Жалғызбасты аналарды тұрғын үймен қамтамасыз ету: оның мәселелері мен шешімдері

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалы көп балалы аналардың мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесуін ұйымдастырды. Онда халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйге қолжетімсіздігі мәселелері талқыланып, шешу жолдары ұсынылды.

Іс-шараны аша отырып, БҚОФ ЖСДП басшысы Анаргүл Әбенова өмірлік қиын жағдайға тап болған, тұрақты табысы мен жеке баспанасы жоқ көп балалы аналар партия филиалына бірнеше рет жүгінгенін хабарлады.

— Халықтың әлеуметтік осал топтарының, оның ішінде көп балалы, толық емес, сондай-ақ, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың басым бөлігінің негізгі проблемасы – жеке баспанасының болмауында. Адамдар пәтер жалдап, туыстары немесе таныстарының үйін кезіп жүруге мәжбүр. Мемлекет өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қолдаудың бірқатар шараларын әзірледі.

Алайда бізге жүгінген адамдар неліктен жеңілдіктерді толық пайдалана алмай отыр және бұл мәселе жергілікті жерлерде қалай шешіледі? Кейбір азаматтар бюрократиялық кедергілерге ұшырап жүргені де жасырын емес. Көпбалалы аналарға көмек көрсету мақсатымен біз мемлекеттік органдардың өкілдерін әрбір жағдайды жеке қарау үшін шақырдық, – деді А.Әбенова.

Сырым ауданы Өлеңті ауылының тұрғыны Толғанай Сайынқызы көпбалалы ана. Ол бес баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырғанын, кенжесінің туа біткен жүрек ақауы бар екенін, сонымен қатар 1961 жылы туған науқас анасына қамқорлық жасайтынын айтты.

‒ Ауылда жұмыс жоқ, біз балаларға берілетін жәрдемақыға өмір сүріп келеміз. Қызымды емдету үшін Астана қаласына баруға менде қаражат болмағандықтан, әлеуметтік желі арқылы қаржы жинадық. Анам мүгедек, ол памперстермен төсекте жатса да, оған мүгедектік бойынша жәрдемақы тағайындалмады.

Мен отбасымды асырау үшін қандай да бір жолмен ақша табу үшін СПА процедуралары мен массаж жасайтын жабдықты несиеге алдым. Алғашында арманымды жүзеге асыру үшін үйде жасаймын деп ойладым. Бірақ бөлме өте тар болғандықтан, клиенттерді үйде қабылдау мүмкін емес болып шықты. Оның үстіне, науқас анам мен балалар бар, – деді Толғанай Сайынқызы.

Орал қаласы ТКШ, ЖК және АЖ (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары) қалалық бөлімінің тұрғын үй секторының басшысы Атабек Жәнібеков жеңілдетілген тұрғын үй 18 санат бойынша берілетінін түсіндірді. Қазіргі уақытта баспана алуға мұқтаждар қатарында мемлекеттік қор бойынша 23 мыңнан астам адам тұр, оның ішінде көпбалалы отбасыдан 2385 адам және толық емес отбасыдан 8674 адам.
‒ Көпбалалы жанұялар, жетім балалар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар баспана алуға бірінші кезектегі құқыққа ие. Тұрғын үй қатынастары туралы Заңға сәйкес тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру кезінде бір адамға 15-тен 18 шаршы метрге дейін беріледі. Тиісінше, көпбалалы отбасы тұрғын үй алуға кезекте тұрса, есеп бойынша отбасы құрамына қарай бір адамға 15 шаршы метрден қарастырылады. Мысалы, отбасында бес адам болса, онда оларға 75 шаршы метр тұрғын үй керек.

Мемлекеттен тұрғын үй алуға 23 мыңнан астам адам кезекте тұрса, бірден барлығын қамтамасыз ету мүмкін емес. Баспананы қолжетімді ету үшін «Отбасы банкі» арқылы жылдық 2% жеңілдікпен несие беру мүмкіндігі бар. Сондықтан Толғанай Сайынқызына көпбалалы отбасы санаты бойынша кезекке тұруды және «Отбасы банкінде» жинақтаушы депозит ашуды ұсынамын. Бұл жеңілдетілген несие беру бағдарламасына қатысуға мүмкіндік береді, – деді А.Жәнібеков.

Балалар үйінің тәрбиеленушісі Любовь Волкова 2010 жылдан бері жеңілдетілген несиемен тұрғын үй алуға кезекте тұрғанын айтты.

‒ Мен тұл жетіммін. Баспана бірінші кезекпен берілетін санатқа кірсем де, кезек іс жүзінде қозғалмай келеді. Қазір мен үшінші жыл қатарынан 176 орында тұрмын. Осы жылдың мамыр айына дейін баспана табуым керек, өйткені туыстар уақытша берген пәтерді босатуға тиіспін. Менің жалақым 150 мың теңге, ал жалдамалы пәтерге 100 мың теңгеге жуық ақша сұрайды. Одан қалған ақшаға өзімді және баламды асырай алмаймын. Сонда мен не істеуім керек? – деп сұрады Л. Волкова.

ТКШ және АЖ тұрғын үй секторының басшысы Атабек Жәнібеков үш жылға жуық уақыт бойы мемлекет жетім балаларға тұрғын үй сатып алу үшін қаражат бөлгенін айтты.

‒ Өткен жылы «Отбасы банкімен» бірлесіп, тұрғын үйді субсидиялауға қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта осы санат бойынша 900-ге жуық адам кезекте тұр. Заң бойынша, біз халыққа берілетін тұрғын үйлердің жалпы санынан 20%-ын жетім балаларға бөлуіміз керек. Бүгінгі таңда бюджет жүз пәтерге қарастырылған, биыл соның 20-сы жетім балаларға беріледі. Екінші жартыжылдықта тағы 150-ге жуық пәтер бөлінеді, оның 25-30-ы жетім балаларға арналады. Жеңілдік санаты бойынша пәтерді кезектілік тәртібімен немесе «Отбасы банкінің» 2% жеңілдетілген несиесін алу арқылы қолжеткізуге болады. Сондай-ақ, жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау бағдарламасы бар, яғни ол бойынша тұрғын үйді жалға алғаныңыз үшін төлейтін соманың 50%-ын ғана төлеуге мүмкіндік бар.

Ол үшін пәтерді жалға берушіде бүкіл құжат болуы тиіс әрі барлық салық төленіп тұруы керек.

Сонымен қатар ипотека бойынша 1,5 млн теңгеге дейінгі бастапқы жарнаға қаражат беру бағдарламасы бар, тұрғын үй сертификаты беріледі. Ол үшін депозит ашып, барлық құжатты жинап, тұрғын үй қатынастары бөліміне жүгіну қажет. Қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес, кезекте тұрғандар ғана мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие алуға құқылы. Несие алудың өз талаптары бар. Осы рәсімнен өткеннен кейін тұрғын үй сертификатын алу үшін ТКШ-ға жүгіне аласыз. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй сатып алуға көмектесетін бағдарламалар бар, – деп түсіндірді А.Жәнібеков.

ЖСДП БҚО филиалы

Смотрите также: