Абай даласындағы әкімшілік кедергілер: фермерлер дауысы

Абай облысы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде, әсіресе егін шаруашылығы мен азық-түлік өндірісі бағытында маңызды орынға ие. Алайда, бұл салада да шешімін таппай жатқан түйткілдер бар. Соның бірі – мемлекеттік бюрократия мен әкімшілік кедергілер. Бұл мәселелер әсіресе фермерлер қауымын тығырыққа тіреуде.

Жағдайды нақты зерделеу үшін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) Абай облыстық филиалының төрағасы Рүстем Сарманов бастаған делегация Бородулиха ауданына арнайы іссапармен барып, өңірдегі бірқатар шаруа қожалықтарының өкілдерімен кездесті. Аталған аудан – облыстағы егін шаруашылығының үштен бірін қамтып отырған ірі ауылшаруашылық аймақ.

Кездесу барысында фермерлер өз мәселелерін ашық айтып, жүйелі шешімдер қажеттігін жеткізді. ШҚ «НАТАЛИ» басшысы Кривнев Александр:

«Шаруа қожалығын қолдаудың негізгі түрлерінің бірі – мемлекеттік субсидиялар. Алайда олар біз секілді фермерлерге шын мәнінде көмек көрсету үшін емес, нақты мәселелерден назарды бұру үшін сияқты. Оның үстіне, жыл сайын субсидиялау шарттары өзгеріп отырады, 2025 жылға арналған қаржыландыру әлі кешіктірілуде. Техника бағасы да аспандап кетті. Ал есеп беру талаптары мен тексерулер шаруа жұмысын күрделендіріп, күйзеліске түсіреді», – деп атап өтті.

ЖСДП белсенділері фермерлердің ұсыныс-шағымдарын тыңдап, проблемаларды шешуге бағытталған бірқатар ұсыныстарын ортаға салды:

– Өтінім беру, жерді тіркеу және субсидия алу үрдістерін жеңілдету үшін заманауи электронды платформаларды енгізу қажет. Бұл фермер мен мемлекет арасындағы қатынасты ашық әрі жылдам етеді.

– Агронавигациялық кеңес беретін орталықтар құру – фермерлердің құқықтық және ақпараттық сауаттылығын арттырады. Мемлекеттік бағдарламалар жөнінде кәсіби кеңес беру – олардың жұмысын жеңілдетуге сеп болмақ.

– Есеп беру нысандарын оңтайландыру, стандарттау және бақылаушы органдар тарапынан болатын жоспардан тыс тексерулерді қысқарту қажет. Бұл – ауыл еңбеккерлерінің тұрақты әрі сенімді жұмыс істеуіне жол ашады.

Қорыта айтқанда, егер бюрократиялық кедергілер жойылмаса, Абай өңірінің аграрлық әлеуеті толық іске аспай қалады. Мемлекет фермер үшін бөгет емес, серіктеске айналуы тиіс. Еңбек адамының үні естілетін, жұмысы қолдауға ие болатын жүйе ғана ауыл шаруашылығын дамыта алады.

ЖСДП Абай облыстық филиалының баспасөз қызметі