халық арасында талқыланып, солар бақылайтын болса, қазақстандықтардың мемлекеттік органдарға деген сенімі мен бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыруға болар еді.

«Аудиторлық палата өзінің тұжырымында мемлекеттік органдардың есеп беру кезінде оң нәтиже көрсету үшін кезең басында белгіленген нысаналы индикаторларды түпкілікті нәтижелерге сәйкестендіретін зиян әдеті барын бірнеше рет атап өтті. Болашақта бұл әрекет бюджетті игеру жөніндегі деректердің бұрмалануына әкеледі, яғни жоспарды 100% орындап тұрып, қаражаттың игерілмеуі байқалады. Сондықтан бюджетке өзгерістер енгізу кезеңін қайта қарауды және оны бірінші жартыжылдықта жылына бір рет қана жасауға рұқсат беруді ұсынамыз», - деді Асхат Рахымжанов.

Сонымен қатар, отандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу кезінде қай мемлекеттік орган бұл нормаларды жиі бұзады және қай елдің өндірушілерін жиі таңдайды деген мәселе ашық күйінде қалып отыр. Иә, біз ЕАЭО-ның, Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидаттары туралы көп айтамыз, соған сәйкес мемлекет тарапынан протекционизмге жол берілмейді, алайда әрбір елде бұл мәселеге ден қойып қарайды, бізде бұл мәселеде де ашықтық жетіспейді.

Мәселен, біздің журналистер ҚР ИИДМ-ге әрбір министрлік, сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» компаниялары мен жекелеген ұлттық компаниялар тобы бойынша шетелдік өндірістің қандай жұмыстарын, тауарлары мен қызметтерін жиі сатып алатын негізгі 5 министрлікті (пайызы ең аз және пайызы ең көп) атауды сұрап сауал жолдады. Жалпы алғанда, 8 нақты сұрақ жіберілді, бірақ ведомствоның жауабы біз күткендей болмай шықты: шенеуніктер тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу туралы егжей-тегжейлі ақпарат құпия сақталады деп жауап берді.

Ал жеке әңгімеде Қазақстандық индустрия және экспорт институтының жергілікті қамту мониторингін дамыту дирекциясының басшысы біздің журналистке аналитиканы жарияламайтынын, өйткені ол зияткерлік меншікке жататынын айтты. Бұдан көріп тұрғанымыздай, салық төлеушілердің қаражаты есебінен өмір сүріп отырған АҚ (акционерлік қоғам) шенеуніктері өз құрылымын жекеменшікпен шатастырып отыр. Бұл бір ғана мысал. Олардың еңбек нәтижелері біздің еліміздегі жағдайды жақсартуға мүмкіндік бермей жатыр.

Жалпы, Жоғары аудиторлық палатаның есебінде шенеуніктерге қаражатты тиімсіз пайдалану үшін заңнаманың қазіргі олқылықтарын пайдалануға мүмкіндік беретін факторлар нашар талданған. Ал бізге, депутаттарға, керісінше сол ақпарат өте танымдық болар еді. «Біз бүкіл ел болып сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша шенеуніктерге қатысты қозғалған істердің көбеюін қадағалап отырмыз. Бюджет қаражаты қалай жұмсалып жатқанын бақылау әлсіз болып тұрғаны, «жалған» индикаторлардың пайда болуы – бар болғаны, Үкімет ұсынып отырған есепті «безендіру» ғана.

Мысалы, ЖАП 2022 жылы 238 млрд теңге сомасында заң бұзушылықтар анықталғаны туралы есеп берді. Құқық қорғау органдарына 482 материал жіберілген. Аудиторлық палатаның есебінен осындай деректерді ести отырып, Үкіметтің бюджеттің орындалуы туралы есебімен келісу мүмкін емес.

Бюджеттің тиімді орындалғанын айтқанда, басқа да жүйелік мәселелерді атамай кетуге болмайды.

ЖСДП фракциясы Аудиторлық палатаның қорытындысын назарға алып, әрі Үкімет ұсынған материалдарды зерделей отырып, аталған есепті қабылдауға қарсы», - деп түйіндеді сөзін депутат.

ЖСДП-ның баспасөз қызметі

Смотрите также: