Маңғыстаулықтар сақтандыру ұйымдарындағы зейнетақысына алаңдаулы

ЖСДП кеңсесіне, депутат Наурыз Сайлаубайдың қабылдауына келген маңғыстаулық тұрғын сақтандыру компаниясына алданып қалғанын айтып, көмек сұрады.

720 маңғыстаулық тұрғынның атынан келген бұрынғы мұнайшы Төлен Отаровтың айтуынша, олар сақтандыру компанияларына иланып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшасын соған аударған.

«Алдымен қаражатымды «Халық лайф» сақтандыру компаниясына, кейін одан алып 2022 жылдың 15 наурызында «Номад лайфқа» аудардым», ‒ дейді ол.

Оның сөзінше, 10 шақты жыл бұрын Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында ашыла бастаған сақтандыру компаниялары Зейнетақы қорындағы қаражатыңды келісімшартпен бізге бер, біз оны айналымға салып, содан түскен пайдадан сіздерге зейнетке шыққанға дейін ай сайын немесе белгілі бір уақыт ішінде төлем төлеп отырамыз, ал зейнет жаста зейнетақыңызды аласыз деген. Мұндай 11 шақты сақтандыру ұйымы бар екен. Жергілікті тұрғындар мұнымен келіскен. Алайда алғашында алып отырған қаражаты кейін азая түсіпті.

«Бұлар ақшамыздың қандай мақсатқа жұмсалып, қанша пайда әкеліп жатқаны жайында бізге мағлұмат бермейді. Қомақты пайда көріп отыр, бірақ бізге азғантай ғана сома беріп отыр», ‒ деп өкпелі Төлен Отаров.

Сонымен қатар, мемлекет 2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақ есепшотындағы қаражаттың шекті мөлшерден асқан бөлігін салымшыларға тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге пайдалануға мүмкіндік бергенде, сақтандыру компанияларының салымшылары мұндай мүмкіндіктен қағылып қалған. Сіз қаражатқа жеке меншік құқығынан айырылдыңыз, ол енді компания меншігінде, сондықтан біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану туралы заңның сізге қатысы жоқ деген жауап алған. Себебі сақтандыру ұйымына ақша түскен кезде, ол соның меншігіне айналған.

Бұдан бөлек, салымшы дүниеден өткен жағдайда, оның ұрпақтары зейнетақы қорындағы қаражатты толық ала алмайды. Себебі сақтандыру компаниялары 5-15 жыл көлемінде кепілдендірілген мерзім белгілеп қойған. Яғни, қайтыс болған салымшының ұрпақтары оның зейнетақысының бір бөлігіне кепілдендірілген уақыт ішінде ғана қол жеткізе алады. Ал қалған сома автоматты түрде сақтандыру ұйымына өтіп кетеді.

Сондықтан мұнайшылар сақтандыру компанияларымен арадағы келісімшартты бұзуға мүмкіндік беретін заң нормаларын енгізуді сұрап отыр.

Азаматтардың шағымын тыңдаған депутат аталған мәселені назарға алатынын айтты.

ЖСДП баспасөз қызметі

Смотрите также: