Қараөткелдегі жер мәселесі ЖСДП депутатының назарында

Ауылдағы жайылым тапшылығы, карьерлер мен жерді пайдалану мәселесі: ЖСДП депутатты Қараөткел ауылдық округінде болып, ондағы түйткілдерді талқылады.

Ауыл шаруашылығын дамыту, жеке қосалқы шаруашылықтардың мүддесін қорғау, жайылымдық жерлердің тапшылығы және жер ресурстарын тиімді пайдалану – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Әсіресе ірі қалалардың маңындағы ауылдарда халық санының өсуі, жер телімдерінің жеке меншікке және шаруашылықтарға берілуі, карьерлердің көбеюі ауыл тұрғындарының мал жаю мүмкіндігін шектеп отыр. Осы мәселелерді жергілікті жерде зерделеу мақсатындаЖалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Құрылтайдағы депутаты Мақсұт Насибулов Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылдық округінде болып жергілікті тұрғындар мен аудан және ауыл әкімшілік өкілдерімен кездесті. Кездесудің басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстарын тыңдау, жергілікті биліктің ұстанымын білу және жер қатынастарына байланысты заңнамаға енгізілетін өзгерістерді нақты өмірлік жағдайлармен ұштастыру болды. Жиында жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі, жеке қосалқы шаруашылықтардың жағдайы, бұрын мемлекетке қайтарылған жерлердің кейінгі тағдыры, карьерлердің жұмысы, бүлінген жерлерді қалпына келтіру және жасыл аймақтарға бөлінген аумақтарды пайдалану мәселелері кеңінен қозғалды.

Заңды кабинетте отырып емес, ауылдағы нақты жағдайды көре отырып қабылдау керек

ЖСДП депутаты партияның ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары мәселелеріне көп жылдан бері назар аударып келе жатқанын атап өтті.

«Партия он жылдан астам уақыт бойы жеке қосалқы шаруашылықтардың (ЖҚШ), пайшылардың, ауыл тұрғындарының жайылым тапшылығы мен мал бағу мәселелерін көтеріп келеді. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар Құрылтай қабырғасында жалғасу үстінде. Партия депутаттарымен бірлікте жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізуге арналған жұмыс топтарына белсенді қатысып келеміз. Біз осыдан екі ай бұрын өткен сайлаудың нәтижесінде Құрылтай депутаты атандық. Ауылдағы жеке қосалқы шаруашылықтардың, пайшылардың мәселесін көтеруді одан әрі де жалғастыра беретін боламыз. Сол себепті де Қараөткелге арнайы ат басын тіреп отырмын», – деді депутат.

Ол кездесудің тағы бір себебін түсіндірді. Бұған дейін осы ауылдың тұрғыны Дәулет партия мен Құрылтайға өтініш жолдап, мал жаюға арналған жердің жетіспеушілігін көтерген. Аталған мәселе Құрылтайда ұйымдастырылған жеке қосалқы шаруашылықтардың жер тапшылығына арналған дөңгелек үстелде де қозғалған болатын. Алайда уақыттың шектеулі болуына байланысты ауыл тұрғынының мәселесі толық талқыланбай қалған. Сондықтан депутаттар өтініш иесімен және жергілікті билік өкілдерімен тікелей кездесіп, жағдайды жан-жақты зерделеуді жөн көрген.

Он жылдан бері халықтың малын бағып жүрген Дәулеттің жанайқайы

Кездесуде алғашқылардың бірі болып сөз алған ауыл тұрғыны Дәулет он жылдан астам уақыт бойы ауыл халқының малын бағып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, соңғы жылдары жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі жағдайды қиындатып жіберген.

«Бұрын ауыл шетіндегі егістік жерлерге белгілі бір мерзімде мал жаюға пайдалануға мүмкіндік берілетін болған. Ал биыл жағдай өзгерген. Осы мәселені шешіп беріңіз деп, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылығына бірнеше рет хабарластым. Алайда жер босатылды деген жауап берілгенімен, іс жүзінде мал жаюға мүмкіндік болмай отыр. Қазір ауылдың мал жаюға арналған жері шамамен 160 гектар ғана. Оның сыртындағы жерлердің барлығы дерлік жеке адамдардың меншігінде. Менің міндетім – халықтың малын бағу. Бірақ мал басқа біреудің жеріне кіріп кетсе, бірден дау туындайды. Сондықтан малды бақылап, басқа жерге түсірмеуге тырысамыз. Енді ауылда жайылым болмаса, малды қайда бағамыз? Ауылдың малы ауылдың жанында жайылуы керек» – деді ол. Ауыл тұрғыны бұл мәселені аудандық және облыстық деңгейде бірнеше рет көтергендерін, тіпті Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен кездесулерде де айтқандарын жеткізді. Бірақ әзірге нақты шешім болмай отырғанына налыды. «Мен ешкімнің жеке меншігіндегі жерді заңсыз тартып алуды талап етіп отырған жоқпын. Өтінішім – ауыл маңындағы жерлерді халықтың мал жаюына пайдаланудың заңды жолдарын тауып берсе деймін», – деп шарасыздығын жасырмады малшы.

