2006 жылы 7 тамызда күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясын құру туралы азаматтардың Бастамашыл тобының жиыны өтті. Онда ЖСДП-ны құру жайлы Республикалық ұйымдастыру комитетінің құрылғаны туралы шешім қабылданып, бағдарламалық мақсаттар мен міндеттер, құрылтай съезіне дайындық мәселелері талқыланды. Қазақстанның барлық облыстарында аймақтық ұйымдастыру комитеттері құрылып, ұйымдастыру, үгіт-насихат жұмыстары қолға алынды.
2006 жылы 10 қыркүйекте Алматыдағы Республика сарайында еліміздің барлық аймағынан келген 2500 делегаттың және достық көңілдегі партиялар мен ұйымдардың қатысуымен Құрылтай съезі болып Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының құрылғанын жариялады. Партия төрағасы болып Жармахан Тұяқбай сайланды. Партияның Саяси Кеңесі мен оның Төралқасы жасақталды.
2007 жылы 23 қазанда ЖСДП Саяси кеңесі ҚР Әділет министрлігіне партияның құрылғаны туралы құжаттар мен 127431 мүшесінің тізімін тапсырды.
2007 жылы 25 қаңтарда ЖСДП мемлекеттік тіркеу туралы құжатты алды.
2007 жылы 3 ақпанда Алматыда партияның 2-ші съезі өтті, онда облыс орталықтары мен Алматы, Астана, Семей қаларында партияның 17 аймақтық филиалдарының құрылғаны туралы шешім қабылданды.Партия тіркелгеннен кейін бірер ай өте сала, шұғыл жарияланған кезектен тыс Мәжіліс сайлауына дайындықты бастап кетті.
2007 жылы 23 мамырда ЖСДП мен «Нағыз Ақжол» парламент мәжілісіне сайлауға, біріге одақ құрып қатысуға шешім қабылдады, алайда «Сайлау туралы Заңының» жаңа жобасы бойынша сайлау одақтарын құруға тиым салынуына байланысты «Нағыз Ақжол» демократиялық партиясы Жалпыұлттық социал-демократиялық партия құрамына енді.
2007 жылы 18 тамызда биліктің өрескел фальсификацияларымен және «Сайлау туралы Заңын» тағы басқадай жолмен жиі бұза отырып өткізген кезектен тыс Мәжіліс сайлауы өтті. 7 партияның ішінде билік партиясынан кейінгі екінші орынды алған ЖСДП, ресми мәлімет бойынша сайлаушылардың 4,54 пайыз даусын жинап, қойылған 5 пайыздық шектен өтпей Парламентке кіре алмай қалды. Іс жүзінде партияның қолына түскен хаттамаларға (көптеген сайлау учаскелері хаттаманы бермеді) сәйкес бірқатар аймақтарда ЖСДП 30 пайыз немесе одан да көп дауыс жинаған болатын (Мысалы, Алматыда тіпті ресми мәліметтер бойынша әрбір үшінші сайлаушы социал-демократтарға дауыс берген, сондай ақ Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан және тғы да басқа облыстарда жетістікке жеткен). Сайлау нәтижесімен келіспеген ЖСДП сотқа 3000-нан астам талапарыз түсіреді, бірақ, олар қанағаттандырылмады.
2008 жылы 12 мамырда «Халық Кеңесі» қоғамдық парламентінің алғашқы отырысы өтті. Бұл орган Парламентке азаматтық баламалы таңдау ретінде ЖСДП-ның бастамасымен және ұйымдастыруымен құрылды, оның жұмысына 5 саяси партияның жетекшілері мен өкілдері, 24 үкіметтік емес ұйымдар, тәуелсіз қоғам қайраткерлері қатысты. Халық Кеңесіне қатысушылар елдің жаңаруына мүдделі қазақстандықтар мен барлық демократиялық саяси күштердің кеңейтілген түрдегі коалициясын құрудың аса қажеттілігін мәлімдеді.
2009 жылы 11 сәуірде ЖСДП Қазақстанның демократиялық оппозициясы Форумының құрылтайшысының бірі болды, оған сондай-ақ Коммунистік партия, ҚДП «Азат» және тіркелмеген «Алға» партиясы қатысты. Жиында аталған партиялардың шоғырлану мүмкіндіктері талқыланып, сәйкесінше ұйымдастыру комитеті құрылды.
