Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалының белсенді жастары "Таза Қазақстан" республикалық акция аясында сенбілік ұйымдастырды.
Бұл шараның мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, табиғатты сақтау және қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға үлес қосу.
Сенбілікке қатысқан жастар қаланың қоғамдық орындарын, саябақтарды және жағажайларды қоқыстардан тазарту үшін жұмылып, өздерінің қоршаған ортаға деген қамқорлықтарын көрсетуді мақсат етті. Шара барысында қатысушылар бухтаның жағалауындағы қоқыстарды жинап, демалушыларға экологиялық мәдениетті сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сенбілікте 100 қап қоқыс шығарылды. Жаз айындағы демалыс мезгілінен соң ол жердегі қоқыс көп жиналып қалғандығына көз жетті. Бұл шара тек игіліктің бастамасы деп ойлаймыз.
«Голубая бухта» – Маңғыстау облысындағы табиғи сұлулығы ерекше орындардың бірі, сондықтан оны қорғау және маңайын ұстау жергілікті қауым үшін маңызды міндет болып табылады. Экологиялық сенбіліктер осындай шаралардың маңыздылығын көрсетіп, табиғатты қорғауға бағытталған қозғалысты жандандыруға ықпал етеді.
Өз жерімізді өзіміз аялайық!
ЖСДП баспасөз қызметі