Қорғаныс министрлігі күштік құрылымдардағы мәселелерге қатысты ЖСДП депутатының сауалына жауап берді

Өткен айда ЖСДП депутаты Наурыз Сайлаубай Парламент қабырғасында күштік құрылымдардағы мәселелерді, соның ішінде әскерде әлімжеттік көрсету мен сарбаздар арасында суицид оқиғаларына жол беріліп жатқанын сынға алып, ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтан елімізде армияны реформалау үдерісі қай деңгейде жүзеге асып отырғанын сұраған еді.

Себебі Әскери прокуратураның мәліметі бойынша, соңғы бірнеше жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза тапқан. 2020 жылы – 78, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 85 және 2023 жылдың басында – 11 әскери қызметкер.

«Бейбіт күнде әскерде қаза тапқандар, мертіккендер жиілеп барады. Арасында әскерге шақырылып, 10 күн ішінде жұмбақ жағдайда қайтыс болғандар да бар. Нағыз ер болуға тәрбиелейтін азаматтар үйіне есінен адасып, бірі сал болып, бірі табытқа оранып қайтуда. Сәйкесінше, жастардың көбісі Отан алдында борышын атқарғысы келмейді, тіпті бармау үшін түрлі жемқорлық жолдарымен өтірік анықтамалар жаздыртып, заңға қайшы әрекеттерге де баруда. Балаларының заңсыз әрекеттерін ата-аналары да көріп отыр және оны қолдайды. Өйткені бірнеше рет әскери қоймаларда болған жарылыстарды, жарғыға қарсы іс-әрекеттерді, әскери қызметкерлердің өлімі мен қайғылы оқиғаларды көрген ата-ана ұлын әскерге жіберуге қорқады. Бұл жағдайлар халықтың қорғаныс саласына деген сенімі төмендеп жатқанын және жастардың әскерге деген қызығушылығы азайғанын көрсетеді. Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру жүйесін реформалаумен айналысуы үшін тағы қанша жас азамат мүгедек болуы керек? Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан армиясын реформалау бойынша кешенді жұмыс қаншалықты жоспарлы түрде жүріп жатыр және Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын жаңғырту, оларды заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жасақтандыру, әскери дайындықты жетілдіру, әскери инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру, әскери қызметтің беделін арттыру жоспары қалай жүріп жатыр?», - деген сауал тастаған болатын Наурыз Сайлаубай.

Оған жазбаша жауап қайтарған Министрдің міндетін уақытша атқарушы генерал-лейтенант Р. Шпекбаев Қарулы Күштердің құрылымын жетілдіру үшін арнайы операциялар құрылғанын, десанттық-шабуылдау әскері құрлық әскері құрамынан шығарылып, өз алдына дербес әскер ретінде қайта құрылғанын баяндады. Сонымен қатар, азаматтық қорғаныс бөлімшелері құрылып жатқанын және әскери полиция органдарының құрамында жедел ден қою бөлімшелері пайда болғанын жеткізді. Былтыр 1900-ден астам офицер, келісімшартпен келген сержанттар мен сарбаздар Қарулы Күштердің құрамына алынып, 32 мыңнан астам азамат мерзімді әскери қызметке шақырылған екен.

«Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігі жылдан жылға артуда, ол үшін бюджетте 20 млрд теңгеден астам қаражат көзделген, жарты жылдық оқу циклі енгізілді. Бұл әскери бөлімдердің және әскери қызметшілердің даярлығының сапасын арттыра түсті. Әскерде қазіргі заманғы оқыту әдістемесі енгізіліп, ресурсты үнемдеу үшін полигон жабдығы мен оқу тренажерлерінің саны ұлғайтылып жатыр. 2022 жылы Қарулы Күштердің құрамалары мен әскери бөлімдеріне 150-ден астам жаңа әскери техника сатып алынды, оның ішінде көп функционалды Су-30СМ ұшақтары, ТОР-М2Э зениттік-зымыран кешені, «Арлан» броньды дөңгелекті машиналары, GM-403 радиолокациялық станциясы, робототехника кешені және т.б. Бұдан басқа, 10 мыңнан астам арнайы құралдар мен қазіргі заманғы байланыс құралдары алынды. Сонымен қатар, 90-нан астам әскери техника күрделі жөндеуден және жаңғыртудан өткізілді. Қазіргі әскери инфрақұрылым кеңес армиясының стандарттарына сәйкес құрылған. Сондықтан біздің алдымызда армияны трансформациялау бойынша күрделі тапсырма тұр. Біз жаңа гарнизондарды, әскери қалашықтарды бұрын олар болмаған жерде салып жатырмыз. Оқ-дәрілерді сақтауға арналған қауіпті объектілер елді мекеннен тысқары жерлерге орналастырылуда», - деп жазылған Қорғаныс министрлігінің жауап хатында.

Сондай-ақ, аталған министрліктің мәлімдеуінше, әскери қызметтің беделін арттыру және әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысының қолдауымен 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қарулы Күштер жеке құрамының жалақысы 35 пайызға өскен. Ал 2024 жылы қаңтардан бастап әскери атағы үшін төленетін үстемеақы 30 пайызға арттырылмақшы. Әлеуметтік пакеттің келесі компоненті – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бүгінде 40 мыңнан астам адам тұрғын үй төлемін алып отыр. 2018-2022 жылдар аралығында 13 мыңнан астам әскери қызметші жеке баспаналы болған. Әскери қызметшілерге жеңілдік негізінде білім алу, кредит бойынша төлемді шегеру сияқты тағы да басқа жұмыстар атқарылып жатыр екен.

«Ал жеке құрамның қаза табу, ауыр жарақаттар мен зақым келгеніне байланысты оқиғаның, сондай-ақ казармадағы заң бұзушылық жағдайлардың барлық фактісі бойынша тез арада ықпал ету шаралары қабылданады: қызметтік тергеп-тексеру жүргізіледі, алғашқы себептер, жай-күй және лауазымды адам кінәсінің деңгейі айқындалады, оларды қатаң тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы бұйрықтар шығарылуда. Барлық әскери бөлімде сарбаздардың ата-аналарымен әлеуметтік чат пен телефон байланысы арқылы кері байланыс жасалды. Патриотизм мен әскери борышқа адал болу негізі, жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлық, психологиялық тренинг, жеке тәрбие жұмысы, жалпы жиналыс, құрмет көрсету кеші, құқықтық білім мен ашық есік күндері, ахуалдық кейс, әскери қызметшілердің әскери борышын атқару барысында көрсеткен ерлік мінезін насихаттау арқылы дариды. Қазіргі таңда, Қазақстан Қарулы Күштері аралас түр бойынша жасақталуда, оның жеке құрамының 70 пайызы кәсіби білікті әскери мамандар, ал 30 пайызы қысқа мерзімді қызметтегі сарбаздар», - деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

ЖСДП Баспасөз қызметі