Түйткілі көп утилизациялық алым

Сатып алғың келген автокөлігіңнің құнына қосылатын утилизациялық алым көлік тізгіндегісі келетіндердің ғана емес, экологтардың да бас ауруына айналған мәселе болып отыр. Себебі істен шыққан көлікті кәдеге жарату үшін алынатын төлемақы экологияны қорғауға септігін тигізе алмай отыр. Бұл туралы Жалпұлттық социал-демократиялық партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясы «Утилизациялық төлем мен алғашқы тіркеу үшін алынатын алым ставкаларын төмендету» тақырыбы бойынша өткізген талқылау отырысында айтылды.

Атап өту керек, кәдеге жарату төлемақысы 2016 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылған кезде енгізілген. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ильяс Оспановтың айтуынша, дәл сол уақытта импорттық кедендік баж салығы, яғни тауарды сырттан әкелу немесе сыртқа шығару кезінде мемлекет алатын міндетті төлем құны 30 пайыздан 15 пайызға түскен, есесіне, қазіргі кәдеге жарату ақысы енгізілген. «Қазіргі таңда көп адамның шатасатын мәселесі – елімізде өндірілген автокөліктердің бағасына осы кәдеге жарату алымы қосылады деп ойлайды, бірақ бұл төлем көлік құнына кірмейді», - деді ол баяндамасын оқу кезінде.

Оған жауап қайырған Астық одағының мүшесі Тілек Бекбасаров: «Жаңа автокөліктерге импорттық кедендік баж салығы 15 пайызға кемігенін айтып жатсыздар, бұл салыстыру тек ДСҰ-ға кірген және Кеден одағының ставкаларын арттырған қысқа мерзіммен ғана сәйкес келеді. Ал сол уақытқа дейін бәрі қалыпты түрде жаңартылып келген жеңілдік кезеңі болды емес пе?! Бірақ кейін қойылған талаптар шектен шықты. Утилизациялық алым отандық автомобильдердің құнына кірмейді деген ақпарат қаншалықты шындыққа жанасатыны белгісіз. Себебі статистика басқаша сөйлейді, отандық автомобильдердің бағасы тез қымбаттап кетті. Бұрынғы және қазіргі бағаны бәріміз де білеміз. Көлік нарығының 77 пайызын отандық өндіріс алып жатқаны жақсы әрине, бірақ таяқтың екі ұшы бар, жаңа автокөлікке қол жеткізе алмай жатқан жұрт та көп қой. Жүргізіліп жатқан қазіргі саясатта міндетін асыра пайдалану байқалады», - деген Тілек Бекбасаров мысалдар келтірді.

Оның сөзінше, Ресеймен салыстырсақ, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2018 жылдың 19 наурызына дейін бір ставка болды. Дәл осы кезде Ресейде көлік бағасы қолжетімді болғандықтан, біздің елге сол жақтан көлік көп әкелінді.

«Мысалы, барлық төрт санат бойынша үш жасқа дейінгі машиналар бізде төрт есе қымбат болды. Ал үш жастан асатын көліктердің бағасы алты есеге дейін қымбаттады. Ресейде жылы үш жасқа дейінгі көліктен алынатын утилалым ставкасы теңге эквивалентімен 613 мың теңге болса, біздің елде алғашқы тіркеу үшін алынатын төлемақыны қоса есептегенде утилалым мөлшері 2 млн 604 мың теңгеге шықты. Жылы үш жастан асқан көліктер үшін 3 млн 737 мың теңге болды. Егер 2018 жылдың 19 наурызынан бастап 2020 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңді алып қарасақ, барлық төрт санат бойынша үш жасқа дейінгі машиналардан алынатын утилалым мөлшері Ресеймен салыстырғанда 4 есе көп болды. Ал үш жастан асатын машиналар үшін 2-3 есе көп. Неліктен осы уақытқа дейін мұндай тепе-теңсіздік бола берген?

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қарастыратын болсақ, үш жасқа дейінгі машиналардан төрт санаттың үш санаты бойынша 2,3 есе көп төлемақы алынса, үш жастан асқан машиналардан барлық төрт санат бойынша 2,7 есе көп төлемақы ұсталған. Мысалы, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресейде де утилалым мөлшері өсті. Бірақ ол жақта үш жасқа дейінгі көлік үшін 1 млн 488 мың теңге болса, біздің елде 3 млн 522 мың теңге. Ресейде үш жастан асқан көлік 3 млн 268 мың теңге төлесе, бізде утилалым мөлшері алғашқы тіркеу алымын қоса есептегенде 5 млн 553 мың теңгеге шығып кетеді. Осындай айырмашылық бар. Біздегі алымдарды түрлендіріп жонглерлік жасау арқылы нақты жауаптан қашу әрекеті байқалады. Мәселен, Ресейде алғашқы тіркеу алымы деген жоқ, қарапайым ГИБДД тіркеу (мемлекеттік жол қозғалысы қауіпсіздігі инспекциясы) деген бар, ол үшін 3 мың рубль ғана ұсталады. Ал бізде 1 млн 700 мың теңге төлейсің. Сонымен қатар, Ресейде заңды тұлғаларға қарағанда жеке тұлғалар үшін арзан ставка қойылған. Бізге де осындай жеңілдіктер, халыққа жаңа көлікті қолжетімді қылу амалын қарастыруымызға не кедергі? Шын мәнінде, талаптарды отандық өндірушілер өздеріне ыңғайлы етіп жазғандай күй кешіп отырмыз. Жаңа автокөлік сатып алу үшін 20 миллион теңгені бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Сондықтан қоғамға, оның ішінде, қалдықтарды қайта өңдеу саласына залал келтірмей, бәріне тиімді болатын арнайы шаралар қабылдау қажет, - деді сарапшы.

Оның сөзін қостаған ЖСДП-ның Астаналық филиалының төрағасы Талғат Омаров басқа мемлекеттерде 15 миллион теңгеге бағаланатын көлікті өз елімізде неліктен 20-30 миллион теңгеге сатып алуға мәжбүр болуым керек деген сауал тастады. «Жұрттың бәрі министрлер мен әкімдердей 1,5- 2 млн теңге жалақы алмайды. Жаңа көліктің бағасы удай болып тұрғандықтан, адамдар автопаркын жаңарта алмай отыр. Утилизациялық алым төлеу арқылы отандық автоөндірісті қолдаймыз деп жүріп, біз неге біреудің бизнесін дамытуға мүдделі болуымыз керек екен? Неге менің ақшам біреудің кәсібіне жұмсалуы тиіс? Олар халыққа акция таратып берген бе еді?», - деп шағымданды.

Алайда елімізде жаңа автомобиль сатып алу коэффициенті өскенін және алғашқы тіркеу алымы жаңа көліктерге 800 мың теңге ғана екенін хабарлаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ильяс Оспанов дәлелмен сөйлеуге шақырды. «Қазақстандық автоөндіріс қымбат болса, ресейліктер көлікті неге бізден сатып алады? Автосалонға кіріңіздер де, көлік қай елде қымбатырақ екенін қараңыздар», - деп жауап берді.

Бірақ «Тәуелсіз бизнес одағы» төрағасының орынбасары Шыңғыс Темір мұнымен келіспеді. «Автокөлік екі жастан жасырақ болса ғана алғашқы тіркеу алымы 800 теңге, ал үш жастан асқан көлік үшін 1 миллион теңгеден артық сома төлесің», - дейді ол.

«Жасыл даму» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Данияр Досымбековтың айтуынша, утилизациялық төлемді тек автомобильдің құнымен ғана байланыстыратындар көп, бірақ өз кезегінде, тауарларды кәдеге жарату төлемінің 500-ден аса түрі бар. Олар: резеңке, қағаз, шыны, қаптама, кабель-сым және т.б.
«Бұрын «ӨКМ Операторы» ЖШС-на қаражатты бағыттау тәртібі мен шарттарын өз бетінше анықтауға неғұрлым кең өкілеттік берілген. Осы функция былтыр «Жасыл дамуға» өткеннен бері біз алымдарды қайта қарап, қазіргі қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуге тырысудамыз.15 бағыт бойынша талдау жүргізілді», - деді ол.

Барлық 15 бағыт бойынша инвестициялық қаражаттың қайда бағытталатыны Экологиялық кодексте көрсетілген.

