Ағымдағы жылдың 10 қазаны күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Ақтөбе облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Тұтынушылардың құқығын қорғау» тақырыбында кездесу өтті. Кездесуге «Тұтынушылардың құқығын қорғау» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рахимов Қадырбек пен бірге аталмыш бірлестіктің өкілдері қатысты.
Кездесудің мақсаты, тұтынушылардың құқықтары бойынша халықты ақпараттандыру, сауда немесе қызмет көрсету саласындағы орын алған түсініспеушіліктер мен даулы мәселелерді жан жақты саралау болды. Одан бөлек азаматтардың өз құқықтарын білу үшін кешенді жоспар құру жұмыстарын ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» қоғамдық бірлестігімен бірлесе жұмыс атқару.
Кездесу барысында облыстық бірлестіктің төрағасы Рахимов Қадырбектің сөзінше халық арасында заң, адам құқықтары туралы білімнің төмендігі өзекті болып тұрғанға ұқсайды. «Бізге адамдардан көптеген арыз-шағымдар келіп түседі. Олардың дені тауардың дұрыс болмауы, алынған азық-түліктің мерзімінің өтіп кетуі, санитарлық талаптарға сай келмеуі және т.с.с. Қоғамдық бірлестіктің осы сынды өтініштермен жұмыс жасау барысында қарапайым жағдайдың өзінде халықтың өз құқықтарын білмеуі байқалады. Сондықтан да қазіргі таңда халықты құқық, заң туралы түсіндірумен бірге жаппай ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу өзекті мәселе болып отыр»,-дейді ол.
Кездесуде ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалының өкілдері партия атынан «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» ҚБ-не халық арасында құқық, заң бойынша ақпараттандыру, түсіндірме жұмыстарын өткізу бойынша бірлескен іс-шараларды өткізуді ұсынды. Тараптар алдағы уақытта осы бағытта бірнеше шара ұйымдастырып, жоспар құруға уағдаласты.
ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалы Жетібай Ж.