Жануарларды қорғау жолында Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастық орнатуда

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында ЖСДП фракциясының депутаты Ажар Сағандықова тиісті сала министрінен бұл бағыттағы жұмыс қалай жүргізіліп жатқанын сұрады.

«Екі ел аумағын мекендейтін жануарлардың барлық түрлерін қорғау жөніндегі іс-шараларды үйлестіруді көздейтін екі жақты шартты заң жобасында браконьерлікпен күресу, оның ішінде қоныс аудару дәлізі бойындағы ынтымақтастықтың қалай жүргізіліп жатқанын айтып өтсеңіз? Сонымен бірге қазір қандай үйлестіру шаралары жүргізіліп жатқанын баяндап берсеңіз», - деп сұрады мәжілісімен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтан. Министр өз кезегінде қос тараптың бірлескен жұмысы қазіргі таңда екі құжат негізінде реттелетінін айтты.

«Біз 2010 жылы Үстірт популяциясының қыста Қарақалпақстан аумағына қоныс аударатын білеміз. Осыған байланысты киіктерді қорғау туралы құжатқа қол қойдық. Ал өткен жылы Самарқандта болған жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау жөніндегі конвенцияның пленарлық отырысында қол қойылған екінші құжат аясында, Үстірт жабайы фаунасын сақтау мен қорғау турасындағы мәселені реттеп жатырмыз. Бұл қатарға Орталық Азия барысы, арқар, құлан және қарақұйрық енгізіліп отыр. Жануарлар әлемін браконьерлерден қорғау бойынша бірлескен жұмыстар бүгінгі күні онлайн режимінде де жүргізілуде. Қазір тіпті ұялы байланыс арқылы да жедел топтар тікелей байланысқа шығып, мәселені дер кезінде шешіп, талқылауға әзір», - деді министр Ерлан Нысанбаев. Айта кетейік, аталмыш Заң жобасын Мәжіліс депутаттары мақұлдап, Сенатқа жолданды.

ЖСДП баспасөз қызметі

Смотрите также: