Шымкент қаласына келген әкімдер тарихи орындарды неге жеке меншік компанияларға жер учаскесі ретінде сатуға құмар? Бұл сөзімізге дәлел ретінде қалалық атшабардың (ипподром) қала сыртына көшірілуі дәлел.
Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың Шымкентке сапары кезінде бұрынғы қала әкімі Мұрат Әйтенов BI Group компаниясының басшысы Айдын Рахымбаевпен бірге Бәйдібек би даңғылындағы атшабардың орнында пайда болатын болашақ кешен тұжырымдамасын таныстырған еді. Сөз арасында қала басшысы инвестициялық жоба ұсынушылармен «сәтті саудаластық» деп әзілдеген екен. Осы орайда, Шымкент қаласының ескі атшабары орналасқан жер учаскесі жеке компанияға берілетін кезде Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Шымкентке сапарлатып келіп, алайда тарихи орындардарды жеке компания мүддесіне емес, халыққа қызмет ететін саябақ немесе басқа да мемлекеттік нысан ретінде беру керектігін айтпағаны ма? Қоғам белсенділері шулады, наразылық акциялары өтті, бірақ оған ешбір билік органы құлақ асқан жоқ. Атшабар қала сыртына көшірілді. Ол жерге BI Group компаниясының тұрғын үй кешені бой көтерді.
Анығында, қаланың бұрынғы бас жоспары бойынша атшабар аумағы да Шымкенттің жасыл аймағына жатады екен. Демек, онда ешқандай құрылыс жұмысы жүргізілмеуі тиіс. Өкінішке қарай, соңғы жылдары осы жасыл аймақтың біршама бөлігі қалталылардың меншігіне өтіп кеткен. Бір ғана мысал, 2007 жылы сатылып кеткен Шымкент зообағының шағын аумағы туралы даулы мәселені жұртшылық тағы да талқыға салуда. Қазақстандағы аумағының үлкендігі жағынан алдыңғы қатардағы зообақты да қала сыртына көшіру туралы қауесеттер ел арасында желдей есуде. Оның да жері қандай да бір жекеменшік компанияға беріліп кетпесіне кім кепіл?!
Тағы бір тарихи нысан – Жами мешіті немесе халық арасында Қошқар ата мешіті атанып кеткен бұл ғимарат 19 ғасырда салынған. Бұл Қазақстандағы классикалық Ферғана сәулеті стилінде тұрғызылған және Қоқан билігінен бері сақталған жалғыз ғимарат. Әлеуметтік желілерде мешіттің бұзылып жатқан видеосы тарап, халықтың наразылығын тудырды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков: «Халық бар ғой, бәріміз бармыз. Мен бұл шу жайында енді естіп тұрмын. Әрине, бұған мен жауаптымын, сіздер емес. Халықпен, журналистермен кездесу керек еді, осының бәрін түсіндіріп айту керек еді. Мен таңертең ғана білдім», – деді.
Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Әбдірахмановтың сөзінше, мешіт бұзылып жатыр деген жаңсақ пікір. «Видео арқылы дау туып жатыр. Тарихи мешітті алып тастапты деген негізсіз. Себебі тарихи мешіттің орны тұр», – деді ол.
Бұл мешіт ЮНЕСКО-ға түсуі керек еді, ескіден де бірдеңе қалу керек қой деген тұрғындар да болды. Тағы бір ғимарат ол – балалар пойызының жай-күйі. Шымкентте халықаралық балалар жылына сәйкес балалар теміржолы іске қосылған. БҰҰ 1959 жылы қабылдаған балалардың құқығына қатысты декларацияда оларды «бақытты балалық шақпен» қамтамасыз ету мақсаты тұр. Бала құқықтары декларациясының 20 жылдығында БҰҰ 1979 жылды «Халықаралық бала жылы» деп жариялады.
Осыған орай, 1980 жылдың ақпанында алғашқы балалар пойызы жолға шықты, сол жылдың мамыр айында теміржол жұмыс істей бастады. Мамыр-қыркүйек аралығында оны 176 мың жолаушы пайдаланған.
2006 жылдан бастап Шымкент балалар темір жолы жазғы үш ай бойы тұрақты жұмыс істеп тұрды.
Локомотивті жөндеу проблемаларына байланысты балалар темір жолын бірнеше рет жабуға тура келді.
ХХІ ғасырда пойыз пайдаланылғаннан гөрі тоқтап тұрған кезі көп болды. 2010 жылдың ортасында ол қайырымдылық қаражаты есебінен қайта жанданды, бірақ қысқа уақыт пайдаланғаннан кейін балалар пойызы депоға тоқтады.
2010 жылы балалар теміржолы алдыңғы жылдарға қарағанда әлдеқайда ұзақ жұмыс істеді. Пайдалану маусымы сәуір айында басталды. 2011 жылы Тұлпар станциясындағы құрылыс жұмыстарына байланысты балалар темір жолы жұмыс істемеді.
2015 жылы жол қайта іске қосылды, алайда қала тұрғындарының арасында сұраныс аз болғандықтан, пойыз бұл жолы түпкілікті тоқтап қалды.
Соған қарамастан, балалар темір жолының жолын шымкенттіктер бүгінгі күнге дейін жақсы көреді. Әсіресе Тұлпар станциясының маңындағы аумақта әлі де атмосфералық фотосессиялар өткізіледі.
Жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін еліміздегі бірегей балалар көлігі назардан тыс қалды деп шағымданып отыр. Темір жол рельстерінің жартысы бұзылғанына қарамастан, бір күні пойыз тағы да балаларды қала орталығынан дендропаркке апарады деп үміттенеді.
Бағила Шынбергенова, ЖСДП Шымкент қалалық филиалының қызметкері