Біздің сауал Оқу-ағарту министріне жолданады.
Құрметті Ғани Бектайұлы!
Соңғы кездері біздің партияға балабақшалар мен мектептердің бастауыш сыныптарын тамақпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша көп өтініш келіп түседі.
Жақында бізге хабарласқан елордадағы балабақшаның ата-аналары балалардың тамақ рационы жұтаң екеніне шағымданды. Ақыр аяғында балабақша қызмет түрлерін атқарушыларға (поставщик) шамамен 5 млн теңге қарыз екені белгілі болды. Осы мәселе бойынша біз Астана қаласы Білім басқармасының басшысымен сөйлестік, ол қазіргі уақытта елордада осындай жағдайлар бойынша 3 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Бұрын қабылданған жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі өзін ақтамай жатыр. Егер балабақшаларда топтар толық болмаса, әлбетте біздің балаларымызды дұрыс тамақтандыруға қаражат жеткіліксіз болады. Бірақ, бәрінен бұрын, мұндай жағдайлар осы саладағы тыйылмай жатқан сыбайлас жемқорлықпен байланысты екендігі алаңдатады. Бұқаралық ақпарат құралдарында бухгалтерлердің қаражат ұрлағанына байланысты ұсталғаны туралы жарияланып жатқан ақпараттардан да көруге болады. Мектептердегі балалар тамақтың сапасына шағымданып жатыр. Көбісі тіпті тамақтанбай жүр екен. Мектеп басшылығы кейде ата-аналар комитеттеріне мектеп асханаларын тексеруге келуді сұрап жүгінеді. Тексеру қай күні жүргізілетінін алдын ала айтатын бракераждық комиссиялар бар. Бұл ретте мектеп бар жақсыны дастарханға қойып, олардың келуіне алдын-ала дайындалады.
Содан кейін бәрі бұрынғы қалпына оралады. Жағдай жылдан жылға қиындап барады. Мектеп немесе балабақша басшылығы мен жеткізушілер арасында өзара бір-біріне көмектесу жүйесі қалыптасып отыр және біз уәкілетті білім беру органдары да осы жүйеде екенін жоққа шығармаймыз.
Осыған байланысты ЖСДП партиясы мынаны талап етеді:
- біріншіден, тамақтандыруды ұйымдастыруды, жасалған шарттарға дейін тексеру және жеткізуші компаниялардың өздерін тексеру үшін жұртшылықтың, үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың қатысуымен тұрақты негізде республикалық комиссия құрылсын.
- екіншіден, жоғарыда аталған комиссияға білім беру және мектепке дейінгі мекемелердің басшыларына ескертпестен мектептер мен балабақшаларды тексеру үшін баруға рұқсат берілсін.
Құрметпен, ЖСДП фракциясының депутаттары