Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр ЖСДП фракциясы депутаттарының шетелдік тіркеудегі көлікті елімізге кіргізу мәселесі бойынша депутаттық сауалына жауап берді.
Мамыр айында депутат Наурыз Сайлаубай 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ел аумағына кіргізілген көліктерді бастапқыда тіркегені үшін алынатын алым мөлшерлемесі мен утилизациялық алымды 200 мың теңге қылу туралы Үкімет қаулысын меңзеп, 2022 жылдың 1-қыркүйегінен кейін елге әкелінген 80 мыңға жуық көліктің тағдырына алаңдаушылық білдірген болатын.
«Қарапайым халық шетелден, яғни, шетелдік тіркеуі бар көліктерді неге алып жатыр? Өйткені ол машиналардың жылы жаңа, сапасы жоғары, оған қоса, бағасы жағынан да тиімді болып отыр. Өздеріңіз білетіндей, біздің елде 30 жыл жүрген ескі көліктің бағасы шарықтап тұр. Мысалы, екі-үш жыл бұрын «Toyota Camry 20» автокөлігі 2 млн теңге тұрса, қазір 4 млн теңгеге жетті. Мұны біздің елде «Тойота алсаң өзіңе салған инвестиция» деп біледі. Себебі сатып алған ескі көліктің бағасы жыл өткен сайын қымбаттауда. Ал өзімізден құрастырылып шыққан автокөліктер қарапайым азаматтарға қолжетімсіз, бағасы сапасына сай келмейді. Шетелден ресми түрде сатып алайын десе, утилизациялық алым мен бастапқы тіркеу алымы мөлшерлемесінің құны көлік бағасынан да асып жатыр. Сондықтан да азаматтарымыз әлі күнге дейін көрші елдерден көлік кіргізіп жатыр. Олардың саны күн сайын артып, алдағы уақытта бұл тағы үлкен мәселеге әкеп соғуы әбден мүмкін. Олай болса, 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап шетелдік тіркеуі бар көліктерді айдап жүрген Қазақстан азаматтарына еліміздің шекарасына кіруге о баста неге рұқсат берілді?», - деп Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға қайырылды.
Шекарадан өткен шетелдік тіркеуі бар автокөліктердің қаншасы мемлекеттік тіркеуден өте алмағанын сұрай келе, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан шекарамыздан заңсыз кіретін көліктерді өткізбеудің амалын тауып, нақты шарттар бекіткенге дейін шетелдік тіркеуі бар көліктерді заңдастыру уақытын ұзартуды ұсынды.
Премьер-министр жазбаша жауабында биылғы 23 қаңтар мен 21 мамыр аралығында 123 мыңнан астам көлік заңдастырылғанын хабарлады. Тағы 13 мыңнан астам автокөлік тіркеуді күтіп тұр, 46 мыңға жуық автомобиль сәйкестікке тексеруді күтуде екен. Шетелдік көлікті заңдастыру жұмыстары 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғаспақ.
«Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – ЕАЭО) туралы шартқа сәйкес мемлекеттік шекарадағы көлік өткізу пункттері арқылы ЕАЭО елдерінен де көліктер әкелінуде және сыртқа да шығарылып жатыр. Мемлекеттік кірістер органдарының мәліметі бойынша 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2023 жылдың 26 мамырына дейін ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден Жолаушылар кедендік декларациясы рәсімделе отырып 99,5 мың бірлік шетелдік автокөлік елге әкелген, оның ішінде Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Түрікменстаннан Ресейге және басқа елдерге Қазақстан аумағы арқылы транзитпен жүретіндер. Сонымен қатар, елге шетелдік автомобильді заңсыз әкелудің жолын кесу мақсатында бірқатар заңнамалық шара қабылданды. 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 177-VII Заңмен (2023 жылғы 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) «Жол жүрісі туралы» және «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» заңдарға Қазақстан азаматтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам шетелдік есепте тұрған автомобильдерге қатысты көлік иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасуға тыйым салу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі кедендік баж бен басқа да алымдарды төлеуден айналып өтіп, уақытша әкелінетін шетелдік көліктерді заңсыз заңдастырудың жолын кесуге бағытталған шаралар қабылдады. Жалпы алғанда, аталған мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында және бұл бағытта жұмыс жалғасып жатыр», - делінген жауапта.
Сондай-ақ, «Автомобиль көлігі туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша халықаралық іздеудегі және басқа мемлекетте тіркеу туралы куәлігі жоқ көліктерді Қазақстан Республикасының аумағына кіргізуге (шеттен әкелуге) жол берілмейді.