Жаңалықтар

Поделиться

Қазақстан 30 жылдық тәуелсіз дамудан кейін ел дамуын тежейтін бірқатар жүйелі мәселелерге тап болып отыр.

Жемқорлық мемлекетті басқару жүйесінің тиімсіз жұмыс істеуіне әкеп соқтырды.

Ел экономикасы халықтың мұң-мұқтажына мән бермейтін олигархтар не квазимемлекеттік компаниялардың қолында.

Экономиканы әртараптандыруға қаншама күш салынып жатқанымен, шикізатқа қатысты тәуелділік әлі де сақталып келеді. Оған қоса, біз келер ұрпақ игілігі – Ұлттық қордың қаражатын бюджетті толықтыруға және әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға жұмсауға мәжбүрміз.

Қатардағы қазақстандықтар жыл өткен сайын кедейлене түсуде. Халықтың қалтасын о баста пандемия жұқартса, бүгінгі күні елімізге посткеңестік елдердің бірқатарында орын алып жатқан қақтығыстар ықпал етуде – біз мұндай сыртқы сын-тегеурінге дайын болмай қалдық. Азық-түлік бағасының ұдайы өсуі қалыпты жағдайға айналды. Қарапайым халықтың несиеге деген тәуелділігі күн санап күшейіп барады. Еліміздің қазба байлығын тонап біткен олигархат енді қарапайым халықтың қалтасына жармасты.

Мүшкіл хәлге ұшыраған халықты құтқаруы тиіс әлеуметтік инфрақұрылымның жағдайы да мәз емес.

Ауруханалардағы төсек-орын жеткіліксіздігі пандемия кезінде өлім-жітім көрсеткішін еселеп жіберді. Мектептегі орын тапшылығы өскелең ұрпақтың жарқын болашаққа деген үмітін үзуде. Сапалы білім ала алмаған жастарымыз бәсекеге қабілетсіз болып, сәйкесінше жоғары деңгейде өмір сүре алмайды.

Халқымыз бұл қиын жағдайдан социал-демократия идеясы көмегімен ғана шыға алады деген сенімдеміз.

Біз әлеуметтік тәртіптің түбегейлі қарастырылуына мұқтажбыз.

Бүгінде біз қоғам, бизнес және мемлекетті тепе-теңдік жағдайына қайтаруымыз керек: бұл дегеніміз – азаматтардың қайта пайда табуы, бизнестің олигархат не мемлекеттің қудалауы мен қысымынан қорықпай, адал жұмыс істеп, салық төлеуі. Ірі компаниялардың өз табысы мен мөлшеріне жауапты болуы. Мемлекеттің өз халқы алдында есеп беріп, санасуы.

Біздің ұранымыз – «Еркіндік. Әділдік. Ынтымақ!». Біз әр шешімі азаматтарымыздың игіліне жұмыс істеп, пайдасына асырылатын әлеуметтік-жауапты тәртіпті орната алатынымызға сенеміз.

* * *

Саяси реформалар және сыбайлас жемқорлықпен күрес

Жемқорлық мемлекетті күйретеді, адамдар арасындағы сенімділікті азайтады, институттарға деген сенімді жояды. Парақорлықпен күрес кезінде, әсіресе саяси деңгейде, батыл шаралар қолданылмаса, Қазақстан тұрақты даму жолына түсе алмайды деп есептейміз.

Мемлекет пен экономиканы әділ басқаруды қалыптастыру үшін, ең алдымен, саяси жүйемізді өзгертуге тиіспіз.

Биліктің шоғырлануына жол бермес үшін басқару формасына қарай Қазақстан президенттіктен парламенттік-президенттік республикаға айналады.

● Президент жоғары билік монополисі болуын доғарады және халықаралық жоғары өкілдік қызметтерін атқарып, билік органдары арасындағы теңгерімді қамтамасыз етіп, мемлекет қауіпсіздігіне жауап беріп отырады.

● Сенат таратылады, ал Мәжіліс заң шығаратын жалғыз билік органы болып қалады. Пікірдің бәрін ескеруіміз үшін депутаттар саны арттырылады.

● Үкіметті құру құқығы Мәжіліске беріледі. Президент жай ғана министрлер кабинетінің құрамын бекітеді.

● Мәжіліс құрамының 50%-ы партия тізімі бойынша, ал қалған 50%-ы бір мандаттық округтардан құрылады.

● Жемқорлықтың ең басты тосқауылы ретінде халықтық парламенттік бақылау жасақталады.

Біз басқару формасын реформалаумен қатар сыбайлас жемқорлық жүйесімен қарқынды күрес жұмыстарын жүргізетін боламыз.

Орталық және жергілікті атқару органдарында барлық деңгейдегі депутаттар мен шенеуніктердің кіріс-шығысы туралы міндетті жария декларация шұғыл түрде енгізіледі. Негізсіз баюға қарсы қылмыстық бап енгізіледі – бұл жемқорлармен нәтижелі күрестің жалғыз қаруы.

● Бюджет процедуралары жетілдіріледі. Әр елді-мекенде өзіне тиесілі ашық бюджет жасақталып, нақты уақыт режимінде онлайн түрінде мемлекет ақшасының қалай және қайда жұмсалып жатқандығы ашық көрсетіліп отырады.

● Біз БАҚ-қа қолдау көрсетеміз – алдағы уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеу жұмыстары басты журналистік жанрға айналуы тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдарының барлық қызметкерлері парламенттің қорғауында болады, азаматтық қоғам мен депутаттар арасында үздіксіз диалог орнатылады.

● Жемқорлық қылмыс жасағаны үшін мерзімінен бұрын босату құқығынсыз барынша ұзақ мерзімге жазаланатын болады.

* * *

Олигархиялық капитализмнің орнына халықтық экономика

Қазақстанда бай әрі табысты болудың мызғымас шарттары ешкімге жасырын емес – сенің иелігіңде не банк, не пайдалы қазба орны болуы керек. Мұндай игіліктерді биліктегілерге – шенеуніктерге, олардың туыстарына не достарына бір табан жақын болсаң иеленесің.

Корпоративтік, олигархиялық экономика мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Оны басқаратындар балама, қайта өңдеу секторларының дамуына, кәсіпорын қожаларының мықты табының қалыптасуына қызығушылық танытпайды. Санаулылардың пайдаға кенеліп, миллиондаған адамның кедей күн кешуі – нағыз жұтау.

● Біз егжей-тегжейлі тексеру жүргізіп, ұрланып, оффшорға жасырылғанның бәрін елімізге қайтаруға міндеттіміз. Жобамен есептегеннің өзінде Ұлттық қорымыздың үшеуіне тең келетін әлеует шет елде жатқаны мәлім. Бұл азаматтарымыздың ақшаға шаққандағы болашағы.

● Олигархтар ел экономикасының тірегі болуын тоқтатады. Біз 90-шы жылдардағы жекешелендіруден мол пайдаға кенелген ірі бизнесмендерді IPO өткізіп, орта кәсіпкерлерге активтерін бөліп беруін талап етеміз, олар болса экономикамыздың жаңа буынына айналады. Банкротқа ұшыраса, экономикаға зияны тиіп кететін компаниялар бізге қажет емес.

● Стратегиялық қор мен жер қойнауын бақылау үшін табиғи қазбаларды өндіру және экспорттау мен айналысатын салаларды бірте-бірте мемлекеттендіруге байқау жарияланады. Ұлттық өңдеуші өнеркәсіпке басымдық беріледі.

● Салық саясатын толықтай қайта қарастыруымыз керек. Нарықта ауқымды үлесті иеленіп отырған компаниялар мен конгломераттар ел бюджетіне айтарлықтай көп төлем енгізуге міндеттеледі, осылайша үкіметтік әлеуметтік бағдарламалар қаржыландырылады. Біз олардың есебінен мемлекет қарызын азайтып, Ұлттық қордан ақша жұмсағанды қоюымыз керек.

● «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ монополистік құрылымының орнына мемлекеттік салалық бірнеше холдинг құрылатын болады. Олардың құрамына кіретін мемлекет қатысатын компаниялар барынша ашық жұмыс істейді – азаматтық қоғам мүшелерінің қатысуымен, Парламентпен жасақталатын бақылаушы кеңестер тарапынан жіті бақыланады.

● Біз монополияға қарсы сенімді тосқауыл орнатамыз. Рационалды көлемнен асып түскен кез келген компания Парламенттің назарына ілініп, министрліктегі шенеуніктердің ғана емес, халық алдында есеп береді.

* * *

Дамуға бағдарланған әлеуметтік саясат

Қазіргі кезде мемлекеттің әлеуметтік саясаты қазақстандықтарды айтарлықтай деградацияға ұшыратқанын мойындауға мәжбүрміз. Балалар сапалы білім, ересектер лайықты медициналық қызметті алып жатқан жоқ. Жемқорлар және білім мен біліктен жұрдай менеджерлер балаларымыздың болашағын, аға-буынның уақытын ұрлады. Қазақстандықтардың өмір сұру ұзақтығы қысқарып барады, басқа елдер емін тауып жеңген ауру-індеттер біздің ер-әйелдерімізді қырып жатыр.

Адам – біздің саясатымыздың басты назарында. Біз түрлі деңгейдегі әлеуметтік қолдаудың желісін құруға ниеттіміз. Біздің әлеуметтік саясатымыз адамдардың табысын арттырып, дәулетті таптарға көтерілуіне көмектесіп, күтпеген жағдайлар туындаған кезде кедейлікке түсірмеумен айқындалады.

Біз қазақстандықтардың өмір сапасының Стандартын енгіземіз. Ондаадамның дұрыс тамақтануы, киім, дәрі-дәрмек, коммуналдық қызметтер, ақпарат, демалысқа қатысты қажеттіліктері ескеріледі. Зерттеу барысында анықталған азаматтардың әрбір жеке тобы үшін негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша арнайы бағдарламалар әзірленетін болады.

● Медицина және білім беру саласы бюджеттен қаржыландырылады. Әр салаға жылына ЖІӨ-нің ең кемі 5-7%-ы бөлінуі керек. Мұндай шара инфрақұрылым, жабдықты кезең-кезеңмен жаңартып отыруға, дәрігерлер мен мұғалімдер еңбекақысының банк қызметкерлері деңгейіне дейін көтеруге мүмкіндік береді. Бұл мамандар біздің экономикамыздағы адами капиталдың сапасына жауап береді. Дәрігерлер мен мұғалімдерге басты назар аударылатын болады, әрі қоғамның басымдыққа ие бөлігіне айналады.

● Біз кім, қандай коммерциялық пайда көргісі келетініне қарамастан, азаматтарға қажет мектеп пен ауруханалар санын салатын боламыз. Бұл дәл қазір қажет саналатын ұзақ мерзімді инвестиция.

● Біз тұрғын үй бағдарламаларын толықтай қайта қарастырамыз. Қазіргі кезде бағдарламалар құрылыс салушылардың мүддесіне әрі қалтасына жұмыс істеуде. Бұл жағдай тұрғын үйдің қымбаттауы мен әр бос телімге үй салу ниетіне соқтырып жатыр. Қолжетімді ипотекаларды субсидиялау жалғастырылады, бірақ шарты өзгереді: жергілікті бюджеттер көмегімен әрі жергілікті мәслихаттың қадағалауымен іске асырылады.

● Қауіпсіздік жүйесі жаңа стандарттар бойынша жұмыс істейтін болады: полиция қызметі толығымен реформаланып, бұдан былай қылмыстың алдын алу үшін жұмыс істейтін болады. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықты жоямыз, ұсақ есірткі курьерлерін қуалауды доғарып, ірі есірткі сатушылардыаңдып, ізін кесеміз, полиция кадрларын жаңартамыз.

* * *

Халықаралық саясат

Соңғы жылдары еліміздің халықаралық қатынастары ішкі саясатпен қатар өзекті болып отыр. Соғыстар мен қақтығыстар біздің Еуразияда ынтымақтастық туралы ойымызды толығымен өзгертті. Азаматтарымыз сыртқы жағдай салдарынан зардап шекпеуі керек.

Қазақстан агрессивті әскери блоктарға қатыспайтын, қолдамайтын мемлекет ретінде берік позициясын сақтауы керек. Ядролық қарусыздану мен демилитаризацияға ықпал ететін, халықаралық терроризм мен есірткі трафигіне қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыратын, қарудың заңсыз саудасы мен заңсыз көші-қонға бақылауды қамтамасыз ететін бағдарламаларды әзірлеуді және қолдауды жақтауға тиіс.

Біз еліміздің интеграциялық процестерге қатысуын қайта қарауға және басқа мемлекеттер біздің есебінен байып, адал емес бәсекелестікте үкіметімізге зиян келтіруге тырысқан жағдайда қатаң ойын ережелерін орнатуға ниеттіміз. Біздің позициямыз – стратегиялық салалардағы қалыпты протекционизмді ұстану.

Қазақстан әлемдің процестің бейтарап қатысушысы болып қала береді. Бізде әлемдік гегемония құру және мықты держава болу деген мақсат жоқ. Бұл қымбатқа түсетін шаруа әрі прагматикалық Қазақстан үшін кері әсерін тигізетін процесс.

Социал-демократия бағыты Қазақстанға елде тәртіп орнату және мемлекеттің назарын халыққа аударту үшін қажет. Қатардағы қазақстандықтар қайғы-қасірет, қиындықтан қорғалуы керек, әсіресе бұл жағдайға өздері емес, олигархтар мен шетелдік саясаткерлер кінәлі болса.

Біз ынтымақтастық, әділеттілік және еркіндік арқылы қайшылықтар мен жүйелі мәселелерді жеңе аламыз дегенсенімдеміз.

* * *

Халық билігі мен еркін қоғам үшін!

Астаналық филиал

site Астана қ., Шевченко к-сі 10/1, 203-кеңсе

site+7 701 653-24-37

siteastana@osdp.kz


Аймақтардағы филиалдар

Байланыс

Астана қ-сы, Т. Шевченко көшесі 10/1, 203-кеңсе

Жаңалықтармен таныс
болыңыздар

Сделано в IMA - создание и продвижение сайтов