2009 жылы 24 қазанда партияның 5-ші съезі өтті. Съезд демократиялық күштердің бірігуі идеясын іс жүзіне асырды, ал делегаттар «Азат» партиясының ЖСДП құрамына кіру туралы бастамасын қолдап шешім шығарды. Осыған байланысты біріккен партияның атауы «Азат» Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы болып өзгергені туралы шешім шықты. Алайда, партия атауының өзгергеніне байланысты қолайлы тәртіптің болуына қарамастан ҚР Әділет министрлігі бір жарым жыл бойы әр түрлі сылтаулармен партияны қайтадан тіркемей, ал 2011 жылы сәуірінде осыны рәсімдеуге рұқсат бермеді, сөйтіп заңдық тұрғыдан партиялардың бірігуін жоққа шығарды.
2011 жылы 4-5 мамырда Алматы қаласында өткен Социалистік Интернационалдың ТМД, Кавказ және Қара теңіз аймағы бойынша комитетінің жиынын, ЖСДП бастап, ұйымдастырды. Бұл ЖСДП-ның 2008 жылы бастаған социал-демократиялық және социалистік партияларды біріктірген осы халықаралық ұйыммен бірігу барысында маңызды қадам болды. Жиында Социнтерннің Бас хатшысы Луис Айяла «Қазақстан және бүкіл Орталық Азия үшін социал-демократиялық идеялардың айрықша өзектілігін, сондай-ақ ЖСДП-ның бостандық пен әділдік құндылықтары үшін күресінің осы күрделі аймақта ерекше маңызы бар» екенін атап өтті.
2012 жылы 12 қаңтарда партия кезектен тыс өткен, тағы да кең көлемде фальсификациялар орын алған Мәжіліс сайлауына ОСК қортындысы бойынша 1,68 пайыз дауыс жинады (7 партияның ішінде 4-ші орын). Бұл жолы да партияның қолына түскен хаттамалар кем дегенде сайлаушылардың 25 пайыз даусын жинағанын көрсетті. Атап айтқанда, Алматыда тіпті ресми деректер бойынша «Нұр Отаннан» кейінгі 2-ші орын алды. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстанда көп дауыс жинады. Бұрынғыдай, партияның заңбұзушылықтар туралы сотқа берген талап-арыздары іс жүзінде қараусыз қалды.
2013 жылы 20 наурызда Алматыда ЖСДП-ның 10-шы съезі өтті. Онда ЖСДП-ның «Социал-демократия – 21 ғасырдың жолы» деген атпен жаңа бағдарламасы қабылданды. Сарапшылардың жоғары бағасын алған бұл бағдарлама – халықаралық социал-демократия стандарттарына сәйкес, Қазақстан дамуы қажеттіліктері мен нақтылы жағдайларда қолдануға ыңғайлы жасалған, ел тарихындағы тұңғыш саяси бағдарлама болып табылады. Оған қоса, съезде партия төрағалығына Жармахан Тұяқбай қайта сайланды.
2014 жылы 31 наурызда партия төрағасы Қазақстан Президенті Н. Назарбаевқа ашық хат жазып, онда мемлекет басшысын Қазақстанның Евразиялық экономикалық одаққа қосылуында асығыстық жасап, мәселені жасырын әңгімелер арқылы шешуден сақтандырды. Хатта, екі ел арасындағы лайықты дәрежеде бірігу тек қана екіжақты еларалық келіссөздер арқылы ғана іске асуы мүмкін екендігі, «қоғамға беймәлім табыстар мен болжап болмайтын келешекке» арналған құрылым қажет емес екендігі, мемлекеттік экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі, бюджет дефицитінің ұлғайуы, қазақстандық шағын және орта бизнеске нұқсан келтіру, ұлттық валютаның құнсыздануы, Ресей тарапынан жасалатын нарықтық емес реттеу шаралары мен саяси ұмтылыстары істі насырға соқтыруы мүмкін екені айтылды.
2014 жылы 31 мамырда партияның демократиялық күштерді топтастыру үшін жасаған қарекеті жаңа және маңызды нәтиже беріп, Алматыда Жалпыұлттық Азаматтық Жиналыстың (ЖАЖ) алғашқы отырысы өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 500-ден аса қоғам қайраткелері, саясаткерлер, сарапшылар, азаматтық белсенділер қатысты. Нәтижесінде ЖАЖ Бағдарламалы қарау қабылдады, онда елді жан-жақты модернизациялау, азаматтық қоғам белсенділігін арттыру, саяси жүйені либерализациялау мәселелері бойынша концептуалдық міндеттерін жариялады.
2014 жылы маусым айында Қазақстанның барлық Сайлау комиссияларының жаңа құрамын жасақтау аяқталды, оның барысында жергілікті мәслихаттар комиссия құрамына ЖСДП ұсынған 3,5 мың үміткерді түгелдей дерлік кіргізбей «Сайлау туралы» Конституциялық заң бұзылуы орын алды.
2014 жылы 15-16 қыркүйекте Астанада өткен Социалистік Интернационалдың ТМД, Кавказ және Қара теңіз елдері бойынша Комитетінің отырысына ( Қазақстанда өткен екінші жиын) ЖСДП белсене қатысты. Сол сәтте қатты шиеленіскен Украина төңірегіндегі жағдай, әлемдік социал-демократиялық қозғалыстың шиеленістерді шешу және бейбітшілікті қамтамасыз етудегі рөлі, аймақтағы елдердегі демократияның ілгерлеуі, толеранттылық пен келісімге келу сияқты мәселелер жиынның басты тақырыптары болды. Нәтижесінде Комитет мүшелері «Украина төңірегіндегі жағдай туралы» резолюция қабылдады, онда күш қолданудың кез-келген түрінің көрініс беруін үзілді-кесілді айыптап, жанжалға қатысушы тараптарды «келіспеушіліктерден келіссөздер мен ымыраға келу жолы арқылы құтылудың барлық мүмкіндіктерін қарастыруға» шақырды, әлемдік социал демократияның» дағдарысты реттеудің және зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетуге» ниеті барын жеткізді. «Астана декларациясы» деген атпен белгілі құжат Социнтерннің Украина мәселесіне байланысты жасаған ресми мәлімдемелерінің бірі болып табылады. Сол күндері, екіжақты партиялық әріптестікті орнату мақсатында ЖСДП Төрағасы – Ресей, Украина, Әзербайжан, Армения, Тәжікстан, Венгрия, Молдова елдерінің социал-демократиялық партияларының жетекшілерімен кездесті
2014 жылы 12-13 желтоқсанда Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Женевадағы БҰҰ-ның Ұлттар сарайында өткен «Халықаралық бейбітшілік және қауіпсіздік, жанжалдарды реттеу және терроризмнің алдын алу» тақырыбында өткен Социалистік Интернационалдың жиынына қатысты. Партия төрағасы аймақтардағы жанжалдардың қалай басталғаны, себептері жайлы, кедейлік проблемалары, саяси қуғын-сүргін, амалсыздан көшіп-қону және осыған байланысты туатын гуманитарлық аспектісі жайлы баяндама жасады. Социнтерннің Женева жиыны ЖСДП-ның осы ұйымға толыққанды мүшелігін бекітті, осы арқылы партияның социал-демократиялық идеялары мен құндылықтарына түпкілікті берік ұстанымда екенін мақұлдады.
2015 жылы сәуірде партия Алматы мәслихатын, қаланың жаңадан құрылған 23 сайлау комиссияларының құрамына ЖСДП-ның бірде-бір өкілін қоспағаны үшін сотқа берді, онда «Сайлау комиссияларын жасақтаудағы әділдік пен ашықтық принциптерін қорғау, қазақстандықтардың сайлау құқықтарын қорғау мақсатында» деп көрсетілген болатын. Сот талап-арызды кері қайтарды.
2015 жылы 1-3 қыркүйекте Кейптаунда (ОАР) өткен Социалистік Интернационалдың Конгрессіне қатысушыларға, ЖСДП Социнтерннің дауыс беру құзіреті бар, толыққанды мүшесі деп таныстырылды.
