2025 жылдың 14 тамызы күні Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық көпбейінде балалар ауруханасына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова арнайы келіп, оңалту орталығының ахуалымен танысты
Аталмыш аурухана балалардың тірек қимыл-қозғалысын ерте жастан ретке келтірумен бейімдеу әрекеттерін қалыпқа келтіруге себепкер болатын өңірдегі бірден бір мекеме. Мәжіліс депутаты Ажар Бақытқызы бастаған ЖСДП өкілдерін мекеме басшысы Гүлжан Аманбекқызы қарсы алып, аурухананың барлық оңалту бөлмелерімен таныстырып шықты. Жағдайдың нәтижелі екеніне көз жеткізген халық қалаулысы, мұнда ем алу мақсатында келетін балаларға орынның жеткілікті болуы мен мекеменің қосымша мүмкіндіктері туралы сұрады. Өз сөзінде мекеме директоры Гүлжан Аманбекқызы мұндай мекеменің өңірде болғаны өте тиімді екенін айта келіп бар түйіткілдерге де тоқталды.
«Қазіргі таңда мекемеде 36 қызметкер толыққанды жұмыс жасап отыр. Мамандардың барлығы бірдей білікті деп айта аламын. Бірақ біздің аурухана өңірдегі бір ғана оңалту орталығы болғандықтан кезек күтіп тұрғандардың саны көп. Сол себепті бізге кейде жүктемеден тыс жұмыс істеуге тура келеді. Олай болатын себептің бірі, ауыр жағдайда келген балаларды дереу оңалту әрекеттерін жасау қажет болады. Тіпті кейде диагнозы ерте анықталған 5-6 айлық балаларға оңалту жұмыстарын ерте бастау қажеттігі анықталады. Дер кезінде әрекет бармасақ баланың денсаулығына орасан зиян келетіні белгілі. Сондықтан қолдан келгенше жұмыс жасап отырмыз. Тек біздің мүмкіндік шектеулі, кейде орын жеткіліксіз болып қалады»,-деді.
Ана мен бала, емдеу – шынықтыру залдары, массаж бөлмесі, тұзды бөлме, шунгитті кабинет, эрготерапевт кабинеті сынды бөлмелерді аралап, ем алып жатқан балалармен және олардың ата-аналарымен тікелей тілдескен ЖСДП депутаты олардан қызмет алуда кедергінің бар-жоғын сұрады.
«Біз осы мекемені арнайы таңдап келіп отырмыз. Себебі мұндағы мамандардың біліктілігі мен әр кабинеттегі заманауи құрылғылар шынымен баланы үлкен нәтижелерге жеткізуде. Әрине алғыс айтамыз. Бірақ менің баламның тірек қимылы қалыпқа келіп жатқынымен оның тілі мен ойлау қабілетінде де кемшілік бар. Енді осы жердегі ем аяқталған соқ баламды алып басқа қаладағы мекемеге тілі мен ойлау қабілетін оңалтуға барғалы отырмын. Бұл бізге ауыр тиетіні анық. Сондықтан барлық працедураларды бір жерден қабылдап, ем-домды бір жерде жасатсақ жақсы болар еді. Неге осы ауруханадан қосымша кабинаттер ашып толыққанды ем жүргізілмейді? Бұл менің ғана емес көп ананың арманы»,-деді ата-ананың бірі.
Шындығында бұл орынды сауал. Ата-анаға да балаға да қолайлы жағдай жасау мемлекеттік міндеті. Білуімізше бұл сауал бүгін ғана туындап отырған жоқ. Тіпті бұл туралы тиісті министрлік те хабардар.
«Біз қазіргі таңда мүмкіндігінше толық негізде жұмыс істеп келеміз. Жергілікті әкімшілік те жағдаймен толық таныс. Тіпті қажеттіліктің барын Денсаулық сақтау министрлігі де біліп отыр. Бірақ бізде өзіңіз көріп тұрғандай қосымша кабинеттер ашуға мүмкіндігіміз жоқ. Бұл мәселе алдағы 2026 жылы шешімін табатын болады. Министрлік пен әкімдікке арнайы хат та жолдағанбыз. Ол жақтан алдағы жылы қосымша «Түзету оңалту орталығы» салынатындығы туралы жауап алдық. Ол жерде ерекше қажеттіліктері бар, оның ішінде сөйлеу, оқу, психикалық және физикалық денсаулығы бұзылған балаларды дамыту және оңалту жұмыстары жүргізілетін болады»,- деді аталмыш мекеме директоры Гүлжан Аманбекқызы.
ЖСДП депутаты Ажар Сағандыққызы аталмыш мекеменің басшысынан қазіргі таңда балаларды күндізгі стационарға келеуі туралы білді. «Бәріміз білеміз қазір көп жағдайда азаматтар күндізгі стационарға келіп ем қабылдағанды дұрыс көреді. Неге мұнда балалар күдіз келіп ем қабылдап кешке үйге қайтуға мүмкіндігі жоқ болып отыр»?,-деп сұрады.
Мекеме қызметкерлерінің айтуынша қазір оңалту орталығынан күндізгі уақытта ем алуға байланысты бөлінетін қаражатты шектеп тастаған көрінеді. «Осы жылдан бастап қаражаттың шектелуіне байланысты біз күдізгі жағдайда балаларды қабылдай алмай қалдық. Ата-аналар жатып емделуді қаламайды. Әсіресе қала мен қала маңындағы аумақтан келетін балалар күнделікті келіп кетуді дұрыс санайды. Бірақ бізді мүмкіндік жоқ. Күндізгі оңалту қызметтерінің барлығын жергілікті емханаларға бағыттап тастады. Ал ол жақтағы жағдай белгілі. Сондықтан азаматтар балаларын бізге әкелуді қалап отыр. Тіпті талап етіп отыр»,-дейді мекеме басшысы. Одан бөлек Маңғыстау облыстық көпбейінде балалар ауруханасындағы тағы бір күрделі мәселе қажетті препараттар мен дәрі-дәрмекке деп мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттың төмендігі үлкен қолбайлау болып отыр. Мамандардың айтуынша бір ғана димедрол дәрісінің әр данасына деп 21 тг қарастырылған. Шын мәнінде мұндай баға қара базардың өзінде жоқ екені белгілі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ЖСДП фракциясының мүшесі Ажар Сағандыққызы алдағы уақытта аталмыш мәселелерді жіпке тізіп, тиісті құзырлы орындармен бірлесіп түйіткілдің түйінін тарқатуға байланысты жұмыстар жүргізуге уәде етті.
ЖСДП баспасөз қызметі