Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі қарсаңында ЖСДП Жетісу облыстық филиалы «Тіл-татулық тірегі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Шараға қоғам қайраткерлері, мұғалімдер, студенттер мен қарапайым халық өкілдері жиналды. Мемлекеттік тілдің орнын нығайтуға өз үлестерін қосу жиналғандардың басты мақсаты болды. Дөңгелек үстелде мемлекеттік тілдің қолдану аясы туралы айтылып, өзекті мәселелер талқыланды.
Тіл – құрал. Тілді қайда бұрасаң, сонда кетеді. Оны дұрыс пайдалана біліп, тек жақсылыққа бұруымыз тиіс,-дейді жиналғандар.
Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында қатысушылар мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруда облыс орталығы Талдықорғанда 1 ғана тегін мемлекеттік тілді үйрететін орталық бар екені айтылып, қосымша орталықтар құру керектігін сөз етті. Қаладағы тіл орталықтарының басым бөлігі жекеменшік. Сондықтан аталмыш орталықтарда шет тілдерін үйрететінін айтып өткен белсенділер қазақ тіліне де басымдық беру керектігін көтерді.
Партия бағдарламасында жазылғандай қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде жан-жақты дамуы-мемлекет пен қоғамның басты міндеттерінің бірі. Мемлекеттік тілді үйрету процесін дұрыстап жолға қойып, оның маңыздылығына зер сала насихаттап, мемлекеттік тілді сақтау мен дамытуға ерекше көңіл бөлу керек екені айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша өңірде қазақ тілін одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстар қабылданды. Олардың қатарында, жастар клубын құру, тіл байқаулары мен фестивальдерін ұйымдастыру мен өзгеде ұсыныстар. Қатысушылар бірлескен күш-жігер мен ұйымдасу арқылы ғана қазақ тілін барлық ұлт өкілдері үшін қарым-қатынас тіліне айналдыруға болатындығына сенім білдірді.
ЖСДП Жетісу облыстық филиалы