ЖСДП алаңында ерекше балалар тәрбиелеп отырған ата-аналардың мәселесі талқыланды
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы «Ерекша балалар тәрбиелеп отырған ата-аналардың әлеуметтік-экономикалық мәселелері» жөнінде отырыс өткізді. Партияның Парламент Мәжілісіндегі депутаты Ажар Сағандықова мен «Қазақстан халық партиясынан» депутат Гаухар Шаймерденованың қатысуымен өткен жиында мүгедектігі бар бала өсіріп отырған аналар мен қоғамдық белсенділер үкімет тарапынан көрсетілетін қолдау мардымсыз болып тұрғанын алға тартты. Мәселен, көмекке мұқтаж балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу, оларды қажетті тұрмыстық керек-жарақтармен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, шипажайда ем алуға мүмкіндік туғызу, жәрдемақының аздығы өзекті мәселеге айналған.
«Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының төрайымы Ботагөз Сұлтанованың мәліметі бойынша, қазір елімізде 92 мыңнан аса мүгедек бала өмір сүріп жатыр. Олардың 29,7-і – жеті жасқа дейінгілер, 53,8-і – жетіден он алты жасқа дейінгілер болса, 9,1-і – 16-дан 18 жасқа дейінгілер. Соның ішінде, республика бойынша мүгедек бала өсіріп жатқан 21 955 отбасы әлі күнге дейін баспанаға қолжеткізу кезегінде тұр екен. Оның 2171-сі Астана қаласында. Аталған қор мұндай ерекше балалар мен ересектердің мәселелерін шешу үшін, ең алдымен, соларға үкімет тарапынан көрсетілетін барлық қызмет түрін монетизациялау қажет деген ұсыныс айтты. Себебі кейбір қызмет түрлері сын көтермейді, сондықтан оның орнына қолма-қол ақшалай берілгені жақсы деп пайымдайды. Бұл отбасыларға қажетті сапалы техникалық құралдар алуға, балаларына емдік және оңалту шараларын жүргізу үшін шипажайды және жақсы маманды таңдау құқығы берілмей отыр екен.
«Мүгедектігі бар жандардың таңдау құқығын шектеуге ешкімнің хақысы жоқ. Алайда қазір сондай жағдайға тап болып отырмыз. Мұндай балалар мен ересектер ешқайда шықпай, үйінде отыруға мәжбүр, себебі ата-анасының баласының барлық қажеттілігін өтеуге қаржылық мүмкіндігі болмай тұр. Ал оларды қоғамдық ортаға бейімдеу маңызды», - дейді Ботагөз Сұлтанова.
Жиынға келген аналар бірнеше мәселе бойынша ұсыныстарын жеткізді. Мемлекет ерекше балалар тәрбиелеп жатқан отбасыларға баспана алуға қолдау көрсетсе, осындай ата-ананың біріне зейенткерлік жасты 50-55 жасқа дейін төмендетсе және зейнетақы аударымдарын тағайындаса екен деп отыр.
Сонымен қатар, қатысушылар менталды бұзылысы бар балаларды мүгедек ретінде тану шарттарын қайта қарау қажеттілігін жеткізді. Олардың айтуы бойынша, 18 жастан асқанда бала күтімі үшін жәрдемақы берілмей қояды, ал «аутизм» сияқты диагноз жағдайында балаға өмір бойы күтім жасалуы қажет.
Сондай-ақ, мүгедектігі бар балалар мен ересектерге оңалту қызметтерін жасайтын барлық мемлекеттік және жекеменшік мекемелерге онлайн-камералар қойып, полиция басқармасының қадағалауына тапсыру қажеттігі айтылды. Себебі биыл Астанадағы «Баламай» мен «Нұрлы жүрек» оңалту орталықтарында қатыгездікке жол берілген екен. Сондықтан ата-аналар: «мұндай балаларға күш қолданғандарға жазаны қатайту керек» дегенді бірауыздан қолдады.
18-ден асқан мүгедектігі бар ересектерге арнап қаланың ішінен ыңғайлы жағдай жасалған оңалту орталықтарын ашу, мұндай балалар мен ересектер және оны жанында алып жүретіндер үшін әуе билеттеріне 50 пайыз жеңілдік беру, білім ордаларында жүріп-тұруға жағдай жасау қажет деген ұсыныстар болды. Жиналған аналардың айтуынша, «Даун синдромы» бар балаларды психиатр есебінен шығару абзал, себебі бұл генетикалық аурудың салдары болып саналады.
«Инватакси қызметін атқаратын делдалдарды алып тастап, одан да сол қаражатты ерекше балалар мен ересектер өзі қалаған уақытта жолға шыға алуы үшін қолма-қол бергені дұрыс. Бұдан бөлек, қимыл-тірек аппаратына зақым келген ерекше балалар мен ересектерге курорттық шипажайда ем алуына мүмкіндік жасалса екен. Себебі балалар өзіне-өзі қызмет көрсете алмайды деген уәжбен былтыр бұл қызмет алып тасталған», - дейді ата-ана Маржан Абдуллина.
Іс-шара соңында депутаттар аналардың мүддесін қорғау мақсатымен аталған мәселелерді қадағалауға алатынын айтты.
ЖСДП Баспасөз қызметі