Еліміздің ауыл шаруашылығы — экономиканың негізгі тіректерінің бірі болғанымен, бұл салада шешілмеген мәселелер аз емес. Әсіресе, ауыл тұрғындарының күнкөріс көзі саналатын өсімдік шаруашылығында түйткілдер жетерлік. Соның ішінде стратегиялық маңызы зор қант қызылшасы бүгінде көптеген шаруа үшін үміттен гөрі, уайымға айналған. Жемісін уақытында өткізе алмау, зауыттардың шикізатты қабылдаудан бас тартуы, төлемдердің кешігуі – осындай келеңсіздіктер дихандарды тығырыққа тіреуде.
Осы мәселелерді нақтылап, шешу жолдарын қарастыру мақсатында 2025 жылғы 18 шілде күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалы Меркі ауданына арнайы барып, қант қызылшасымен айналысатын шаруалармен ашық кездесу өткізді. Оған өңірдегі шаруа қожалықтары, дихандар мен фермерлер қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – өнім өткізу, баға әділетсіздігі, делдалдардың ықпалы, субсидиялардың уақытында берілмеуі сияқты мәселелерді талқылап, партия арқылы жауапты органдарға нақты ұсыныстар жолдау жолдарын қарастыру болды.
Ауыл еңбеккерлері кездесуде өз уайымдарын бүкпесіз жеткізді. Олардың айтуынша, 2024 жылы егілген өнімнің едәуір бөлігі Меркі қант зауыты тарапынан қабылданбаған. Шамамен 200 мың тонна қызылша шіріп кеткен. Келісімшарт дер кезінде жасалмаған, ал қабылданған өнімге төлем күні бүгінге дейін төленбеген.
Зауыттың инфрақұрылымдық тозуы — шаруалар үшін үлкен кедергі. Дихандардың айтуынша, зауыт жабдықтары ескірген, жиі істен шығады, жөндеу жұмыстары уақытылы жүргізілмейді. Салдарынан өнім дер кезінде қабылданбай, шіріп кетеді.
Шаруалардың сөзінше, кей кездері зауыт өнімді мүлде қабылдамай, дайын қызылшаны кері қайтарады немесе ұзақ күту салдарынан өнім жарамсыз болып, шығынға ұшырайды. Жаңғырту жүргізілмейінше, бұл салада тұрақтылық күту қиын.
«Қант қызылшасы – еңбек пен шығынды көп қажет ететін дақыл. Ал біз еңбегіміздің өтеуін көрмей отырмыз. Егіс, су, жанармай, бәріне қарызға кіріп істейміз. Соңында зауыт қабылдамай қойса, шығын кімнен өнеді?» – дейді «Нұр Қадам» КХ басшысы Арнұр Сулейманов.
Бұл пікір — ауыл шаруашылығындағы шындықтың көрінісі. Еңбегі бағаланбаған диқан жігерсізденеді, жастар ауылдан кетуге мәжбүр болады. Ауыл тіршілігі тоқырамауы үшін бұл мәселеге мемлекет те, қоғам да бейжай қарамауы тиіс.
Саланың тағы бір үлкен проблемасы — су тапшылығы. Меркі дамбасы шаруаларды сенімді сумен қамтуы керек болатын. Алайда тұрғындардың айтуынша, дамба техникалық талаптарға сай салынбаған, жуырда су кету дерегі тіркелген. Бұл – дамбаның сапасына күмән тудырып отыр.
«Меркі дамбасының құрылысы туралы көп естідік, бірақ өкінішке қарай, оның сапасы мен тиімділігі көңіл көншітпейді. Сонымен қатар, дамбаның жанында орналасқан биотермиялық шұңқырдан судың ластануы да алаңдатады. Егер су сапасы жақсартылмаса, келешекте өнім сапасы мен көлемі тағы төмендейді. Сондықтан бұл мәселені жедел әрі сапалы шешу қажет деп ойлаймын» — дейді «Нұр П» КХ басшысы Біржан Пралиев.
Біржан мырзаның бұл пікірі орынды. Ауру малдардың өлекселерімен ластанған су топыраққа, жер асты сулы қабатына әсер етуі мүмкін. Бұл – тек ауыл шаруашылығына емес, қоршаған ортаға тікелей қауіп.
Кездесуді қорытындылай келе, ЖСДП Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Ержан Дауренбеков барлық ұсыныстар мен сын-ескертпелерді жинақтап, жауапты мемлекеттік органдарға жолдайтынын айтты. Партия үшін басты мақсат – халықтың дауысын билікке жеткізу.
Қорытындылай келгенде, бұл кездесуден кейін шаруалар белгілі бір деңгейде үміт отын жақты. Егер мемлекет тарапынан жүйелі шаралар қолға алынса, ауылдағы тұрақтылық пен өнімділік те артады. Шаруалар еңбегі бағаланатын, өнімін кедергісіз өткізетін күнге сеніммен қарайды.
ЖСДП Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі