24 мамырда Парламенті Мәжілісіне «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекет меншігіне қайтару туралы» заң жобасы келіп түскен еді. Бүгін дауысқа салу кезінде ЖСДП заң жобасын қолдайтынын білдірді.
«Халық қазынасынан ұрланған активтерді елге қайтару біздің, яғни Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген айқын мақсат-міндеттердің бірі. Бағдарламамыздың «Халықтың еңсесін көтеріп, олигархтарды әшкерелеу» тармағында «Біз егжей-тегжейлі тексеру жүргізіп, ұрланған қаражатты, оффшорға жасырылғанның бәрін елімізге қайтаруға міндеттіміз» деп атап көрсеткен едік», - деді дептат Нұрлан Әуесбаев.
Мәселен, сарапшылардың есептеуінше, мемлекеттік қаражатты ұрлау, сыбайлас жемқорлық, қаражатты иемденіп кету мен салықтан жалтару әрекеттерінің салдарынан шетелге шамамен, 140-160 млрд АҚШ доллары шығарылған екен.
Ал осы заң жобасын қабылдау әлеуметтік-экономикалық жағдайға оң әсер етпек. Біріншіден, қоғамдағы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіреді. Екіншіден, заңсыз сатып алынған және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару арқылы халқымыздың әл-ауқатын арттыруға болады. Үшіншіден, активтерді ерікті түрде қайтаруға ықпал етеді, әрі активтерді заңсыз сатып алуға жол ашқан себептер мен жағдайларды жоюға көмектеседі.
«Мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтайтын және басқаратын арнайы мемлекеттік қор және басқарушы компания құрылатын болады. Қайтарылған активтерді қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға және осы процестің ашық әрі тиімді жүргізілуіне мүмкіндік береді. Ендігі жерде біздің елде сыбайлас жемқорлыққа, мемлекет қаржысын талан-таражға салуға, елдің және халықтың байлығын ысырапсыз шашуға жол берілмейтіндігін әр азамат білуі тиіс. Біздің басты мақсатымыз – заңнамалық негізде активтерді қайтаруды іске асыруға кірісу мүмкіндігін жасау. Мен заң жобасын қолдаймын және әріптестерімді де оны қолдауға шақырамын», - деді халық қалаулысы Нұрлан Әуесбаев.
ЖСДП Баспасөз қызметі