Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Атырау облыстық филиалы өкілдері партияның мақсаттары мен міндеттерін насихаттау жұмыстары аясында Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана ұжымымен кездесті.
Кездесуді ЖСДП Атырау облыстық филиалының төрайымы Н.Камалова ашып, қатысушыларға атқарылған шаралар мен жасалған жұмыстар туралы айтып, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының Рахымжанов Асхат Нұрмағанбетұлының, Әуесбаев Нұрлан Сатыбалдыұлының, Сағандықова Ажар Бақытқызының және Сайлаубай Наурыз Саятұлының жолдаған депутаттық сауалдары мен көтерген мәселелеріне тоқталды.
Партияның облыстық филиалын құрып, бірнеше жыл төрағалық еткен Ж.Доспанов партияның тарихынан ақпарат беріп, тарихшы, жазушы және журналист ретінде кітапхана ұжымы қызметкерлерінің жұмыстарына жоғары баға берді.
Ұжым қызметкерлері бүгінгі күні облыс жастарының кітапханаға жиі келіп, тұрақты оқырмандардың санының артып келе жатқанын қуанышпен жеткізді. Сонымен қатар, өлкеміздің қойнауы толған байлықты игеріп, өндірістің қарқынды дамуы нәтижесінде облыс экологиясынан халықтың зардап шегіп, ауа ластанып, үлкен-кішінің созылмалы ауруға шалдығуы шешімін таппай отырған маңызды мәселе екенін, Атырау облысына экологиялық апат аймағы мәртебесі беріліп, тиісінше, денсаулыққа келтірілген зиян үшін тұрғындарға өтемақы төлеу керектігін мәселе етіп көтеріп, шешуге жұмыстануды өтінді.
Облыстық кітапханаға қоғамдық көлікпен қатынайтын қызметкерлер мен оқырмандар үшін, кітапхана маңынан өтетін екі қалаішілік автобустардың жүру бағытының өте ұзақ екенін және тура қатынайтын мүмкіндікті қарастыру туралы ұсыныстары бірнеше жылдан бері шешімін таппағынына реніштерін білдірді.
Кездесуде облыстық филиал кеңсесінің мекен-жайы мен әлеуметтік желілер туралы ақпараттық бетшелер таратылды.
ЖСДП Атырау облыстық филиалының Баспасөз қызметі