2016 жылы 20 наурызда мерзімінен бұрын өткен Парламент Мәжілісі сайлауында ЖСДП 4-ші орын алды, тағы да бұрынғыдай билік өкілдері тарапынан «Сайлау туралы Заңын» бұзудың көптеген фактілері орын алды. Тағы да Оңтүстік және Батыс өңірлерде ЖСДП-ға көбірек дауыс берді, ал Алматыда ЖСДП ресми түрде екінші орынды қиындықсыз алды. Партия, жаппай фальсификациялардың орын алуына байланысты бұл сайлауды легитимсіз және сайлау нәтижелерін мойындамайтыны туралы мәлімдеме жасады.
2016 жылы сәуірде ЖСДП өз жұмысын «Социал-демократияның авторитарлық жүйеге және антиәлеуметтік мемлекетке қарсы идеология ретінде тиімділігін арттыруды бекітуді, елді модернизациялаудың негізгі құралына айналдыру мақсатында» реформалайтынын жариялады.ьПартияның жетекші құрамын жасарту, партияның барлық құрылымдарына жастарды кеңінен тарту, аймақтардағы филиалдар мен ұжымдық органдардың өкілеттіліктерін күшейту сияқты міндеттер белгіленді. Партия жариялаған «Көктемгі шақыру» арқылы партия қатарына 2 мыңға тарта жастар мүшелікке өтті.
2016 жылы мамырда ЖСДП Қазақстан жерін шетелдіктерге сатуға байланысты алаңдаушылық білдірген азаматтарды қуғын-сүргінге салу жағдайында, жерге қатысты ресми саясатпен келіспеушілерді кез-келген қудалау түрін тоқтатуды, қоғамның бұлай дүрлігуін болдырмау үшін заңнамалық шарт жасауды талап етті, атап айтқанда Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жеке меншікті жою, жердің нақты инвентаризациясын жасау, отандық ауылшаруашылық өнімін өндірушілерді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру. Осы талаптарды қоя отырып ЖСДП мүшелері тарихқа «Жер митингілері» деген атпен кірген қарсылықтарға белсене қатысты.
2017 жылы 1-4 наурызда Картахенада(Колумбия) өткен Социалистік Интернационалдың Конгрессінде ЖСДП төрағасының партияаралық байланыстарды нығайту мақсатындағы Австрия, Әзербайжан, Аргентина, Беларусь, Болгария, Венгрия, Греция, Үндістан, Молдова, Монғолия, Финляндия т. б елдерден келіп қатысушы партия делегацияларының жетекшілерімен кезекті кездесулері болды.
2017 жылы 25 мамырда Алматыда ЖСДП-ның Әйелдер және Жастар қанаттарының Форумы өтті. Бұл шара, 2013 жылы құрылған аталған ұйымдарды дамудың жаңа кезеңіне шығарды. Форум барысында «Азаматтық оқытулар» курсы ұйымдастырылды. Осындай форумдар бірқатар аймақтық филиалдарда да өткізілді.
2019 жылы 26 сәуірде ЖСДП 14-ші съезінің делегаттары Ж. Тұяқбайдың партия төрағалығы, қызметінен кетуіне байланысты дауыс берді. (Ол: «Мен, уақыт талаптарына сай, партияға жаңа серпін беру мақсатында, толғана отырып, осындай шешімге келдім» деп түсіндірді). Жармахан Тұяқбайдың ұсынысымен төрағалыққа публицист Ермұрат Бапи сайланды. Партия Саяси Кеңесі және оның Төралқасы жаңартылды. ЖСДП 2011 және 2015 жылдардағыдай Президенттік сайлауға «биліктің бұл қойылымдық фарсын легитимдеп беруден бас тартып» бойкот жариялады.
2019 жылы 6 қыркүйекте ЖСДП-ның 15-ші съезінде делегаттар Е. Бапиды төрағалықтан алып тастауға дауыс берді. Партияластардың оған қойған басты айыбы «партияның дербестігіне және социал-демократиялық сипатына нұқсан келтіретін волюнтаристік шешімдер қабылдауы» болды. ЖСДП төрағалығына осыған дейін Астаналық филиалдың жетекшісі болған Асхат Рахимжанов сайланды.
2019 жылы 1-3 қарашада Нұр-Сұлтанда ЖСДП Саяси Кеңесінің отырысы өтті. Жиын партияны басқарушы органдардың құрылымыдарын жетілдірді, партияның оппозициялық социал-демократиялық сәйкестігін бекітті және партияны жан-жақты модернизациялаудың кешенді шараларын анықтады.