21 мамыр – Қазақстанда мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Бұл маңызды әрі жауапты сала. Себебі олар ұлттық мәдениетті сақтап, оның байлығын арттырып, идеологиямызға серпін береді. Рухани құндылықтар әр отбасындағы бала тәрбиесіне де зор сенім мен ықпал қалыптастырады.
Осыған орай, бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық бөлімі өңірде ақсап тұрған өнер саласының бір пұшпағы – кино саласына көңіл бөліп, аймақтағы жалғыз кино өндірісімен айналысатын «Аслан фильм» балалар студиясының жағдайымен таныстық. Ашылғалы 5 жылдан бері 200-ден астам жас таланттың бағын ашқан киностудияның түлектері алды Еуропада, берісі елдің түрлі театрларында, кино саласында өнерін шыңдап, елдің атын шығарып жүр. Бүгінде жас ұрпаққа тәрбие, дәстүрге сай қысқаметражды бірнеше кино-фильм түсіріп, көптің көңіліне тамызық болуда.
Дегенмен, орайы келгенде айта кетер жайт, көршілес Түркістан, Шымкент киногерлері мемлекеттік тапсырыстармен кино түсіруде телеарна тұрмақ, ютюбтың бетін бермей отыр. Бірақ, олардай ойтамызық болар кино түсіртуге қызылордалық биліктің жергілікті жалғыз студияға көңіл бұрмай отырғаны өкінішті. Көршілес облыстарда мемлекеттік тапсырыстармен қаншама қысқаметражды фильмдер түсіріліп жатса, біздің өңірде өз күнін өзі көріп келе жатқан балалар киностудиясына мемлекеттік тапсырыспен қаржы бөлінбейтіні көңіл қынжылтады. Мүмкіндік берсе, бұл студия да идеологияға тың серпін берері сөзсіз. Өйткені қызықты контенттері жас көрермендерін баулыса, ересек жандарға да ойсалар дүниелері көп.
Осыған орай, Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы мен облыстық мәдениет және спорт басқармасына сұрау салғанымызбен жауап болмады. Кері байланыс жоқ. Бұл дегеніміз – өңірлік киноиндустрияны идеологиядан шеттетіп тастағанының көрінісі емес пе? Алдағы уақытта партияның өңірлік бөлімі идеологиялық бағыттағы жұмыстарға мәселелердің шешілу жолдарын ұсынып отыратын болады.
Нұрбек Дәуренбеков, ЖСДП Қызылорда облыстық филиалы