Жер кодексіне енгізер ұсыныстар талқыға түсті

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы «Жер үлесі бар құрылтайшылардың құқығы» атты сарапшылық кеңес отырысын өткізді.

Кеңеске облыстық басқармалар мен аудан әкімдерінің салаға қатысты жауапты мамандары, Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғалымдары, құқық саласы мен шаруа қожалығының мамандары және қоғам белсенділері қатысты.

Сарапшы топ өкілдері инвесторлар мен құрылтайшылар арасындағы жер дауларын, экология мен су мәселесіне қатысты мәселелерді, Жер кодексіне енгізер ұсыныстар мен өзгерістерді талқылап, ортақ шешімнің жауабын іздеді.

ЖСДП орталық аппаратынан арнайы келген ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Мақсұт Насибулов, жер үлесі бар тұрғындардың құқығын қорғау, инвесторлар мен құрылтайшылар (пайшылар) бір мақсатқа бірігіп, ауызбіршілікте жұмыстар жүргізуінің тиімділігін, Жер кодексіне ұсынылатын өзгерістер ЖСДП-ның Парламенттегі фракциясында көтерілетінін айтты.

Іс-шараға қатысушылар ауыл шаруашылығы мен жер саласына қатысты пікірталастарды талқылап, өз бағасын беріп, ұсыныстарын айтты.

Мәселен, шағын шаруашылықтарда тұрақты қаржыландыру болмағандықтан инвесторлармен фючингтік келісімшартқа отырады. Инвестор өз кезегінде көктемде шаруаға қаржылай қолдау көрсеткенімен, күзде өнімді шикізаттай өсімімен қайтарып алады. Одан қалған азғантай пайда жер иесінің өзге мақсаттарына жетпейді. Я техникасын жаңарта алмай, я қойма немесе жерге қажетті құрылғыларын ала алмай отыратын шағын шаруалармен мемлекет ұзақ мерзімге келісімге отырып, өз есебінен қарыз беріп қолдаса, өз жемісін берер еді. Шаруашылық аяққа нық тұрғасын мемлекет алдындағы берешегін өтеп, әлеуетін арттыруды жалғастыра береді.

Сондай-ақ, ауыл маңайындағы жайылымдық жерлердің жоқтығы да мал ұстаған тұрғындарға қиындығын тигізіп жатыр. Бір жақсысы, шаруа қожалықтары күзді күндері орылған егіндік алқаптарын ашып қойып, мал жаюға мүмкіндік беріп жатыр. Дегенмен, ауылдың айналасынан радиусы 10-15 шақырымға дейінгі аралықты жайылымдық жер ретінде белгілесе, тұрғындар өтініші орындалар еді.

Қазіргі кезде облыс бойынша үлескерлерден тұратын барлығы 852 шаруашылық құрылым бар. Өздеріңізге белгілі, қолданыстағы жер құқығы, азаматтық және кәсіпкерлік құқығы қатынастарын реттейтін заңнамаларда кәсіпкерлік субъектілердің қызметіне араласуға тыйым салынғанына қарамастан, жергілікті әкімдік өңірдегі тұрақтылықты сақтау мақсатымен үлесші мен шаруашылық арасындағы мәселелерде кеңесші-медиациялық органға айналып, шаруашылықтың қызметіне заңсыз араласуға мәжбүр болып тұр.

Жер дауы мәселесі туындаған кезде ауыл шаруашылығы басқармасы шаруашылықтағы мәселенің мәні, шығуының себептерін жекелеп қарап, талдау жасайды. Оны реттеудің жолдарын қарастырып, тараптарды келісімге шақырады, талдау қорытындысын заң аясында шешу жолдарын түсіндіреді.

Шаруашылықта наразылықтың орын алуы, оның бірнеше жылға созбалануына әкелетін негізгі факторлар:

− Шаруашылық серіктестіктерінің жарғылық құжаттарының дұрыс рәсімделмеуі, − Құқықты мемлекеттік тіркеу мәселесі (үлескерлердің жарғыға толық енбей қалуы, үлескер мұрагерінің мерзімінде жарғыға енбеуі, дивиденд мөлшерінің, оның беру мерзімдерінің көрсетілмеуі, серіктестік басшылығын тіркеудің автоматтандырылғаны), − Үлескер құқығының бұзылуы мен оның сақталуына бақылаудың болмауы (жалпы жиналыстың өтпеуі немесе формальды өтуі, серіктестік қызметінде ашықтық болмауы, дивиденд төленбеуі, бақылаушы органның белгіленбеуі), − Бөлінетін жер учаскесіне қатысты тараптардың ортақ келісімге келмеуі (учаскені анықтаудың жалпыға ортақ тәсілдері мен ережесі белгіленбегені).

Одан бөлек, үлескерлер арасындағы жер дауын шешуде қолданыстағы заңнамалық (Жер кодексі, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі, жауапкершілігі шектеулі серіктестік туралы заңына) актілерге төмендегідей өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе, жер дауларына тоқтам болар еді.

Жер учаскелерiне қатысты өзiне тиесiлi құқығын, оның iшiнде шартты жер үлесiне құқығын шаруашылық серiктестiктердiң жарғылық капиталына салым ретiнде немесе өндiрiстiк кооперативтерге жарна ретiнде берген азаматтар шаруа немесе фермер қожалығын не ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру үшiн қатысушылар (мүшелер) құрамынан шығу тәртібі ҚР Жер кодексінің 54 және 101-бабында көзделген.

Жер кодексінің 101-бабы 3-тармағы 4-ші абзацына сәйкес, қатысушылардың (мүшелердiң) құрамынан шығу туралы және жер учаскесiн бөлiп шығару туралы өтiнiш ауыл шаруашылығы ұйымына берiледi.

Осы ретте, Жер кодексінің аталған абзацын мынадай редакцияда жазу ұсынылады:

− Жер иесі серіктестік немесе қожалықтан жеке дара шығу үшін өз жерін көрсете отырып өтінішін береді, − Жыл сайынғы төлеуге міндетті ең төменгі дивидендтің мөлшерін заңнамалық түрде айқындау (жылдық кірістен %-бен), − Шаруа қожалықтары үшін басқару қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және реттеу бойынша нормативтік актілерді қабылдау, − Құрылтай құжаттарында көзделген міндеттерді орындамаған жағдайда шаруашылық басшысының жауапкершілігін (әкімшіліктен қылмыстық жауапкершілікке дейін) белгілеу, − Белгілі бір мемлекеттік органға үлесші құқығының сақталуын бақылау функцияларын бекіту, осы мемлекеттік органның функциясына жер үлестерін бөлу және жыл сайынғы есебін тыңдау туралы шаруашылықтың жалпы жиналысын мәжбүрлеп өткізу құзыретін енгізу (жиналысқа шақыру, төрағалық ету құқығымен).

Сарапшылық кеңеске жиналған сарапшылар осы айтылған ұсыныстарды толықтай мақұлдап, жер дауларына нүкте қояр уақыты келгенін жеткізді. ЖСДП-ның облыстық филиалы бұл мәселені ЖСДП атынан сайланған Парламенттегі Мәжіліс депутаттарының құзыретіне ұсынады.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы

Смотрите также: