Елімізде бірнеше жылдан бері тозығы жеткен ескі үйлерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып, ол үшін мемлекеттен қаржыландыру қарастырылған. Алайда сол қаражат ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр ма деген күмән бар. Мысалы, ЖСДП Атырау облыстық филиалының төрайымы Нұрайнаш Камалованың айтуынша, Атырау қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен жасалған күрделі жөндеу сапасыз болып тұр және бұл жергілікті жұрттың наразылығын туғызып отыр.
‒ Бір жыл бойы өңірдегі ескі үйлерге күрделі жұмыс қалай жүргізіліп жатқанын зерделеумен айналысып келе жатсыздар. Көңілі толмаған тұрғындар бар дейсіз. Бағдарламадан қандай кінарат көріп отырсыздар? ‒ Бұл мәселені біз – партиямыздың өкілдері былтырдан көтеріп келе жатырмыз. Жалпы, көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу туралы мемлекеттік бағдарлама 2011 жылдан бері жүзеге асуда. Бұл тұрғындар үшін өте өзекті бағдарлама, себебі көпқабатты үйдің күрделі жөндеуіне ондаған миллионды тұрғындардың өздігінен жинауы мүмкін емес. Бағдарламаның тағы бір ұтымдылығы – үйлерді жөндеуге мемлекеттен бөлінген қаражат инфляцияға қарамастан, сол сома 8-15 жылға бөлініп, мемлекетке қайтарылады және тұрғындар жөндеу жұмыстарын жасайтын мердігер компанияны өздері таңдауға құқылы. Бірақ, қазір көріп отырғанымыздай, барлық дерлік мердігер жұмыстарын сапасыз жасайды. Сол себепті көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы халықтың ренішін тудырып тұр. Халық игілігіне деп үкіметтен бір үйдің жөндеуіне 60-80 миллион теңгенің үстінде ақша бөлінеді, оны халық үйдің шаршы метріне қарай 8 жылдан 15 жылға дейін бөліп төлейді. Бірақ сол жұмыстың барлығы сапасыз жасалады дейді. Партияның қоғамдық қабылдауына келген жұрт солай деп айтты. Мысалы, Махамбет 118в және Абай 17а деген үйлер бар. Бұларға 12 жыл бұрын жаңғырту (модернизация) жасалған, сол үшін халық ақшасын төлеген. Бірақ қазір ол үйлердің жертөле қабаты шіріп жатыр, егеуқұйрықтар толып жүр. Себебі кезінде жөдеуді сапасыз жасаған. Сонымен қатар, бұл жерде үлкен мәселе туындап отыр, жаңағы мемлекеттен бөлінген ақшалар кері қайтарылмай жатыр. Неге? Себебі үйге жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарына көңілі толмаған тұрғындар біз сапасыз нәрсеге не үшін ақша төлеуіміз керек деп қапалануда.
‒ Нақты мысалдар келтіре аласыз ба? ‒ Атырау қаласында 2022 жылы 21 үй мемлекеттік бағдарламамен күрделі жөндеуден өткен. Оны «БайтерекКаспийСервис» ЖШС, «ЖенбетКурылысМонтаж» ЖШС, «PGSGroup Constructions» ЖШС, «ЖаркынКурылысСервис» ЖШС, «ГСК РиМ» ЖШС, «ЖарыкАлемКурылыс» ЖШС, «РайымбекСтройИнжиниринг» ЖШС деген мердігерлер жасаған. р/с Мердігер мекеме үйлер саны Бөлінген қаражат 1 «БайтерекКаспийСервис» ЖШС 10 683 399 875 2 «ЖенбетКурылысМонтаж» ЖШС 4 374 458 978 3 «PGSGroup Constructions» ЖШС 2 145 669 375 4 «ЖаркынКурылысСервис» ЖШС 2 139 325 025 5 «ГСК РиМ» ЖШС 1 62 231 646 6 «ЖарыкАлемКурылыс» ЖШС 1 56 874 025 7 «РайымбекСтройИнжиниринг» 1 8 747 412 2022 жыл бойынша: 21 1 473 706 336
Мысалы, «БайтерекКаспийСервис» ЖШС жасаған 10 үйдің 9-ында шағым бар. Жөндеу жұмысына көп шғын кетпейтін бір үйді ғана көрнекі етіп қояды, сосын телевидение де, әкімдік те, келген комиссия да соған барады. Келер жылы тапсырыс алу үшін сол көрнекі үйді ғана көрсетеді. 2022 жылы жөндеу жұмыстары аяқталса да, 2023 жыл бойына тұрғындардың шағымына құлақ аспай, күні бүгінге дейін жасалмаған және бүлінген жерлер жөнделмеген. Авангард-3 ықшам аудан 35-үйге және Абай көшесі 17А үйге «ремонт әлі біткен жоқ» деп қолдарына келісім шартты бермеген, олқылықтар жөндеу туралы КОЖДГ-ға тұрғындардың жазған хатына бір жыл өтсе де жауап бермеген. Жоғарыда аталған екі үй өте нашар жөнделген. Авангард-3 ықшам аудан 35-үйдің жұмыстары тіпті көрінбейді, тұрғындар төлеуден бас тартуда. Қабылдау актісіне қол қойған 15 тұрғынның 15-і де қол қоймағандарын, қабылдау актісінідегі қолдың өздерінікі емес екенін айтады.
«ЖенбетКурылысМонтаж» ЖШС жасаған 4 үйдің екеуінде жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Вокзал маңы-3 15 үй тұрғындарының шағымдары бар.
«ЖарыкАлемКурылыс» ЖШС бір үй жөндеген, мердігер тұрғындардың шағымы бойынша барлық талапты орындауға дайын екенін айтты. Ал жобалаушы және бақылаушы мекемелер тек қағазға қол қойғандары болмаса, жөндеу жұмыстарын мүлдем қадағаламаған.
Аталған бағдарлама бойынша көпқабатты тұрғын үйлерді термомодернизациялау үшін, үй тұрғындарының кем дегенде 70 пайызының келісімі керек. Ал күрделі жөндеуден өткен үйді тапсырарда 7 (жеті!) адамның келісімін ғана есептей салып жатыр. Мердігердің жауапсыздығының басты себебі осы болса керек. Мердігер жауапкершілікпен жұмыс жасасын десек, тұрғындардың 100 пайызының келісімі болуы шарт. Себебі, қаражатты төлеуге 100 пайыз тұрғындар міндеттеледі.
Ақау ведомості бір типті жасалады. Яғни, жөндеу жұмыстары басталар алдында тұрғындардың қажеттілігі ескерілмейді. Сол көпқабатты үйге қарасты ПИК (пәтер иелері кооперативі-КСК) қызметкерлері ақау ведомостін толтыра салады немесе ПИК-те ақау ведомостін жасақтайтын білікті маман болмауы себепті оларға ұсынған құжатқа қол қоя салуы әбден мүмкін.
Ақау ведомостінің дұрыс емес жасалатыны сол, мердігерлердің айтуынша су мен лайға толы жертөлені тазалау жұмыстары үшін 10-20 мың теңге ғана қаралған. Ал жертөлені кептіру және желдету жүйесін жасақтау туралы айтылмайды да. Суға толы жертөлені толық тазалауға мердігер құлықсыз, ПИК төрағасы да талап етпейді. Ал тұрғындар болса, мемлекеттік бағдарламаны орындаушы мердігер мен ПИК-не сенеді, немесе жөндеу жұмыстарын түсіне бермейді. Жертөлесі суға толып тұрған үйге күрделі жөндеу жасаудың қажеті жоқ қой! Ондай үйге керемет жөндеу жасалса да, ылғалдың әсерінен тез бүлінеді. Атырау қаласында Абай көшесі 17А, Вокзал маңы–3 ықшам ауданы 12, 14, 16 үйлер жертөленің суға толып тұруы себепті, бір жыл бұрын жасалынған жөндеу бүлінген. Авангард–3 ықшам ауданы 35 үй күрделі жөндеудің аяқталғанына бір жыл асса да, апаттық жағдайдағы үйге ұқсап, қабырғалары сөгіліп тұр. Домофон есіктері орнатқан күннен бастап жасамайды. Тұрғындардың айтуынша 10.12.2022 ж. үй тапсырылса да, күні бүгінге кейін, оларға келісім шарт берілмеген, үйді тапсырған қабылдау актісіндегі тұрғындардың қолдары өздерінікі емес екенін айтады.
‒ Мердігерлерді айтып шықтыңыз, ал тапсырыс беруші кім? ‒ Тапсырыс беруші мекеме ‒ «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС (КОЖДГ ‒ коммунальное обслуживание жилых домов города) туралы тұрғындардың көбі естімеген де, өздерін таныстыруға олар да ынталы емес. КОЖДГ мекемесі тарапынан бақылау жоқтың қасы. Ашық дереккөздерде көрсетілген Атырау қаласы бойынша аталған мекеменің телефондары жауап бермейді, инстаграм әлеуметтік желісінде соңғы ақпарат 18.06.2021 жылы, фейсбук желісіндегі соңғы ақпарат 17.05.2020 жылы салынған. Тұрғындардың аяқтай апарып берген шағымдарына да жауап бермеген.
‒ Тұрғындардың талабы қандай? Сіздер не ұсындыңыздар?
‒ Бұл мәселе жөнінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне де (қазір Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі болып өзгертілген) бардым, мұны облыс әкімдігі де өз бақылауында ұстап отыр.
Кейбір мердігер компания бір сезонда, яғни бір мезетте 10 үйді күрделі жөндеуге алады. Ал ол компанияда тек бір немесе екі қызметкер болғандықтан, уақтылы бақылауға мүмкіндіктері жетіспейді. Сондықтан мердігер компанияларға бір мезетте 4-5 үйден артық алуға шектеу қойылуы керек деп талап қойып отырмыз. Халық шағымданған мердігер компанияны келесі жылы жаңғыртуға қатыстырылмау керек. Мердігер компаниялардың өз жұмысшылары жоқ, Өзбекстан азаматтарын жалдайды, ол азаматтардың ішінде сылақ жасай алмайтындары да бар. Жөндеуден өткен үйді тапсырғаннан кейін мердігер мекеме телефонға жауап бермей қояды, тұрғындармен хабарды толықтай үзеді. 2 жыл кепілдік мерзімі біткенше осылай хабарсыз, ал халық 8-15 жыл төлеп жасауға мәжбүр.
Тағы бір атап өтетін жайт, Ақау ведомостінде күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты «частично» деп жазылады, яғни подъездің қабырғасын ішінара қырып тазалау, ішінара ақтап, сырлау т.с. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мердігерлер сол «частично» деген жазуға сүйеніп, сапасыз жасаған жұмыстарын қайтадан жасаудан бас тартады. Сондықтан бұл «частичное» деген сөзді түбегейлі алып тастау керек деп санаймыз. Сонымен қатар, Ақау ведомості (дефектная ведомость) жасалғанда әр үйдің қажеттілігі мен ерекшеліктері, тұрғындардың ұсыныстары ескеріліп жасалуы тиіс. Ал бүгінгі таңда пайдаланылатын құрылыс материалдарын мердігер өз қалауы бойынша алып жатыр. Қаражат төлеуші және сол үйдің иесі тұрғындар болғандықтан, таңдауды да тұрғындар жасағаны дұрыс.
Мысалға, бөлінген сомаға сәйкес келетіндей 2-3 кафельді көрсетуі тиіс, тұрғындарда таңдау мүмкіндігі болуы керек.
Авторлық және техникалық қадағалау қағаз жүзінде бар болғанымен, жұмыс барысында бірде-бір рет көрінбеген. Оларға жөндеу жұмыстарын назарда ұстауды міндеттеу керек. Күрделі жөндеуден кейінгі үйлерді қабылдау актісіне қол қоятындар (7 тұрғыннан өзге) сол үйдің жөндеу жұмыстарына жауапты адамдар. Яғни, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ЖКХ) өкілі, КОЖДГ өкілі, мердігердің өзі, жобалаушы мекеме, бақылаушы мекеме және ПИК (КСК) төрағасы. Олар өздерінің жасаған жұмыстарын жоққа шығармайды ғой, демек, бұл жерде сыбайластыққа жол беріліп тұрған болуы мүмкін. Аталған мемлекеттік бағдарлама шикі жасалғандықтан, жемқорлық ықтималдығы бар. Бағдарлама өз деңгейінде орындалмауының салдары халықтың мемлекетке сенімін жойып отыр.
‒ Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