Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
«ПРОГРЕСС ЖОЛЫНДАҒЫ 20 БЕЛЕС»
Таңдаймыз! Бақылаймыз! Талап етеміз!
ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДА бүкіл билік халыққа тиесілі. Қазақстанда жалпы халықтың әл-ауқатын арттыруға барлық мүмкіндіктер бар.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан саяси және экономикалық жаңғырудың даңғыл жолынан өтті.
Мемлекеттік институттардың жаңғыртылуына және азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейтуге жағдай жасаған конституциялық реформа ел тарихының жаңа парағын ашты.
Өзгерістер туралы пікірталасты тоқтатып, халықтың және келер ұрпақтың игілігіне арналған басты мәселеге күш-жігер салатын уақыт келді.
Мемлекеттің әр үдерісті бақылап, бәрін қадағалауға ұмтылатын басқарушы емес, әділ әрі тиімді реттеуші болу міндетін біз құптаймыз.
Мемлекеттің міндеті – қоғамдағы тәртіп пен ережелердің адал әрі түсінікті болуын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және заңның сақталуын қадағалау. Мемлекет үлкен артықшылығы бар ойыншы ретінде әрекет ете бастаған жағдайда әділетсіздік, жемқорлық қалыпты құбылысқа айналады.
VIII шақырылымындағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде жұмыс атқарғанда, біз мемлекеттік жүйенің ішкі тетіктерін ғана емес, оның тереңде жатқан мәселелерін де анық көрдік.
ЖСДП монополияға, олигархиялық ықпалға және саяси лоббишылдыққа қарсы.
Біз әлеуметтік әділеттілікті, баршаның заң алдындағы теңдігін, адал бәсекені, қоғамдық ынтымақ пен мемлекеттік құрылымдардың барлық азаматтарға бірдей қызмет ететін ашық мемлекетті қолдаймыз.
«Прогресс жолындағы 20 белес» – әділ әрі ілгері өзгерістер туралы бағдарлама. Аталған бағдарламада мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі, экономикалық тиімділік және технологиялық даму қамтылған.
Біз Қазақстанның ұлттық байлығы халықтың игілігіне қызмет ететін, технологиялары қоғамның дамуына жұмыс істейтін, ал билік халық алдында есеп беретін мемлекетке айналуға қабілетті екеніне сенімдіміз. Шын мәніндегі прогрестің нағыз жолы – осы.
Партиямыздың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында осы міндеттерді шеше отырып, біз сіздермен бірге 20 белесті бағындыруға кірісеміз.
I. ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ
1. ЭКОНОМИКАНЫ МОНОПОЛИЯДАН АРЫЛТУ
Ірі компаниялардың қолында нарықтың шоғырлануы экономиканың басты мәселелерінің бірі саналады.
Монополия бәсекені әлсіретеді, бағаларды жоғары деңгейде ұстап, шағын және орта бизнестің даму мүмкіндіктерін шектейді. Мұндай жағдайда экономиканың әділетті және тиімді болуы қиындай түседі.
ЖСДП монополияға қарсы жүйелі саясатты және шешуші салаларды монополиядан артылтуды көздейді. «Ескі Қазақстанның» келеңсіз тұстарын жоямыз.
Нарық бәсекеге ашық болуы тиіс, ал мемлекет тұтынушыларға, кәсіпкерлерге және жалпы экономиканың дамуына нұқсан келтіретін кез келген үстем жағдайдың жолын кесуге міндетті. Ұлттық нарық мен елдің табиғи ресурстары есебінен аса жоғары көлемде табыс табатын ірі бизнес мемлекет пен қоғам алдындағы жоғары әлеуметтік жауапкершілігін орындауы тиіс.
Біз ірі және аса ірі кіріске (сән-салтанат салығы) прогрессивті салық салуды енгізуді, сондай-ақ өңірлерге, әлеуметтік инфрақұрылымға және еңбеккерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі бизнестің міндеттемелерін күшейтуді қолдаймыз.
Экономикалық жүйенің шегінде капиталдың өсімі мен қоғамның дамуына тиесілі нақты үлес қатар жүруі тиіс.