Ақтөбеде жол мәселесі әлі де өзекті

Ақтөбе облысы жол сапасы бойынша республикадағы ең нашар аумақтардың бірі болып саналатыны – өңірдің мәртебесі мен беделіне нұқсан келтіретін бірден-бір фактор.

Биыл маусым айында әлеуметтік желі қолданушыларының ішінде шу туғызған бейнежазба тараған. Бейнедегі көлік жүргізуші Ақтөбе облысындағы жолды видеоға түсіріп, еліміздің жартысын жүріп өткенін айтып, жолдағы шұңқырларды көрсетті. Сол бейнежазбадан кейінгі шудан соң 20 жылдай күрделі жөндеу көрмеген аталмыш жолдың шұңқырлары бітеліп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды.

Еліміздің бас шаһарында қыркүйек айында өткен брифингте ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев та өңіріміздегі жолдың нашарлығын атап өткен болатын. Ол республикалық маңызы бар жолдарды аралап өткеннен кейін БҚО, Атырау және Ақтөбе облыстарындағы жолдың сапасыздығын айтып, осы өңірлерге жол жөндеу жұмыстарына былтырғыға қарағанда 50 % көп қаражат бөлуді ұйғарды.

Соның нәтижесінде болуы керек, биыл Ақтөбе облысы үшін рекордтық сан – 848 км жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу және салу жоспарланып жатыр. Нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі қазіргі 72%-дан 78%-ға дейін ұлғаяды деген жоспар бар деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жергілікті билік өкілдері рекорд қуалап, қорытынды есептерінде әдемі статистикалық көрсеткіштерді көрсетіп, ауыз толтырып айтып жүргенде, жолдың сапасын тексеру мен бақылау жұмыстары екінші кезекке қалып қоймаса игі дейді көлік жүргізушілері. Себебі ондай жәйттар бір емес бірнеше рет қайталанғаны ел есінде, келтіретін мысал да көп.

Бұл тек республикалық және жергілікті маңызы бар көлік жолдарына ғана қатысты айтылған фактілер. Ал қала аумағындағы, саяжай алқаптары мен шеткері орналасқан елді-мекендердегі жолдардың мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінде тұр және әлі де өзекті болып қала бермек.

ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалы

Смотрите также: