ЖСДП жетекшісі Асхат Рахымжанов Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Саумалкөл ауылының тұрғындарымен кездессіп, АЭС-тің артықшылығы туралы айтып берді.
«Мәжілістің де, депутаттардың да ортақ ұстанымын айта отырып, бұл референдумның еліміз үшін тарихи оқиға екенін атап өткен жөн. Бұған дейін Қазақстанда референдум тек саяси мәселелер бойынша өткізілетін болса, осы жолғы референдум біздің ел үшін әлеуметтік маңызы бар мәселе болып отыр.
Ең бастысы азаматтардың осы референдумға қатысуы мағызды. Бұл жерде келісу мен келіспеу тұрғындардың өз таңдауына, демократиялық көсқарасына байланысты. Сондықтан мен барша жұртшылықты Конституцияда бекітілген осы құқықты назардан тыс қалдырмай, 6 қазан күні сайлау учаскелеріне барып, өз ерікі мен көзқарасын білдіруге шақырамын. Атом электр стансасына қатысты қоғамда сан түрлі пікірлер бар, біреулер оны жақтаса, біреулер қарсы екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан маңызды іске мән беру қажет», - деді депутат Рахымжанов кездесу барысында.
Ол атом энергетикасы мәселелері Қазақстан үшін жаңалық емес екенін атап өтті. Біздің еліміз уран кенінің өндірісі бойынша әлемде бірінші орында болса, оның қоры бойынша екінші орында.
Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі электр энергиясы тапшылығының артуына байланысты, сондай-ақ атмосфераға көміртегі шығарындыларын азайту жөніндегі ең басты тәсіл болып отыр. «БҰҰ-ның тұрақты даму жоспарларының ең басты алғышарттарының бірі осы атмосфераның ластануын азайту екенін ашып айтқан дұрыс. Бұл ретте АЭС қазіргі қолданыстағы жылу электр станцияларымен салыстырғанда өте тиімді әрі қоршаған ортаға зиянсыз болып келеді», - деді депутат.
Атом электр станцияларын салуға Қытай, Оңтүстік Корея, Франция және Ресей елдерінің компаниялары сұрыпталады. Оның ішінде қоршаған орта үшін барынша қауіпсіздікті қамтамасыз ететін және кез келген апатты барынша азайтатын ең заманауи III және III+ класты реакторларды орнату көзделуде.
«Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік мұндай реакторларды пайдаланудың 10 миллион жылдан кейін қандай да бір апаттың болуының бір ғана ықтималдығы бар екендігі туралы ақпарат береді. Демек қазіргі таңда АЭС қауіпсіз деп айтсақ болады. Бұл енді атом электр станциясы туралы қысқаша әңгіме. Ал біз бір кісідей референдумға баруымыз керек. Дауыс беру күні келіңіздер, өз таңдауыңызды жасаңыз. Сіз кабинада бір өзіңіз ғана боласыз, сондықтан дауыс беру құпиясы сақталатындығына сеніңіз», - деді халықтың өкілі ауыл тұрғындарына қарата.
Саумалкөлдіктердің бірқатар сауалдарына Асхат Рахымжанов тиісті жауап бере отырып, Қазақстандықтарды АЭС-ті кімнің салатыны ерекше қызықтырып отырғанын еске салды. Халық қалаулысы бұл мәселені мемлекеттік комиссия жариялы түрде таңдайтынын атап өтті.
ЖСДП баспасөз қызметі