Н. Әуесбаевтың ҚР Премьер-министріне ауылдарды дамыту тұжырымдамасын қайта қарау жөнінде жолдаған депутаттық сауалы

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы қазақстандықтардың – пай жерлері иелерінің құқығы бұзылып жатқандығы туралы депутаттық сауалын бірінші рет жолдап отырған жоқ. Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына (бұдан әрі – Тұжырымдама) сәйкес 2 400 ауылдық елді-мекен жабылудың алдында тұр, бұл дегеніміз 750 мыңнан астам ауыл тұрғынының алдағы тағдыры шешілмек деген сөз. Миллиондаған гектар жер иесіз қалуы мүмкін.
ЖСДП фракциясы Үкіметтің мұндай саясатын қолайсыз деп санайды және тұжырымдаманы қайта қарауды ұсынады.

  1. Тірек және соның төңірегіндегі серіктес деген санаттарға жатқызылған, сондай-ақ, мемлекет дамытпайтын шалғайдағы ауылдық елді-мекендердің толық тізбесін сұраймыз.
  2. «Болашағы бар» және «болашағы жоқ» ауылдар тізімі қандай критерийлер бойынша анықталды?
  3. Бұл ретте, даму әлеуеті бар ауылдық елді-мекен тізбесіне кірмеген шағын елді-мекендер мен ауылдардың тұрғындарын республикалық бюджет қаражаты есебінен басқа елді-мекендерге көшіру жағдайлары айқындалатыны жөнінде Тұжырымдамада жазылған. Осыған байланысты Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілетін болады. Бұл ережелерді қашан және кім қабылдады? Ауыл тұрғындарына қандай жағдай жасалады және бұл қай өңірлерге әсер етеді?
  4. Сондай-ақ, еліміздің қауіпсіздік жағдайын ескере отырып, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарының шекаралық аймақтарын халықпен тығыз орналастырып, оларды жұмыспен қамтамасыз етіп, әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу бағытында жұмыстар жүргізуді ұсынамыз. Өз кезегімізде, үкімет алдағы жылдары «жоюды» жоспарлап отырған ауылдардың жағдайына талдау жасай отырып, Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы ауыл тұрғындарын пай жерлерінен біржола айырып, сол жерлерде өз активтерімен қалғысы келетін адамдардың пайдасы үшін жасалғандай әсер қалдырып отыр. Депутаттық сауалға заңда белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының депутаттары:
Н. Әуесбаев, А. Рақымжанов, А. Сағандықова, Н. Сайлаубай.

Смотрите также: