Қазіргі жас буын – мемлекетіміздің болашағы. Сол себепті жастар саясатта ғана емес, барлық салада да белсенді болғаны маңызды.
Өзін-өзі дамытқан жастар қоғамның алға жылжуына үлес қоса алады. Жастардың дамуы сауаттылық деңгейімен өлшенеді десек, оған қаржылық, құқықтық, діни сауаттылықпен қатар саяси сауаттылық жатады. Заңнамаларды қабылдауда қызығушылық танытып, талдап, қоғамдағы түйткілді мәселелерге назар аударып, олардың шешілуіне үлес қосқан азаматтардың саны арту үшін жоғары және орта-техникалық оқу орындары білікті маманды ғана емес, азаматтық ұстанымы айқын азаматтарды дайындап шығаруға жұмыстану керек. Ал бүгінгі күні жастар саясатының негізі жастардың қоғамдық ұйымдардың жұмыстарына қатысуымен шектелетінін ескеріп, азаматтық ұстанымды нықтау үшін оқу орындарындағы жастар бірлестіктері мен ұйымдарының жұмысы жоғары деңгейде ұйымдастырылуы қажет.
Жастардың қабілеттері мен мүмкіндіктерін жүзеге асырып, баспана, мамандық алу, жұмыссыздық сияқты негізгі мәселелерін шешуге бағыттап, тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік берген жөн. Сонда ғана жастардың қоғамдық-саяси көзқарасы нықталып, сенімділікке иеленеді.
Статистикаға сүйенсек, 18-ге толып сайлауға қатысу құқығына ие жастардың 70-80 пайызы алғаш дауыс беруге келеді, одан дейін олардың саясатқа қызығушылығы біртіндеп кемиді. Бұл ең басты мәселе. Жастар сайлау процесіне қызығушылық танытып, өз депутаты мен партияны сайлаудың маңыздылығын ұғыну үшін бүгінгі күні оқу орындары президентін, жастар мәслихатын сайлау процесінің және олардың жұмыстарының шынайы, нақты жүргізілуін назарда ұстау керек.
Халық игілігі мен мемлекет мүддесін жеке мүддеден артық қоятын саяси тұлғалардың қалыптасуына себепші болатын – волонтерлық жұмыс. Жастардың еріктілікпен жұмыс жасауы адамгершілік қасиеттерді дамытады, халыққа қызмет көрсетуді үйрену дағдыларын қалыптастырады. Кез-келген жағдайда адамдарға көмектесуді өмірлік ұстаным деп қабылдаған жастар әділетсіздікке бей-жай қарамайтын, жақсы өзгеріс жасауға ұмтылатын азаматтар болады. Бұл оларды одан әрі жоғары лауазымдарға сатылай көтеріле беруіне мүмкіндік береді. Депутат халық қалаулысы десек, халық қалаулысы болуды қоғамға қызмет етуден бастауы тиіс.
Көп жас күнкөріс қамымен жүріп, қоғам мәселелеріне, саясатқа назар аудармай келеді. Әр адамның берекесі шаңырақтан басталады. Сол себепті жастарды қолжетімді баспанамен қамту жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар негізінде жүзеге асырылғаны дұрыс.
Жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің үштен бірі еңбек нарығында сұранысқа ие болмайтынын, жоғары білім туралы дипломы бар қазақстандық жастардың 30-40 пайызы мамандығы бойынша жұмыс жасамайтынын ескеріп, мамандыққа бағыт-бағдар берудің маңызы зор деп айта аламыз. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі де мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылуы тиіс.
Сонда ғана өз құқығын пайдаланатын және қорғай алатын, ынтымағы жарасқан жастарымыз тәуелсіз еліміздің болашағы деп айта аламыз.
ЖСДП Атырау облыстық филиалы