Азық-түлік себетінде отандық өнімнің үлесі төмен

Бүгін, 25.06.2025 ж. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының депутаты Нұрлан Әуесбаев, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновке, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің импортын алмастыру тақырыбында депутаттық сауал жолдады.

Өз сауалында депутат еліміздегі азық-түлік бағасының қымбаттауымен қоса отандық өнімдердің үлесінің тым төмендеп кеткенін сынға алды.
«Бүгінде Қазақстан азық-түлік тауарлары бойынша бірнеше негізгі бағытта импортқа тәуелді елдердің қатарында. Бұл бағыттарға өндірісті дамыту үшін қазынадан миллиардтаған қаржы бөлінгені де рас. Соңғы жылдары кейбір өнімдер бойынша еліміздің баға көрсеткіштері айтарлықтай жағдайда төмендегені байқалады»,-деді ол. Сонымен қоса ЖСДП депутаты еліміздегі қант өндірісінің жолға қойылмай отырғаны жөнінде мәселе көтерді.
«Отандық қант өндірісінің ішкі нарықтағы үлесі біршама төмендеп кеткен. Бір сөзбен айтқанда бүгінде халық тұтынып отырған қанттың тең жарымынан астамы шетелден импортталуда екен. Осыдан біраз уақыт бұрын Үкімет шикізат базасын дамыту үшін қазынадан 495 миллиард теңге инвестиция бөлінетінін жариялады. Осылайша материалдық-техникалық ресурстарды субсидиялауға 168 миллиард теңге қарастырылды, оның ішінде қант зауыттарының негізгі және айналым қаражаттарын толықтыруға – 39,3 миллиард теңге бөлінген болатын. Бірақ осыншама мол қаржының қаншалықты тиімді жағдайда жұмыс істегені бізге беймәлім болып отыр»,- деді Нұрлан Әуесбаев.

Қант өнімінің үлесінен бөлек елде алма мен сүт өнімдерінің де отандық өндірістік үлесі уақыт өткен сайын азаю үстінде екенін айтқан Нұрлан Сатыбалдыұлы, алма өсіруді қолға алу керектігін меңзеді. «Отандық алма нарығында да жағыдай көңіл көншітпей отырғаны белгілі. Қазірдің өзінде дүкен сөрелері мен базарларда алма құны тым қымбаттап кеткенін байқап жүрміз. 2022 жылы алма өнімі жалпы ішкі нарықтың 73,7%-ын қамтамасыз еткен болса 2025 жылы 60 не 65%-ын ғана қанағаттандырған.
Дегенмен, базарлар мен дүкен сөрелерінен біз негізінен алма өнімінің тек шет елдік түрлерін көп байқап жүргеніміз салада бір олқылықтың барын аңғартады»,-деп басып айтты ЖСДП депутаты.

Еліміздегі азықтану саудасындағы отандық өнім үлесі кейбір тауарларда арта бастағанын да тілге тиек еткен депутат жұмысты жақсылап қолға алу керек деп отыр. «Әрине жүргізіліп жатқан баға саясатының оң нәтижесін де байқап отырмыз. Біздің зерделеуімізше өнімдердің үлесінің жоғарлауы шұжық өнімдері мен құс еті сынды негізгі тауарларда байқалған. Атап айтқанда Шұжықтар 56,4%-дан 63,8%-ға көтерілсе, құс еті 66,2%-дан 75,8%-ға өскен»,-деді.
«Шындап келгенде азық-түліктің бұл түрлері халық үшін маңызды себетте болатын негізгі өнім. Бұлайша халық тұтынатын негізгі өнімдер мен азық-түлік түрлеріне селсоқтық танытуға болмайтынын Үкімет пен тиісті құрылым басшылары жақсы түсінеді деп ойлаймыз»,-деген депутат ЖСДП фракциясы депутаттарының атынан төрт бірдей ұсыныс жасады.

ҰСЫНЫС

  1. Субсидиялар мен мемлекеттік қолдау тетіктерін толық цифрландыру қажет. Субсидия алған барлық шаруашылықтардың атауы, БСН (Бизнес сәйкестендіру нөмірі)-ін, қолдау сомасы мен түрі көрсетілуі тиіс. Бұл ақпарат ай сайын жарияланып отыруы керек.
  2. Мемлекеттік қаражатты мақсатсыз пайдаланғандарды жыл сайын арнайы «қара тізімге» енгізіп, оларды қайта қаржыландырудан шектеу қажет.
  3. ҮЕҰ мен журналистерді агроөнеркәсіптік кешенге (АӨК) қоғамдық бақылау жүргізуге тарту маңызды. Шағымдар мен тексерістерді жолдауға мүмкіндік беретін арнайы платформа құрылуы қажет. Ауыл шаруашылығы саласындағы журналистиканы дамыту, тергеу материалдары мен сараптамалық есептерді жариялап отыру маңызды.
  4. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің шекті бағаларын реттеу жүйесін ашық ету қажет. Қандай фермерге қанша көлемде мемлекеттік қолдау көрсетілгені, қай супермаркетке, қандай өнім жеткізілгені сынды мәліметтердің барлығы нақты бір базада ашық көрсетілуі тиіс,-деді Нұрлан Әуесбаев.

ЖСДП баспасөз қызметі