«Домофон қызметі үшін төлем жасау керек пе?» деген сауал қазірде көп қабатты үй тұрғындарының басты мәселесінің біріне айналды.
ЖСДП Абай облыстық филиалына тұрғындар тарапынан түскен өтініштердің бір парасы осы мәселені қамтиды. Партия филиалының төрағасы Рүстем Сарманов Сәбитұлы мәселені заң тұрғысынан анықтау мақсатында, ҚР Бәсекелестікті дамыту агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ілияс Абилов Лекерұлымен кездесті. Басқосуда департамент басшысының орынбасары «домофондық жүйені» орнату және оған қызмет көрсету қағидаты суды ысытуға арналған бойлерді немесе ауабаптағыш орнату сынды қызмет түрінен еш айырмашылығы жоқтығына тоқталды. Айтуынша, ешкім де ауабаптағыш үшін абоненттік ақы жинамайды. Сондықтан, бұл мәселені көпқабатты үй тұрғындары және ЖК, МИК төрағаларының қатысуымен өтетін жалпы жиналыста шешуге болады.
- Біріншіден, көппәтерлі үйлердің тұрғындарына ай сайын домофондық компаниялардың ақылы қызмет көрсетуі туралы шарт жасауына болады.
-
Екінші балама нұсқа: көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары «домофондық жүйе» бұзылған жағдайда ғана ақылы домофон қызметтерін көрсету туралы шарт жасай алады. Мұның бәрі ЖК және МИК төрағасының қатысуымен өткен тұрғындар жиналысында шешіледі, - деді агенттік өкілі. Белгілі болғандай заңсыз алым жинаушы компаниядан заңды түрде арылудың жолы бар көрінеді. Ол үшін үй тұрғындарымен ортақ келісімге келіп, ЖК, МИБ арқылы ұжымдық келісімде домофон үшін қызмет көрсетуден бас тартуды бекіту керек. Сонда ай сайын ақы төлеу қажет болмайды. Бірақ бұл жағдайда жүйе бұзылса, кіреберістегі сыртқы есік жабылмай қалса, пәтер иелері өз бетінше ақша жинап, жөндеулері қажет болады. Компания маманын жіберіп, жүйедегі ақауды жояды және сол көрсеткен нақты қызметі үшін ғана ақы алады. Жалпы «домофондық жүйе» ай сайын жөндеуді қажет етпейді.
Сонда қаншама жылдар бойы бұл салада көлеңкелі схема тамыр жайып, тұрғындар небір фирмаларды байытып келген. Мысалы, олардың қалтасына әрбір пәтерден ай сайын 350 – 400 теңгеден қаржы түседі. Тұрғын үй кешені жаңа болса, түсім еселеп артады.
Бұл жерде көп нәрсе орнатылған құрылғының кімнің меншігі екендігіне байланысты көрінеді. Домофондық компания бұл жүйені өзі шығын шығарып, тегін орнатады да, ары қарай ол шығынын, инвестициясын абоненттік төлем арқылы өтейді. Мұндай жағдайда тұрғындарға оның құрылғыларынан бас тартып, жеке қаржы жинап, өз бетінше жаңа жүйе орнатуы тиіс.
Кез келген компанияның қызметінен бас тартуға болады. Алайда, ол күрделі үрдіс. Сервистік компанияны ауыстыру үшін бүкіл подъездегі пәтерлердің меншік иелері одан бас тартуы керек. Егер тұрғындар қызмет көрсетуші компаниямен келісімшартты бұзса және жүйені пайдалануды жалғастырса, онда сынған сайын оны жөндеу үшін әрбір көршіге жүгіріп, қол жинауға және ақша жинауға тура келмек. Содан кейін жөндейтін компанияны табу қажет. Нәтижесінде, ЖК, МИБ-тер де, тұрғындар да бұған бас қатырғысы келмейді. Өйткені, домофон үшін ай сайын 300–400 теңгені төлеп тұруға дайын тұрғындар табылуы мүмкін. Бұл енді әрбір тұрғынның өз шешімі.
Қорыта айтқанда, домофон қызметіне ай сайынғы төлем төлеуден арылу үшін, мәселені тұрғындардың жалпы жиынында көтеріп, көршілердің кем дегенде 75%-ының қолдауын алу керек. Сонда қызмет көрсетуші фирмамен келісімді бұзу мүмкін болмақ. Құрылғы сынған жағдайда, мүлдем домофонсыз және құлыпталатын сыртқы есіксіз қалмау үшін тұрғындардан қаржы жинау қажет болады. Мұндай шығынды мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) шығындарына енгізуге де болады. Сондай-ақ кіреберістегі темір есік домофондық компанияның жекеменшігі болуы ықтимал. Демек, келісім бұзылса, компания есігін алып кетуі де ғажап емес. Бұл ретте оның орнына есік сатып алуға да дайын болу керек. Жалпы, бұл мәселеге қатысты жергілікті әкімдіктердегі тұрғын үй инспекциясының кеңесін алуға болады.
ЖСДП Абай облыстық филиалы