ЖСДП Төралқасының мәлімдемесі. Шынайы саяси реформалардың уақыты келді

Еліміз осы кезеңде үлкен сын сағаты алдында тұр. Ұзақ жылдар бойы қоғамда орын алып келген авторитарлы диктатура жаппай жемқорлыққа ұласып кетті. Мемлекеттің ресурстары мен игіліктері ел азаматтары арасында әділетті бөлінуі қамтамасыз етілмеді. Оның арты кешегі «қасіретті қаңтар» қайғысына алып келді. Бұрыңғыша «алдымен экономика – одан кейін ғана саясат» ұранының өзектілігі қалмады. Халық жаңа саяси реформаларды қалайды. Бұл саяси қайта-құру процесін билікпен байланысты ұйымдарда емес, жалпыхалықтық ашық алаңдарда талқылау жөн.

Біз ұсынып отырған саяси модернизациялаудың мақсаты – бейбіт жолмен, жоспарлы түрде авторитарлық жүйені келместей етіп қайта құру! Бұл өзгерістерді Парламент сайлауының жариялауына дейін енгізу керек. Әйтпесе, депутаттық корпустың құрылуы бұрынғы ережелер бойынша өтеді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы еліміздің саяси құрылымында келесі өзгерістерді ұсынады:

  • басқару түрі бойынша Қазақстан парламенттік-президенттік формасына көшуі керек. Парламентке шынайы бақылау мен заң шығару өкілеттіктерін беру. Заң шығарушы органы – бір палаталы Мәжіліс болып қайта құрылуы тиіс. Мәжіліс Үкімет құрамын тағайындайтын құзыретке ие болсын. Сондықтан да Парламентті таратып, жаңа саулау жариялануы керек.

  • Азаматтардың конституциялық құқықтарына қатысты арыздарды алуға құқылы Конституциялық сот құрылсын.

  • Сайлау туралы заңдарға өзгерістер енгізу. Адал және әділ сайлау өткізуге заңнамалық кепілдік беру.

  • Саяси плюрализмді қамтамасыз ету мақсатында саяси партиялардың тіркелу мүмкіндіктерін жеңілдету.

  • Шерулер мен митингілерді кез келген ашық қоғамдық орында, тек ескерту арқылы ғана өткізу құқығын беру.

әуелсіз Қазақстанға төнген түрлі дағдарыстар мен қауіп-қатерлерге тек шынайы демократия тосқауыл қоя алады!

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Төралқасы

21 қаңтар 2022 жыл.