Мемлекетке қайтарылған жерлердің кейінгі тағдыры не болуда?

2019 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Жер аманаты» бағдарламасы аясында мемлекетке көптеген жер телімдері қайтарылды. Алайда бұл жұмыстың нәтижесін тек қайтарылған гектар санымен ғана шектеліп, арғы жағындағы жағдайға ешкімнің бас ауыртып жатпағанын байқап отырмыз. Біздің ойымызша, ең алдымен, жердің заңсыз берілуіне кім жауапты болғаны, оның қандай жағдайда қайтарылғаны және кейін кімнің пайдалануына берілгені анықталуы тиіс.

«Егер жер заңсыз берілген болса, онда оны кім заңсыз берді? Кім заңсыз алды? Неліктен осыған жол берген жауапты тұлғалардың мәселесі қаралмайды? Бұл – бірінші сұрақ. Екінші мәселе – қайтарылған жердің сапасы турасында болып тұр. Мысалы, кезінде жерге көпжылдық шөптер егілген болуы мүмкін. Ал мемлекетке қайтарылған кезде ол жер сор басып, деградацияға ұшырап, топырағының құнарлылығы төмендеп кетуі ықтимал. Ондай жағдайда жерді жай ғана қайтарып қою жеткіліксіз. Оны қалпына келтіру мәселесі де қарастырылуы керек», – деді депутат.

Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Жәнібек Толқынбекұлы мемлекетке қайтарылып жатқан жердер телімдері аудан бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдарына конкурс арқылы қайта ұсынылғанын жеткізді. Осы тұста депутат Мақсұт Насибулов біршама деректер айтты. Оның сөзінше, 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін республика көлемінде мемлекет меншігіне 13,5 миллион гектар жер қайтарылған. Оның 5,5 миллион гектары халықтың пайдалануына берілген, 8 миллион гектары ауыл шаруашылығы мақсатында екен. Егер мемлекетке қайтарылған жерлердің қайтадан конкурс арқылы шаруашылықтарға берілуіне жол берілсе, онда жерге мұқтаж ауыл тұрғындарының мүддесі қалай қорғалуы керек?,-деген сауалды көтеріп, бұл мәселе бойынша Құрылтайда арнайы депутаттық сауал жолданғанын айтты. Депутатқа берілген жауаптарда қайтарылған жерлердің кейінгі тағдырын шешу аудандық және облыстық әкімдіктердің құзыретіне жататыны айтылғанын жеткізді. Сондықтан депутат жергілікті биліктің нақты жоспарлары мен ұстанымын білудің маңызды екенін атап өтті.

Карьерлердің көбеюі – ауылдың жайылымдық жерлеріне төнген қауіп

Кездесуде ауылдардың маңында заңсыз карьерлердің көбеюі барысы турасында үлкен мәселе көтерілді. Қараөткел ауылының әкімі Дәурен Қайратұлының айтуынша, бұл мәселе тек бір елді мекенге ғана тән емес. Көршілес ауылдар мен Қаражар ауылдарында карьерлердің көбеюі салдарынан жер мәселесі күрделеніп отырған көрінеді.

«Ауыр жүк көліктерінің үздіксіз қозғалысы ауыл жолдарын бүлдіріп, тұрғындардың наразылығын туғызуда. Ал карьерлердің орналасуы мал жайылымына пайдалануға болатын аумақтарды қысқартып, жер қыртысын бүлдіріп отыр. Бұрын Қараөткел ауылдық округ аумағында карьерлердің ұзын саны 50-ден асып кеткен болатын. Қазір олардың саны шамамен 24-ке дейін азайған. Қалғандарының бірқатары заңсыз жұмыс істеген немесе лицензияларының мерзімі аяқталғандықтан жұмыстарын тоқтатып отыр. Оның сыртында жерден тас-топырақ алатындардың заңсыз жұмысымен Целиноград ауданының әкімдігі бел шешіп күресуінің арқасында көп заңсыздықтың жолын кесіп отыр», – дейді ауыл әкімі.**

Дегенмен карьерлер санының азаюы жер мәселесін түбегейлі шешпей тұрған көрінеді.

«Қазіргі уақытта төрт бірдей карьерлердің заңсыз әрекеттері бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл мәселеде ауыл әкімдігінің де, халықтың да ұстанымы бір. Біздің мақсатымыз – ауылдың айналасындағы жерлерді халықтың игілігіне, соның ішінде мал жаюға пайдалану. Қараөткел ауылының ақсақалдары да мал бағатын жердің жоқтығын айтып, ауданымызға талай келеді. Карьерлер жылдар бойы жұмыс істеп, жерді бүлдіріп жатыр. Бірақ олар жұмыстарын аяқталғаннан кейін жерді қалпына келтіру мәселесі күрделі күйде қалады. Бір сөзбен айтқанда жер қыртысы әбден бүлінген күйінде қалып қояды. Енді бұл өз алдына үлкен мәселе», – деді Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Жәнібек Толқынбекұлы.

Оның айтуынша, қазір кейбір карьерлерге қатысты сот процестері жүріп жатыр. Бірінші сатыдағы сотта ауыл жағы жеңіске жеткенімен, мәселе толық шешілген жоқ көрінеді.

Қоғамдық тыңдаулар мен жер бөлу кезінде заңдылық сақталуы тиіс

Аудан әкімдігінің Жер қатынастары бөлімінің басшысы Дәулет Мерекеұлы карьерлерге қатысты тағы бір күрделі жағдайды баяндады. Оның айтуынша, кейбір жер телімдерін пайдалануға беру кезінде тұрғындардың келісімі алынғаны туралы құжаттар барекенін айтты. Қазіргі таңда сол құжаттардың қалай рәсімделгені жөнінде күмән туындап отырған көрінеді. Мәселен, 2021 жылы пандемия жағдайында қоғамдық талқылаулар электронды жүйе арқылы өтіп, көп құжат заңсыз рәсімделіп кеткенге ұқсайды. Бұл жағдай 2025 жылғы мамырда құжаттар тиісті комиссияға ұсынылған кезде анықтала бастаған. Алайда қазір карьерлардің жұмысына қатаң шара қолдануға, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға қатысты заңнамалық нормалардағы кейбір тұстар кедергі келтіретін көрінеді. «Көп жағдайда кәсіпкерлердің мүддесі қорғалады. Бұған аудандык әкімшілік те нақта шара қолдана алмай отыр. Салдарынан қарапайым тұрғындардың мүддесін қорғау мәселесі күрделі күйінде қалып қоюда», – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Жасыл аймаққа деп бөлінген жерлер неге халықтың пайдалануына берілмейді?

Кездесуде жайылым тапшылығын азайтудың тағы бір ықтимал жолы ретінде бір кездері жасыл аймаққа деп бөлінген жерлерді пайдалану мәселесі де талқыланды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, елді мекендердің айналасында ағаш отырғызу, көшет өсіру және питомниктер ұйымдастыру үшін бөлінген жерлер бар. Бірақ олардың кейбірінде ағаш отырғызу жұмыстары осы күнге дейін мүлде жүргізілмеген. Кейбір аумақтарға тәжірибелік сынақтар жасалып, топырақтың ерекшелігіне байланысты көшеттер егіп өсіруге жарамсыз деп танылғанын айтты жиналғандар. Ең қызығы шығарылған қорытындыға қарамастан, бұл жерлер мал жаюға берілмей отырған көрінеді. Мәселенің мәнін білу мақсатында депутат ауыл әкімдігі өкілдерінен жасыл аймақтарға қатысты толық ақпаратты сұрап, тиісті шаралар қабылдау қажеттігін айтты. «Егер жасыл аймақ берілген жерлерде ағаш отырғызбаса, белгіленген мақсат орындалмаса, оның құқықтық мәртебесін қайта қарау керек. Қажет болған жағдайда, заң аясында мемлекетке қайтару мәселесін көтеру қажет. Осы жерлер туралы толық ақпарат беріңіздер. Біз соның негізінде мәселені көтеріп, тиісті органдарға депутаттық сауал жолдайтын боламыз», – деді депутат. Талқылау барысында мұндай мақсатты жерлердің кейбірі келесі бір шаруашылықтарға шөп шабу мақсатында берілгені де айтылды. Бұл ретте ауыл тұрғындары шөп дайындауға рұқсат болғанымен, мал жаюға неге мүмкіндік жоқ?,-деген сауалды ортаға тастады. Депутат жерді пайдалану жөніндегі келісімдер мен меморандумдардың мазмұнын да тексеру қажеттігін атап өтті. Егер жер белгілі бір мақсатта берілсе, оның іс жүзінде сол мақсатқа сай пайдаланылуы маңызды. Осылайша, жасыл аймақтардың нақты жағдайын зерттеп, олардың пайдаланылмай жатқан бөліктерін ауыл тұрғындарының қажеттілігіне беру мүмкіндігін заң тұрғысынан қарастыру қажеттігін ұсынылды.

Қорытынды Кездесу барысында көтерілген мәселелер бір-бірімен тығыз байланысты екені анық. Жайылым тапшылығы, карьерлердің көбеюі, жердің тозуы, жасыл аймақтарды пайдалану және мемлекетке қайтарылған жерлердің кейінгі тағдыры – мұның барлығы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етерін анық. Әсіресе Астана маңындағы ауылдар үшін бұл мәселенің маңызы ерекше. Қала агломерациясының кеңеюі, құрылыс пен өндірістік нысандардың көбеюі ауыл шаруашылығына қажетті жерлердің қысқаруына әкелмеуі тиіс. Ауыл тұрғындары үшін жайылым – жай ғана жер телімі емес. Ол – күнкөріс көзі, жеке қосалқы шаруашылықтың тірегі, мал өсіріп отырған отбасылардың экономикалық тұрақтылығы. ЖСДП депутаттарының бұл сапарының негізгі ұстанымы да осыған саяды. Ауыл тұрғындарының жерге деген сұранысы қағаз жүзінде ғана емес, нақты іс жүзінде шешімін тапқанда ғана ауыл шаруашылығының дамуына жол ашылады.

Бердібек Қабай