Қалдықтарды басқару қауымдастығының басқарма төрағасы Шынболат Байқұлов істен шыққан көлікті кәдеге жарату үшін алынатын төлемақы отандық автоөндірушінің пайдасы үшін ойлап табылған қорғаныс шарасы деп пайымдайтынын жеткізді. «Утилизациялық төлемдер нарықтағы бағаны реттегені құпия емес, яғни импорттың бағасы отандық автоөнеркәсіп өнімінің бағасымен теңестірілді. Біздің қауымдастық ретінде отандық өнеркәсіпке қарсылығымыз жоқ, алайда бұл қарама-қайшылықтың салдарынан біздің сала зардап шекті. Біздің қауымдастыққа әртүрлі сала бойынша 60-тан астам кәсіпорын кіреді. «ӨКМ Операторы» жабылған кезде оның айналымы бес жыл ішінде 691 млрд теңгеге жетті, соның 102 миллиарды ғана экологиялық мақсатқа жұмсалды. Ұлттық «ӨКМ Операторы» құрылғаннан бері қалдықтарды қайта өңдеу саласы тұралап қалды, осы міндетті атқаратын зауыт бір жарым жыл бойы жұмысын тоқтатып тұр. Утилалым төлемінің ставкаларын неліктен әлі күнге дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі емес, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекітетіні түсініксіз», - деп ағынан жарылды.

«Жасыл даму» акционерлік қоғамының мәліметінше, мемлекетімізде қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу көлемі жалпы көлемнің 3 пайызын ғана құрап отыр. Мәселен, Еуроодақта қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу көлемі 60 пайыздан асады. Қазір ресми полигондардан басқа бейресми жасалған полигондар анықталуда. Мұның бәрі қоршаған ортаға өзінің әсерін тигізіп келеді.

Мысалы, Ақмола облысында сенбілік өткізіп тұратын экобелсенді Шасалим Шагалимов көшеден кәдеге жаратылуы тиіс көлік бөлшектерін жиі көретінін айтты. «Жаңа көлік құнына қосылған утилалым экологиялық жағдайды жақсартуға көмектесуі керек дейміз, алайда сенбілік кезінде шашылып жатқан резеңкелер мен бамперлерді көремін. Олар утизациялануы тиіс еді. Бұл жерде алым ставкасын барынша арзандатуды бірінші болып Экология министрлігі сұрауы тиіс еді ғой. Өйткені заң бойынша еліміздегі әрбір азамат экологиялық қауіпсіз ортада өмір сүруге құқылы. Утилалым негізсіз, өйткені көліктер утилизацияланбай жатыр әрі халықтың игілігі үшін жұмсалып жатқан жоқ. Қаламызда ескі көлік көп. Адамдар ақшасын үнемдеу үшін ұсталғанын сатып алуға тырысады. Шетелден келетіндерін қымбаттата отырып, халыққа автопаркті жаңалауға мүмкіндік бермей отырмыз», - деді Шасалим Шагалимов.

«Жасыл даму» компаниясының өкілдері қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бағытын бірінші кезекке қойып отырғанын айтты. Қазір бұл мәселе бойынша озық тәжірибесі бар жергілікті және сыртқы серіктестермен келіссөз жүргізіліп, қажетті нормативтік база дайындалған.

«Қазір заңнамалық тұрғыдан бірқатар түзетулер енгізілді, соларды қолдап, кейін қабылдауға депутаттық корпус көмек береді деген үміттеміз. Кәдеге жарату алымын қайта қарау мәселесі жан-жақты пысықталуы керек екендігімен келісеміз. Оның өзіне тиесілі функциялары, заңнамаға сәйкес тетіктері бар. Біз қабылдаған шешімдер экологиялық жағдайды жақсартуға және тауарларды кәдеге жарату мәселесін шешуге ықпал етуі тиіс», - деді «Жасыл даму» акционерлік қоғамының екі бірдей басқарма төрағасының орынбасары Данияр Досымбеков.

Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ильяс Оспановтың айтуынша, елміз арзан порттарға шыға алмайтындықтан импортталатын автокөліктер ғана емес, экспортталатындар да қымбаттайды.

«Жеңіл автокөлік бойыша екі негізгі зауыт бар: Қостанай қаласындағы мильтибренд «СарыарқаАвтопром» мен Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan. Он жыл бойы әлемдік қауымдастықты қазақ елі автомобиль өндірісін игере алатынына, бізге сенім артуға болатынына сендіріп келдік. Hyundai Motor компаниясы қазір біздегі зауытты әлемдегі ең жақсы өндірістің бірі деп таныды. Кia компаниясы зауытымызға өз қаражатын салып жатыр, мұны ешбір елде жасамаған. Шетелге сирек шығатын Кia президентінің өзі елімізге келіп кетті. Бұл мемлекеттің экономикалық қиындықтарға қарамастан, отандық өндірісті дамыту үшін бизнеске жағдай жасайтынын айтқанының арқасында жүзеге асты. Ал экология бойынша айтарым, керуен жүре түзеледі деген сөз бар қазақта», - деп сөзін түйіндеді Ильяс Оспанов.

ЖСДП-ның баспасөз қызметі

Смотрите также: