2026 жылғы 5 қаңтар күні Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Наурыз Сайлаубай экология саласы бойынша қоғам белсенділерімен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Алматы қаласындағы атмосфералық ауаның ластануы, атап айтқанда улы түтін мен тұман мәселесін көтерді. Жағдайды көзбен көріп, нақты бағалау үшін ЖСДП фракциясының мүшесі Көк-Төбенің биігіне көтерілді. Төбеден төменге көз салған белсенділер жағдайдың қаншалықты күрделі екенін Наурыз Саятұлына ашық әрі шынайы мысалдар келтіре отырып түсіндірді. Ашық диалог барысында бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 нысандарын газға көшіру, көлік кептелістерін азайту және тұрғындарды қоғамдық көлікке кезең-кезеңімен көшіру экологиялық жағдайды оңалтуға ықпал ету керектігі айтылды. Белсенді топ өкілдері мен тәуелсіз экологтар бұл жобаларды жедел қолға алу қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар жеке үйлерде қоқыс пен сапасыз көмірдің жағылуы да ауа сапасының нашарлауына елеулі әсер етіп отырғаны атап өтілді. Жалпы алғанда, улы түтін мәселесі кешенді сипатқа ие және ол қала тұрғындарының денсаулығына тікелей кері әсерін тигізуде. Белсенділердің айтуынша, соңғы кездері тұрғындар арасында жиі анықталып жатқан бронхтық астма, аллергиялық және онкологиялық аурулардың көбеюі қала ауасының ластануымен тікелей байланысты. Қатысушылар бұл мәселеге қатысты жедел шаралар қабылдау қажеттігін талап етті. Кездесу қорытындысы бойынша Экология министрлігіне, Көлік министрлігіне және Денсаулық сақтау министрлігіне ресми түрде жүгіну жөнінде ұсыныс енгізілді. Сондай-ақ экологиялық қауымдастық тарапынан атмосфералық ауаны қорғау мәселелері бойынша бақылау, мониторинг пен ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін мамандандырылған комиссия құру бастамасы көтерілді. Көтерілген мәселе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына жолданып, азаматтардың денсаулығын қорғауға және Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жүйелі әрі тиімді шешімдер әзірлеу көзделді.
Тұрғындармен кездесу
Экологиялық белсенді топпен кездесуден кейін депутат Наурыз Саятұлы қаладағы «Алтын Бұлақ», «Кәусар» және «Манхэттен» тұрғын үй кешендерінің тұрғындарымен кездесті. Ашық диалог барысында тұрғындар өз үйлерінің техникалық паспорттарының көшірмелерін ала алмауы және жүргізілген төлемдердің ашық еместігі мәселесін көтерді. Сондай-ақ шарттық міндеттемелердің орындалуының созбалаңға салыну жағдайлары жиілеп кеткенін айтып, көкейдегі сауалдарын ортаға салды.**
Тұрғындардың айтуынша, айтылған мәселелер бойынша бұған дейін де бірнеше рет мемлекеттік органдарға жүгінген. Алайда олардың өтініштері бірқатар инстанцияларға, соның ішінде Қаржы министрлігіне жолданғанымен, түпкілікті шешім қабылданбаған. Көтерілген тағы бір мәселе пәтер саудасына қатысты болды. Атап айтқанда, пәтер ақысын толық төлеп, баспанасын толық сатып алған тұрғындар қажетті құжаттардың болмауына байланысты ұзақ уақыт бойы өз үйлерін сату немесе сатып алу кезінде үлкен қиындықтарға тап болып отырғандарын жеткізді. Қалыптасқан жағдайдың нақты себептері толық анықталмағанын айтқан Наурыз Саятұлы бұл мәселені жан-жақты тексеру қажеттігін атап өтті. «Мәселеге атүсті қарамай, жағдайды толық тексеру қажет. Қосымша зерделеу барысында құқықбұзушылықтар да анықталуы мүмкін», – деді ЖСДП фракциясының мүшесі. Кездесу қорытындысы бойынша Қаржы министрлігіне ресми түрде жүгіну, сондай-ақ тұрғындарға қажетті құжаттарды уақытылы бермей отырған құрылыс салушы ұйымға тиісті сұрау жолдау қажеттігі белгіленді. Көтерілген мәселе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына жолданып, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған жүйелі шешімдер әзірлеу жоспарланды.
ЖСДП баспасөз қызметі