Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы партиялық қадағалау мақсатымен қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандарымен апатты үйлердің ахуалын білді.
Рейдтік бақылау Тасбөгет, Наурыз, Титов шағын аудандардағы тозығы жеткен үйлерге жүргізілді.
Қызылорда қаласы бойынша 58 тұрғын үй (50 көппәтерлі, 8 жеке жер үй) апатты жағдайда деп танылған. Ол үйлерде 2 мыңнан аса тұрғын тіркелген.
Қазіргі таңда тұрғын үй алу кезегіне 605 отбасы тіркелген.
Тасбөгет кенті бойынша 20 көппәтерлі тұрғын үй, Наурыз шағын ауданында екі апаттық көппәтерлі және Титов қыстағында 1 көппәтерлі үй бар. Олардың бірқатары қауіпсіздік үшін бұзылып, орналасқан жері аукцион арқылы кәсіпкерлерге сатылған. Осы үйлерде тұрған 200-ден астам отбасына «Сол жағалау» шағын ауданынан баспана берілген.
Апаттық қауіптілігі басым үйлердің тұрғындары жаңа пәтер кезегі келгенше, жергілікті әкімдік берген уақытша үйлеріне қоныстанған, дегенмен ескі қоныстарын қимай, бірден жаңа баспанаға көшуді мақсат еткендер де бар.
Үйі апатты деп танылған «Батыр ана» Қалдыгүл апа мемлекеттен берілер үйге көшуді тағатсыздана күтіп жүр.
– Бұл үйге 1991 жылы жаңадан пайдалануға берілген кезде көшіп келгенмін. Жеті баламды осы үйде өсірдім, жеткіздім. Жақында апатты деп танылды, қабырғалары сөгіліп тұр, құжаттарын әкімдікке өткіздік. Енді соның орнына берілетін баспананы күтіп отырмыз, – дейді «Алтын алқа» иегері.
Тұруға жарамсыз үйлердің тұрғындарын уақытша баспанамен қамтамасыз ету немесе жаңа пәтер алу заңдылығы мен реттілігін инспекция мамандары баяндап берді. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, барлық қажеттi құжаттармен бірге өтiнiш түскен кезден бастап мұқтаждар қатарындағы азаматтарға баспана мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйден тізімде белгіленген кезек ретімен беріледі дейді.
Жоғарыда аталған баптың 3-тармағына сәйкес, тізімге енгізілген азаматтардың құқығы тең. Тек Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, жетiм балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендері бар көпбалалы аналардың ғана құқығы басым болады. Яғни, бірінші кезекте осы аталған санаттағы азаматтар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі де қалғандары ретімен алмақ.
Жалпы, Қызылорда қаласында барлығы 994 көпқабатты тұрғын үй болса, оның 51-і апатты жағдайда тұр. Бірақ бұл қатарға енбей қалғанымен, жағдайы нашар үйлер де кездеседі.
Жуырда Қызылорда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төреәлиев апатты пәтерде күнелтіп отырған отбасылар биыл жаңа пәтерге көшетінін айтқан еді. Оған облыстық бюджеттен 900 миллион теңге бөлініп, жыл соңына дейін мердігер компаниялар арасында конкурс өткізіліп, 45 пәтер сатып алынбақ. Осы пәтерлер апаттық жағдайдағы үйде тұрып жатқан тұрғындарға берілетін болады.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Қызылорда облыстық филиалы