Төтенше жағдайдан соң Маңғыстауда азық-түлік бағасына мониторинг жүргізіліп жатыр

Атырау облысы Құлсары қаласындағы төтенше жағдайға байланысты осы уақытқа дейін Маңғыстау өңіріне 27 мыңға жуық адам эвакуацияланған болатын. Су тасқынынан зардап шеккендер үшін Маңғыстау облыстық мәслихаты жанынан қоғамдық штаб құрылды. Штаб құрамында облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары, облыстық саяси партия өкілдері, қоғам белсенділерінен құралған 34 адам бар. Ұйым қызметінің негізгі бағыты – азық-түлік бағасына мониторинг жасау.

Қоғамдық штаб өкілдері, яғни Маңғыстау облыстық мәслихат аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Бақытжан Таджиева мен ЖСДП МОФ төрағасы Сәкен Мыңбаев, «Ауыл» партиясының өңірлік филиалының басшысы Елмұрат Мекеев, «BAYTAQ жасылдар партиясы» МОФ орынбасары Әсет Бисекенов, «Respublica» партиясы» МОФ төрағасының орынбасары Сабина Бейсембаева Ақтау қаласы сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізді. Қоғамдық штаб мүшелерімен бірге мониторингке Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Дастан Мұраталиев қатысты.

Мониторинг барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтеретін делдалдарды анықтау бойынша жұмыстың ерекше бақылауда болатынын және қатаң шаралар қабылданатынын түсіндірді.

Айта кетейік, 12 сәуірде Мемлекет басшысы Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді. Жиын барысында табиғи апаттан зардап шеккен аймақтардағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін айрықша бақылауда ұстау және бағаның өсуіне жол бермеу қажет екеніне тағы да назар аударды.

Осы тұрғыда, халықтың өтінішімен ең алғашқы мониторинг «Сары базар» орталығынан басталды. Бағаларды зерттеу жұмыстары кезінде партия төрағалары сауда әкімшісіне бірқатар ескертпе мен нұсқамаларды айтып, түсіндірме жасады.

«Баға неге тұрақсыз?» деген сұраққа сатушылар жол жабық, бізге тауар қымбат бағамен келіп жатыр, сол себепті тұрақсыз деп жауап қайтарды. Онымен қоса, саудагерлер көтерме саудагерлерден картопты 150-160 теңгеден алғанның өзінде оларға мерзімі өтіп, босап кеткен жуаларды қосып, мәжбүрлі түрде сататындарын жеткізді.

«Сары базар» саудагерлерінің сөзі қаншалықты шындыққа жанасатынын анықтау үшін жеке тасымалдаушылар мен көтерме сатушылардың да пікірін білуді ұйғардық.

Көтерме саудагерлердің сөзіне сенсек, баға бірқалыпты, картопты 130 теңгеден сатамыз деп ақталды. Дегенмен, тексеріс жүргізу кезінде бағадан бөлек көптеген құқық бұзушылықтар анықталды. Мысалы «Асар-С» көтерме сауда базарында санитарлық нормалар сақталмаған, өрт болған жағдайда қауіпсіздік шаралары ойластырылмаған, тоқтар ашық күйде жатыр. Тағы бір таңқалдырған жәйт, көтерме саудагерлер шынымен саудагерлерге мерзімі өткен тауарларды мәжбүрлеп сататын болып шықты. Олардың барлығын тиісті органдарға жеткізілді.

Мониторинг Ақтау қаласындағы «Дина» және «Анвар» гипермаркеттерде жалғасты. Жұмыс барысында әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түліктің бағалары тексеріліп, көптеген құқық бұзушылықтар анықталды. Бір қызығы, қоғамдық штаб мүшелері «Анвар» гипермаркетіне келген кезде әкімші тығылып, жалма-жан бағаларды ауыстыруға кетіпті. Себебі 127 теңгеден сатылып тұрған жуа бағасы бірден 107 теңгеге ауысты. Мандарин бағасы1139 теңгеден болса, 1045 теңгеге өзгертілген. Сөреде басқа баға жазылып тұрса, тауар кассада мүлдем басқа бағамен сатылады. Бағаларының әртүрлі болғанына «Анвар» гипермаркетінің директоры: «бізде техникалық ақаулар», – деп қысқа қайырды. Осыған байланысты қоғамдық штаб өкілдері сауда орталықтарының басшылығына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес құзырлы органдар тарапынан тиісті хаттама толтырды.

Содан соң штаб өкілдері 7а шағын ауданындағы «Grandmart» супермаркетін тексерді. Мониторинг барысында кейбір әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өсуіне қатысты бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Мысалы, дүкендегі нанның бағасы – 150 теңге, 1 кг қант – 455 теңге, сондай-ақ, 10 дана жұмыртқа 660 теңгеден сатылады. Көкөніс түрлеріне тоқталатын болсақ, картоп бағасы 171 теңгеден сатылуда, ал көтерме саудагерлерде картоп бағасы 130 теңгеден тұр. Яғни, көкөніс бөлімінде өнімдер 30-40% үстеме бағамен сатылады. Осыған байланысты, саудагерлерден нақты қай көтерме базардан қандай бағаға алғанын және өнімнің үстінен қанша пайыз қосқаны туралы құжаттарды сұраса, көрсетуден бас тартады. Сонымен қатар, кейбір дүкендердің әкімшісі штаб өкілдерінен қашып, өз қызметтерін бір-біріне сілтеп, тіпті кейбір сатушылар дөрекі қылықтар көрсетіп, балағаттап, камера бетін жауып, кедергілер жасады. Одан бөлек, таразыға байланысты бірнеше қателіктер анықталып, ескертулер жасалды. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі болғандықтан, бұл жерде әлеуметтік маңызы бар өнімдер қазақ тілінде болуы қажеттігі да айтылды. Себебі «Grandmart» супермаркетіндегі сөрелерде бірде-бір тауардың бағасы қазақ тілінде жазылмаған.

ЖСДП МОФ төрағасы Сәкен Мыңбаев: «Дүкен иелерінен азық-түлікті не себепті қымбаттатасыздар деп сұрасақ, қымбатқа алғанын айтады. Ал оны орындаған құжатты сұрасақ, көрсетпей тұр. Көп жерде сауда орнының әкімшісі бағаны өздігінен көрсетіп жатса, «Grandmart» супермаркетінде әкімші де, сатушы да бізбен сөйлесуден қашып жүр. Оған қоса, таразыдан 30-40 граммнан 100 граммға дейін тұтынушының ақысын жеп тұр», – дейді. Қоғамдық штаб мүшелері, ЖСДП МОФ өкілдері мониторинг жасау барысында «Нұр» супермаркетінің нан, ұн, картоп өнімдеріне 15%-дан артық баға қойып отырғаны анықталды. Бұл жағдайға байланысты хаттама толтырылып, тиісті органдарға жіберіліп, айыппұл салынатын болып шешілді.

Мониторингтік топтың мүшелері анықталған кемшіліктер бойынша сауда нысандарының әкімшілігіне ескертулер жасап, халық төмен бағамен тұтынатын нан-тоқаш өнімдеріне жеткілікті көлемде тапсырыс жасау және халықтың әлеуметтік сөрелерге бағдарлануы жөнінде ұсыныстар айтты. Сонымен қатар, ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» заңына сәйкес әлеуметтік маңызы бар өнімдер 15%-дан аспайтын сауда үстемесімен сатылуы тиіс екендігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалы Мадина Төрешова

Смотрите также: