Қоқыс полигонының қолқаны алатын сасық иісі мен түтіні Семей тұрғындарын әбден мезі қылған жайы бар. Толассыз жанып жататын қоқысты қала сыртынан алыстатудың кезі келді. Халық жанға батқан жанақайын прокуратураға жеткізді. Себебі ауаға тарайтын жағымсыз иістің салдарынан үлкен де, кіші де жапа шегіп, сырқаттану қауіпі өте үлкен.
Десе де, полигон қожайыны, қалалық мәслихаттың экс-депутаты халықтың талабына құлақ асатын емес.
Қала тұрғындары шұғыл шара қабылдау өтінішімен полигон әкімшілігі мен экологтарға жүгінді. Жұртшылық қоқыс қалдықтарының сұрыпталмайтынын алға тартты. Мәселен, қоқыс полигонындағы соңғы өртті төрт күн бойы сөндіру мүмкін болмаған.
Мәселен, жеті баланың анасы Әлия Есімханова таяуда жаңа қоныс тойын тойласа керек. Көпбалалы отбасы өз шаруашылығымен айналысуды ойға алғанымен, қоқыс полигонына қонсы қонғаны өрекпіген көңілін су сепкендей басқан. Жанып жатқан қоқыстан шыққан сасық иіс пен ұшқан пакеттер, улы түтін далаға шығуға мүмкіндік бермей отырғанына қапалы. Әрі қоқыс контейнерлерінің саны да аз.
Абай облысының мемлекеттік экологиялық инспекторларының айтуынша, қоқыс жанып жатқан кезде ауаға тарайтын химиялық реакция өте қауіпті. Жауын суы мен еріген су қалдықтарға түскенде топырақ ластанады.
Семей қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының директоры Рафаил Хазиповтың бұл тұрғыда айтар өз уәжі бар. Қала әкімдігі арнайы жер бөлген күні жаңа қоқыс полигонын салуға бейіл. Әрине қоқысты қайта өңдеу кәсіпорнын ашуға ықыласты инвесторлар да жоқ емес.
Қоқыс аптасына үш мәрте тазалануы кажет болғанымен, апталап алынбайтын көрінеді. Әсіресе, қоқыс шығарудың 70%-ы «Семей-Тазалық» кәсіпорнының үлесінде. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарифтерді көтеруді бопсалау ретінде қарастырса, қоқыс полигоны қожайыны тариф бағасын 2 есеге көтеруді талап етіп отыр.
Экологтар топырақ пен ауаны 30 жыл бойы ластап келе жатқан қоқыс полигонын жауып, қалдықтарды қаладан жырақта бөлек жинау және қайта өңдеу ісін қолға алу керек деген байлам жасады. Ал сарапшылар түтіндеп жататын қоқыс полигонының қала әуежайынан екі-ақ шақырымда орналасқанын, мұның өзі Экологиялық кодексті белінен басу екеніне назар аударды.
Ал «Семей-Тазалық» кәсіпорны басшылығы аrnapress.kz тілшісімен сұхбатында керісінше, коммуналдық қызметтің, жанар-жағармайдың, қосалқы бөлшектердің қымбаттауы компанияның қалыпты жұмыс істеуіне қолбайлау деген пікірде.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Абай облыстық филиалы