Жойылуға шақ қалған ауылдар мәселесі депутат назарында

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының депутатты Нұрлан Әуесбаев ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке Солтүстік Қазақстанның кейбір ауылдары мен тұрғындарының мәселесін айтып арнайы сауал жолдады.

Ол, облыс орталығынан 200 шақытым қашықтықта жатқан ауылдар мен елді мекендердегі тұрғындар санының тым азайып кеткенімен қатар олардың өмір сүруіне кей жағдайлар кедергі болып отырғанын айтты. «Бүгін сіздердің назарларыңызды Солтүстік Қазақстан облысындағы шағын елді мекендері мен шекаралас аудандарының көптеген тұрғындарының өміріне әсер ететін күрделі мәселеге аударғым келеді. Петропавл қаласынан екі жүз шақырым қашықтықта орналасқан Балуан ауылы бір кездері үлкен ауыл болған еді. Қазір ауыл аумағында бес-алты отбасы ғана тұрады, олардың арасында жалғызбасты жандар мен қарттар да бар. Мұнда тіпті мал бағу үшін ауыл маңында жер жоқ! Себебі, бұрын осы елді мекеннің пайшыларына тиесілі жерлер, үшінші тұлғаларға олардың келісімінсіз берілген.

Нәтижесінде, ауыл тұрғындары зардап шегіп отыр. Мұндай жағдай еліміздің көптеген елді мекендерінде орын алуда»-деді депутат.

Депутат Нұрлан Сатыбалдыұлы ауылдардың құлдырауы мен жойылып бара жатқанын ескере отырып, бұл жағдайды жақсартуға және осы жерлерде қалған тұрғындарды қолдауға көмектесетін кешенді шараларға назар аудару өте маңызды екенін еске салды. Одан бөлек, оңтүстіктен солтүстікке көш бағдарламасының да өте сылбыр әрі кейбір жағдайда күмәнді түрде жүргізіліп жатқанына назар аударды. «Әрине, Үкімет азаматтарды оңтүстік аймақтардан солтүстікке көшіру арқылы орын алып отырған мәселені өзгертуге тырысып жатыр. Өкінішке орай, онда да азаматтарды көшіру бағдарламасына бөлінген мемлекеттік қаражатты ұрлау схемалары ашылуда. Айтып кетер болсақ: Бас прокуратура осы бағдарламаны іске асыруда көптеген заң бұзушылықтар барын айтты. Ведомствоның хабарлауынша жобадан миллиард теңгедей қаржы ұрланған! Бұл біз көріп отырғанның кішкене ғана бөлігі. Барлық жерде сыбайлас жемқорлық! Қарапайым халық әділетсіздіктен шаршады!»,-деді.

Үкіметтің сыбайлас жемқорлық схемаларын болдырмау үшін қоныс аудару бағдарламаларының іске асырылуы барысында бақылауды күшейтуі қажет екенін еске салған халық қалаулысы, проблемалардың тиімді шешілуін қамтамасыз ету ісінде ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерімен айналысатын әртүрлі мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді жақсарту бойынша шаралар қабылдау қажет екенін баса айтты.

Бұған қоса, жоғарыда айтылғандардың негізінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының депутаттары Үкімет басшысынан төмендегі сауалдарға жазбаша түрде жауап беруді сұрады.

  1. Үкімет Балуан сияқты шағын елді мекендерді қалпына келтіру үшін қандай шаралар қабылдауды жоспарлап отыр?
  2. Жер үлестерін жер иелері білмей үшінші тұлғаларға беру мәселесін шешу үшін бұдан әрі қандай іс-шаралар жүргізілетін болады?
  3. Халықты көшіру бағдарламалары бойынша ашықтықты арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес үшін қандай шаралар қабылданады?
  4. Ауылдық аумақтарды тиімдірек дамыту үшін мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді қалай жақсартуды жоспарлап отыр?

ЖСДП баспасөз қызметі

Смотрите также: