Маңғыстау өңірінде қоғамдық-саяси тақырыптарды ашық талқылауға бағытталған жаңа медиа алаң қалыптасып келеді. Солардың бірі - ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалының бастамасымен жүзеге асқан «Маңғыстау өңіріндегі депутаттардың шындығы» подкасты. Жоба аясында өңірлік мәслихат депутаттары өздерінің саяси ұстанымдары мен атқарылған жұмыстары туралы кеңінен әңгіме өрбітті.
Ашық сұхбатқа Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Риза Сүйіндік және Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты Өтеш Аманкелді келді. Ашық форматтағы сұхбат барысында өңірдегі өзекті мәселелер, бюджет игеру, саяси реформалар мен ұлттық даму бағыттары кеңінен қозғалды. Депутаттар өз сөздерінде, саясатқа келу - жеке мүддені көздеу емес, халық сөзін сөйлеп, олардың аманатынын жүзеге асыру екенін айтты. Бұл жөнінде Аманкелді Өтеш былай дейді.
«Өнер адамы ретінде елді әнмен ғана емес, іспен де қолдағым келді» - деп, қоғамдық қызметке келуінің басты себебін түсіндірді. 2022 жылдан бастап халық сеніміне сүйеніп сайлауға қатысуы - оның саяси жауапкершілікті саналы түрде қабылдағанын көрсетеді. Жаңаөзеннің топырағында өсіп-өнген азамат ретінде ол елге берген уәдесін нақты іске айналдыратын уақыт келгенін айтты. Партиялық жүйе, фракциялық тәртіп, партиядан шығу немесе ауысу мәселесі де ашық талқыланды. Депутаттардың айтуынша, партия, ортақ идея мен жауапкершілік алаңы. Егер ұстаным мен бағыт сәйкес келмесе, шешім ашық қабылдануы тиіс. Алайда кез келген әрекет халық сеніміне нұқсан келтірмеуі қажет. Бұл ретте Аманкелді Өтеш халық атынан сайланып, кейін «Ақ жол» партиясына өткенін айтты. Ал Риза Сүйіндік Қазақстан Халық партиясы атынан сайланып, кейін ұстаным сәйкессіздігі мен уақыт тапшылығына байланысты партия қатарынан шыққанын жеткізді. Қазіргі таңда ол партия құрамында емес.
Жаңаөзен: инфрақұрылым және халықпен кері байланыс
Жаңаөзен қаласындағы нақты атқарылған жұмыстар сөз болды. Жол мәселесі - қала тұрғындарын көптен толғандырып келе жатқан өзекті тақырыптардың бірі. Депутаттың айтуынша, әкімдікпен бірлесіп бірқатар көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда тұрғындармен байланыс тек дәстүрлі жиналыстар арқылы ғана емес, әлеуметтік желілер арқылы да жүзеге асады. Онлайн форматтағы тікелей эфирлер, ашық кездесулер, жедел кері байланыс - қазіргі жұмыс тәсілінің бір бөлігіне айналған. Дегенмен, кейбір мәселелердің бірден шешілмеуі мемлекеттік рәсімдер мен бюджет шектеулеріне байланысты екені де айтылды. Аманкелді Жақау кей жағдайларда белсенді жұмыс стилі әріптестер арасында түсінбеушілік тудыруы мүмкін екенін де жасырмады. Оның айтуынша, мәселе туындаса, ол сол жерге өзі барып, тұрғындармен тікелей кездесуді жөн көреді. Алайда кейбір әріптестер «депутаттық этика» аясында ескертулер жасаған. Бұл - әр депутаттың жұмыс тәсілі әртүрлі екенін көрсетеді.
Ақтау: лифт, ойын алаңы және аула инфрақұрылымы
Сонымен бірге сұхбат барысында Ақтау қаласындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері көтерілді. Қалада 25 жылдан астам уақыт пайдаланылып келе жатқан 26 лифт бар. Бұл қауіпсіздік пен тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін мәселе. Риза Сүйіндіктың айтуынша, жоспарға сәйкес 2030 жылға дейін барлық тозығы жеткен лифттер кезең-кезеңімен жаңартылмақ. Алғашқы кезеңде 3-4 лифт ауыстыру қарастырылған. Бұл жұмыстар тұрғындардың келісімімен және тиісті басқармалар шешімі негізінде жүзеге асады. Сонымен қатар, қала аумағында 50 футбол алаңын жаңғырту жобасы қолға алынған. Балалар ойын алаңдарын орнату және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, инфрақұрылымды салумен қатар, оны күтіп ұстау мәдениетін қалыптастыру да маңызды екені айтылды. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы мәселесі де кеңінен қозғалды. Депутаттардың міндеті – құрылыс нысандарын аралап, сапасын бақылау, мердігер ұйымдардың жұмысын қадағалау. Мұнайлы ауданы бойынша «депутаттар нысандарға рұқсат береді» деген пікірге қатысты түсіндірме беріліп, депутаттың құзыреті - бақылау мен ұсыныс екенін атап өтті. Нысанды қабылдау кезінде формалды қол қою емес, нақты тексеріс жүргізу қажеттігі айтылды. Әрбір шешімнің артында халық алдындағы жауапкершілік тұрғаны ескертілді.
Саяси реформалар және Құрылтай
Қазақстан Республикасы Парламенті мен Мәжіліс депутаттарының жауапкершілігі ерекше атап өтілді. Заң қабылдау - тек рәсім емес, болашақ ұрпақ алдындағы аманат екені айтылды. Саннан сапа маңызды деген пікір де қозғалды. Егер депутаттар саны артып, жұмыс сапасы жақсарса – бұл да тиімді шешім болмақ. Конституцияға өзгеріс енгізу - стратегиялық әрі ұзақ мерзімді негізде жүзеге асуы тиіс.
Сонымен қатар тұрақтылық, инвестиция тарту, цифрландыру, туризмді дамыту мәселелері қозғалды. Экономикалық өсім үшін саяси тұрақтылықтың маңызы ерекше екені айтылды. Туризмді дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, цифрлық жүйелерді енгізу – өңірлік дамудың негізгі бағыттары ретінде қарастырылды. Ақтаудағы қоқыс мәселесі мысалға келтіріліп, сұрыптау және қайта өңдеу жүйесін жолға қою қажеттігі сөз болды. Жастар саясаты да назардан тыс қалмады. Мемлекеттік басқару жүйесінде жастарға мүмкіндік беру, оларды комиссиялар мен шешім қабылдау процестеріне тарту – ұзақ мерзімді дамудың кепілі екені айтылды. Бағдарлама барысында депутаттар тек сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Сәкен Мыңбаевпен ашық диалог алаңын ұсынғанына алғыс айтты.
Көпшілікпен бірдей болғым келмеді
Мен ЖСДП-ға Өз ұстанымыммен өзімді сынауға келдім – деді Сәкен Мыңбаев өз сөзінде. Бұл пікір партиялық қызметті жай формалдылық емес, азаматтық позиция ретінде қабылдайтынын аңғартты. «Маңғыстау өңіріндегі депутаттардың шындығы» - өңірдегі саяси мәдениеттің жаңа формат подкасты болды. Ашық пікір алмасу, сын мен ұсынысты қабылдау, халықпен тікелей байланыс - демократиялық қоғамның басты белгілері. ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалы өңірдегі кез келген мәселені ашық талқылауды, әділ саяси бәсекені және халық мүддесіне қызмет ететін сапалы өкілдікті қолдайды.
ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметі