ЖСДП Атырау облыстық филиалы прокурордан заңсыздықтардың алдын алуды сұрады

ЖСДП Атырау облыстық филиалының төрайымы Н.Камалова облыстық Қоғамдық кеңестің құрамымен бірге Атырау облысының прокуроры Бауыржан Альбертұлы Жұмақановпен кездесті.

Кездесу барысында Атырау қаласында қарқынды жүріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы заң талаптарына сай жүргізілуін прокуратура назардан тыс қалдырмаса деген ұсыныс айтылды. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін СНиП-қа сәйкес 2-3 қатарлы үйлердің арасы – 15 метр, 5 қатарлы үйлердің арасы – 25 метр, 9 қатарлы үйлердің арасы – 45 метр болуы керек, ал қазір тығыз салынатын ғимараттарға шағым көбеюде.

Көп қабатты үйлерді модернизациялау бойынша жөндеу жасайтын жауапкершілігі шектеулі серіктестікті (бұдан әрі ‒ ЖШС) тұрғындардың өздері таңдайды. Ол ЖШС-те 1 немесе 2 қызметкер болады. Жөндеу жұмыстарын көршілес елдердің сылақ жасауды да білмейтін азаматтары жасайды. Бір ЖШС бір маусымда 10-15 үйді жөндейтін болғандықтан, екі қызметкер бақылау жасап үлгермейді. Сондықтан үйлер сапасыз жөнделіп, шатырлары ұшып, көпқабатты үйлердің тұрғындары модернизацияның ақшасын он жыл бойына төлеуге мәжбүр.
Панельді үйлердің бірінші қатарына жалғама құрылысына бірнеше жыл бұрын тыйым салынса да, қалалық архитектура тарапынан осындай құрылыстарға рұқсат беру, салынған жалғаманы заңдастастыру белең алған. Қала тұрғындары мемлекеттік органдарды жағалап шағымданып, Президентке, министрлікке хат жолдап, соттасып жүр. Жергілікті халық тарапынан наразылықтарды болдырмас үшін ЖСДП-ның Атырау облыстық филиалы прокурорлардан мемлекеттік қызметкерлер жол беретін заң бұзушылықтардың алдын-алу шараларын жасауды сұрады.

ЖСДП Атырау облыстық филиалының баспасөз қызметі

Смотрите также: